Жасыл энергетика дамып келеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5707

Бизнес өз ақшасымен жасыл энергетика нысандарын салып жатыр.

Жасыл энергетика дамып келеді

Жаңартылмалы энергия көздері саласы тәп-тәуір дамып келе жатқанға ұқсайды. Жеке бизнес қалтасынан ақша шығарып баламалы қуат көздерін дамытуда. Мәселен, 14 ақпанда Еуразиялық даму банкі мен "Хевел Қазақстан" ЖШС жалпы құны 56,2 млн еуроға қуаттылығы 90 МВт күн электр станциясын салуға келісті. Жоба құрылысы 2020 жылы басталмақ. 

Сонымен қатар, өткен айда тағы "Қазақинвест" ҰК мен Үндістанның NTPC Limited атты ірі энергетикалық конгломераты елімізде күн станциясын салу туралы меморандумға қол қойған.

Жалпы, энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың өзі 2019 жылы баламалы қуат көздерінің 16 нысаны қосылатынын айтып отыр. Ал өткен жылы осы салаға шамамен 100 млрд теңгелік инвестиция тартылыпты. 

Өткен жылы елде жаңартылмалы энергия көздерінен алынған энергия көлемі 1,3 млрд кВт/сағат болған. Ал алдыңғы жылы көрсеткіш 1,1 млрд кВт/сағатты құраған еді.

Жаңартылмалы энергия көздері нысандарының ішінде ең көп қуат өндіргені шағын ГЭС-тар. Олар былтыр өндірісті 24,4% көбейтіп 807,4 млн кВт/сағат энергия өндірсе, екінші орындағы жел электр станциялары өндірісі 18,6% артып 401,9 млн кВт/сағатқа жетіпті. Ал күн электр станцияларының өндірісі 24,5% ұлғайып 142,3 млн кВт/сағатты құрады. Биоэлектрстанцияларының өндірісі өз кезегінде 21,5 есе артып, 1,3 млн кВт/сағатқа жетті.

Осылайша былтыр жаңартылмалы энергия көздерінің өндірген энергиясы елдегі жалпы өндірілген энергияның 1,3 пайызын құрады. Айта кетейік, мемлекет басшысының бірнеше жыл бұрынғы 2050 стратегиясында Қазақстандағы жаңартылмалы энергия үлесі 2020 жылы жалпы энгергетиканың 3 пайызына, 2050 жылы 50 пайызға жетуге тиіс.

Өткен жылы жаңартылмалы энергия көздерінің көптеп салынғанынан бөлек экология саласына салынған инвестицияның да қарыштап артқан уақыты болды. Мәселен, биыл қаңтарда қоршаған ортаны қорғауға салынған инвестиция көлемі былтырғы қаңтармен салыстырғанда 90 есеге артып 29,4 млрд теңгеге жетті. Бұл тіпті былтырғы алғашқы алты айдағы көрсеткіштен де бір жарым есеге артық.

Әрине, салынған инвестицияның басым көпшілігі, нақтырақ айтсақ, 77,5 пайызы Атырау облысына тиесілі. Облыстағы 22,8 млрд теңгелік инвестиция негізінен мұнай компаниялары есебінен екені белгілі.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу