"Жасырын" кеткен 171 млн: АШМ құқық қорғау органдарына жүгіне ме?

4169

"Мемлекеттік сатып алу ережесін бұзды" деген айыппен астық институтының директоры қызметінен босатылды.

"Жасырын" кеткен 171 млн: АШМ құқық қорғау органдарына жүгіне ме?

Шілдеде Александр Бараев атындағы астық институтының директоры Нұрлан Серікпаевты мемлекеттік сатып алу рәсімін бұзды деген айыппен жұмыстан шығару туралы шешім қабылданды.

Бұл туралы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті директорлар кеңесінің онлайн-отырысының хаттамасында жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұзушылықты Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒББО) ішкі аудит қызметі анықтаған.

Аудит көрсеткендей, былтыр шілдеде Серікпаев негізсіз, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін сақтамай және жеткізушіні таңдамай, "АГРООПТРЕЙД" ЖШҚ-мен 400 мың доллар (171,4 млн теңге) сомасына 1 777 тонна көлемінде жемшөп бидайын сатып алу туралы шарт жасасқан. Бұл сатып алу институттың жылдық мемлекеттік сатып алу жоспарында қарастырылмаған, хаттамада көрсетілген.

Аударылған сома, институт активтерінің балансына қарағанда, айтарлықтай мол екені байқалады. Сондықтан бақылау кеңесімен келісу керек еді, іс жүзінде олар оқиғаны жасыруға тырысты, бұл жағдайда аграрлық университет басшылығы тарапынан тиісті бақылау болған жоқ. Нәтижесінде, Директорлар кеңесінің үш мүшесі Серікпаевтың өкілеттігін тоқтатуға дауыс берді.

Сонымен қатар институт бухгалтері Г.Э.Галканы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің бас бухгалтері Ғ.Ж.Нұрсейітованы жұмыстан шығарып, директорлар кеңесінің жеке шешімімен ЖОО басшысы Қайрат АЙТУҒАНОВҚА тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев ҰАҒБО мен ауыл шаруашылығы министрлігіне ақшалай қаражатты қайтару және кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Бараев атындағы институттың бұрынғы басшысы Кенже Абдуллаев 2018-2020 жылдары 190 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталып, 10 жылға сотталды.

Айта кету керек, Бараев институты 2020 жылдан бері С.Сейфуллин атындағы оқу орынына қарайды. Аграрлық университеттің директорлар кеңесі құрамында сенатор Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басшысы Дархан Балпанов, "Родина" агрофирмасының басшысы Иван Сауэр және "Атамекен-Агро" астық компаниясының топ-менеджері Кинталь Исламов бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу