Педиатр Назерке Қожагелдиева "энергетиктер" сияқты кеселден жастарды қорғау стратегиялық маңызға ие екеніне нық сенімді. Әңгіме жекелеген медициналық жағдай туралы ғана емес, ертең елдің тізгінін ұстайтын тұтас ұрпақтың денсаулығы жайында болып отыр.
"Энергетикалық сусындарға әуестенгендіктен, Қазақстанда инфарктпен ауруханаға түсетін жастардың саны артып келеді. Бұрын бұл дертпен көбіне 60–70 жастағы азаматтар госпитализацияланатын болса, қазіргі кезде жүрек-қантамыр жүйесі аурулары күрт "жасарып" барады. Бірде "Магнумды" аралап жүріп, естігенімнен естен тана жаздадым. Анасы қызына алыстан айғайлап: "Доча, маған да, өзіңе де энергетик ала сал!" деді. Қыздың неше жаста екенін сұрадым, он бірде екен. Бұл сусындардың бала ағзасына улы екенін түсіндіре бастағанымда, ол қолын бір сілтеп: "Тётенька, успокойся, а?!" деп бір бағжаң ете қалып, кете барды", – дейді дәрігер.
Маманның мойындауынша, бұл оқиға қазіргі ахуалдың алаңдатарлық көрінісі. Салдары қаншалықты ауыр екенін түсінбейтін ата-аналардың өздері балаларын қауіпті сусындарға тәуелді етуді ынталандырып жүр. Осылайша, ересектердің құқықтық әрі медициналық сауатсыздығы мемлекеттің алдын алу шарасының нәтижесін жоққа шығарып қана қоймай, заңды айналып өтуге де жол ашады, сол арқылы кәмелетке толмағандардың денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда жас ұрпақтың денсаулығын қорғау мақсатында берген тапсырмасына сай, 2024 жылы ел Парламенті энергетикалық сусындардың айналысына "қатаң шектеу" енгізетін заң қабылдаған болатын.
Заң сонау 2024 жылғы 8 шілдеде өмірге жолдама алды, алайда тыйым сол бойы орындалмады. Жас ұрпақтың денсаулығынан сау-тамтық қалдырмайтын әлгі сусынсымақ балаларға ары қарай еркін сатылуда.
Бұл сорақылықты доғаратын шара қабылдау орнына депутаттар мен шенеуніктер жауапкершілікті бір-біріне лақтырумен болды. 2025 жылғы қарашада Мәжілістің бір топ депутаты Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығын айыптап, оларды жазалауды талап етіп, зілді депутаттық сауал жолдады.
Онда мәжілісмендер біріншіден, 2024 жылғы заңмен 21 жасқа толмаған жасөскіндерге энергетикалық сусындарды сатуға, сондай-ақ бұл тауарды қарапайым "алкогольсіз сусын" түрінде бүркемелеуге тыйым салынғанын еске салды.
Екіншіден, әрбір супер-гипермаркет, тіпті үйдегі шағын дүкен де энергетикалық сусындарды (ЭС) басқа сусындардан аулақ, бөлек сөреде жеке орналастыруға міндетті. Үшіншіден, ЭС өндірушілер өз өнімдерін таңбалауы (маркировка) шарт.
Мұның бірде бірі жүзеге аспады. Өйткені осы талаптарды бұзғаны үшін жаза қарастырылмаған екен. Жаза жоқ жерде заңды талаптың өзі жай ырым-жырымға айналатыны даусыз.
"Бұл ережелер 1,5 жыл бұрын қабылданған. Сол кезде салаға жауапты министрліктер бізге аталған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейтін нормалар басты заңмен бір мезгілде – 2025 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетінін уәде етіп, жария түрде кепілдік берген болатын. Іс жүзінде 1,5 жыл бойы жастарымыздың денсаулығын қорғауға бағытталған заң толыққанды жұмыс істей алмады. Энергетикалық сусындар әлі күнге кәдімгі сусындар қатарында сатылып жатыр. Тексеруші органдар заң бұзушыларды жазалай алмайды, себебі, жауапкершілікке тарту механизмі жоқ!", – деді мәжілісмендер.
Депутаттардың байламынша, мұндай қылмыстық салғырттық меморгандардың атқарушылық тәртібіне, жауапты тұлғалардың қызметіне лайықтылығына қатысты салмақты сұрақтар туғызады.
Мәжіліс депутаттары тіпті шенеуніктерді "нарық қатысушыларының мүдделерін ілгерілетіп, лобби жасап отыр" деп айыптады. Өйткені тыйымның барлығына қарамастан бұл өнімді сатушылар онысын балалар мен жастарға өткізіп, ары қарай ұланғайыр табыс табуда.
Осыған байланысты Мәжіліс Денсаулық сақтау министрлігінен энергетикалық сусындарға қатысты тыйым-шектеулерді бұзу үшін жауапкершілікті 2025 жылғы 1 қаңтарда енгізуді неге қамтамасыз етпегеніне түсініктеме талап етті. Бұған қоса, осы кемшілікке жол берген лауазымды тұлғаларды қатаң жазалауды талап етті.
Ал, Денсауминінің мәліметінше, бұл олқылыққа Мәжіліс депутаттарының өздері жол беріпті. Ендеше әлдекімді жазалау керек болса, депутаттар оны өз араларынан іздегені жөн сияқты.
Ведомство Мемлекет басшысының нұсқауы бойынша жұқпалы емес аурулардың алдын алу үшін 21 жасқа толмаған адамдарға ЭС сатуға тыйым салатын заң 2024 жылдың 8 шілдесінде қабылданып, 2025 жылдың 1 қаңтарында толыққанды күшіне мінгенін қаперге салды. Бірақ ол заңдағы талаптарды бұзғандарды жазалайтын норма болмады. Неге?
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұрынғы жылдары аталған заңның жобасын әзірлеу кезінде министрлік ондағы нормаларды бұзғаны үшін әкімшілік жаза енгізу мәселесін де мұқият пысықтағанын еске түсірді.
Соның ішінде қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, реттеушілік әсерді талдау (РӘТ) жүргізілді. Оған 2024 жылдың 10 шілдесінде Ұлттық экономика министрлігінен оң қорытынды алынды.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың 1 қазанында 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу бойынша РӘТ нәтижелері Үкімет жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралып, бекітілді.
Яғни, ЭС-ке қатысты жазаны енгізуге Үкімет 2024 жылы сақадай-сай болды. Онда неге енгізбеді? Министрдің мәлімдеуінше, бұған Мәжіліс қарсы болыпты.
Ақмарал Әлназарова қолданыстағы заңнама талабы бойынша жаңа әкімшілік жауапкершілікті енгізу үшін Парламент "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жеке заң қабылдауы қажет.
Бұл ретте Президенттің өзі айтқан соң энергетикалық сусындарға шектеу енгізетін заң жобасына депутаттардың өзі бастамашы болды. Әйтсе де, оның талаптарын бұзу үшін жаза енгізетін ілеспе заңды депутаттар жазбай қойыпты.
Бұл жөнсіздікті жою үшін ол жобаны Әділет министрлігі дайындап шықты. Бірақ министрлік жазған "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңында қайтадан ЭС үшін жауапкершілік болмай шықты. Тағы не болды? Депутаттар қарсы болыпты.
"Әділет министрлігі әзірлеген әкімшілік құқық бұзушылық туралы сол заңға Мемлекет басшысы 2025 жылдың 10 қаңтарында қол қойды. Бұл заң жобасын талқылау барысында Мәжілісте 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізетін түзетулер қаралды. Алайда заң жобасы бойынша жұмыс тобының 2024 жылдың 30 желтоқсанында өткен соңғы отырысында "құқықтық салада қолдану тәжірибесі жоқ" деген сылтаумен әлгі аталған түзету қолдау таппады. Осыған байланысты Мәжілістегі жұмыс тобының отырысында бұл түзетулер алынып тасталды", – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Министр депутаттардың өздері қабылдамай қойғандықтан, ол үшін Денсауминінің қызметкерлерін жазалауға негіз жоқ деп санайды.
"Министрлік өз құзыреті шегінде 21 жасқа толмаған адамдарға ЭС сатуға тыйым салуды нормативтік қамтамасыз етуге бағытталған барлық заңды шараларды жедел әрі уақытында қабылдады. Осыған байланысты тәртіптік жаза қолдануға негіз жоқ", – деді Әлназарова.
Мәжіліс пен министрлік жауапкершілікті бір-біріне допша тепкілеп, "сен салар да мен салар" деп, жағдайды тығырыққа тіреген. Осы кезде, екі жылға жуық уақыт ішінде энергетикалық сусындарға "қызып" алған қаншама баланы жедел жәрдем әкетті, жүрегі тоқтап қалғаны болған.
Бұл қатені Президент шешті. Қ.Тоқаев 2025 жылғы 17 қарашада "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" тағы бір заңға қол қойды. Жаңа заң қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 199-шы және 423-1-ші баптарына түзетулер енгізеді.
Осылайша, биылдан бастап, кәсіпкерлер ЭС сату туралы заңнама талаптарын бұзғаны және 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатқаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
Нақтылағанда, 199-шы бап бойынша энергетикалық сусындарды сату жөніндегі талаптарын бұзу үшін:
• жеке тұлғаларға – 15 АЕК (2026 жылы 64 875 теңге),
• шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК (129 750 теңге),
• орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК (216 250 теңге),
• ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 70 АЕК (302 750 теңге) айыппұл салуға соқтырады.
Осы бұзушылықты әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаса:
• жеке тұлғаларға – 20 АЕК (86 500 теңге),
• шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК (216 250 теңге),
• орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (432 500 теңге),
• ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 120 АЕК (519 000 теңге) айыппұл салуға алып келеді.
423-1-ші бапқа сәйкес, 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатқаны үшін:
• жеке тұлғаларға – 30 АЕК,
• шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК,
• орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК,
• ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (865 000 теңге) айыппұл салуға алып келеді.
Осы бұзушылықты әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасаса:
• жеке тұлғаларға – 60 АЕК,
• шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК,
• орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 160 АЕК,
• ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК (1 730 000 теңге) айыппұл салуға алып келеді.
2025 жылғы 17 қарашада Президент қол қойған заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң, яғни, 2026 жылғы 16 қаңтарда қолданысқа енгізілді және жоғарыда әңгіме болған олқылықтың орнын толтырды.