"Жауап біреу – ақша жоқ!": Депутат Қаржы министрлігін құрылыс саласындағы шығындар үшін сынға алды

2505

Мемлекеттік органдар бюджеттік объектілердің құрылысына қажетті қаржы қарастырмай тендерлер жариялайды. Бұл тәсіл құрылысшыларды несие алуға, материалдар мен жалақыны үнемдеуге мәжбүр етеді. 

"Жауап біреу – ақша жоқ!": Депутат Қаржы министрлігін құрылыс саласындағы шығындар үшін сынға алды Фото: parlam.kz

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Лаззат Рамазанова ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерұлан Жамаубаевқа осы жөнінде депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, ҚР Сәулет қызметі туралы заң тапсырыс берушіні бюджеттік объектілердің құрылысына тендер жариялау кезінде қажетті қаржыландыру көздеріне ие болуға міндеттейді. Бұл ретте, Бюджет кодексіне сәйкес қаржыландыру мерзімдері ЖСҚ бойынша жұмыстарды орындау мерзімдеріне сәйкес келуге тиіс.

Алайда, іс жүзінде мемлекеттік органдар бұл талаптарды сақтамайды, соның салдарынан құрылыс компаниялары қаржыландырусыз қалады және шығынға ұшырайды.

"Мысалы, осы жылдың басында Астана қаласының Құрылыс басқармасы инженерлік желілерді салу бойынша жұмыстарға конкурс жариялады. Байқау бағасы – 1 млрд 111 млн теңге. Іске асыру мерзімі – үш жыл. Алайда бірінші жылға көзделген сома бір теңге! Қалған ақша екінші жылы беріледі. Елде мұндай мысалдар өте көп. Бұл ретте  мұндай жобаларды кім жүзеге асырады деген сұрақ туындайды. Жауап айқын – тек құрылыс нарығының ірі ойыншылары. Шағын және орта бизнес субъектілері барлығына тәуекел етіп, кредиттік кіріптарлыққа түседі, нәтижесінде барлығы сот талқылауы, банкроттық және "созылмалы құрылыспен" аяқталады", деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Лаззат Рамазанова.

Оның айтуынша, тапсырыс берушілер тарапынан дұрыс жоспарламау сөзсіз жобаның сметалық құнының қымбаттауына әкеледі, өйткені құрылыс материалдарының, жұмыстар мен қызметтердің бағасы жылдан-жылға өсіп келеді.  

"Тапсырыс беруші жобаны түзетуді құны 10%-дан асқан кезде жүргізе алады, алайда іс жүзінде ол қосымша қаражаттың қарастырылмауына байланысты түзетуге ынтызар емес. Қаржы министрлігінің бәріне берер жауабы бір – ақша жоқ! Өз кезегінде, компаниялар шығындарды болдырмау үшін құрылыс материалдарын немесе жалақыны үнемдеуге мәжбүр. Нәтижесінде, құрылыс сапасы нашарлап, әлеуметтік шиеленіс артып келеді", деп атап өтті Лаззат Рамазанова.    

Депутат қазіргі экономикалық жағдайда құрылыс саласын қаржыландыру мәселелері ерекше назар аударуды талап ететінін атап өтті.

"Біріншіден, жұмыстарды қаржыландыру сомасы мен мерзімдерінің сәйкестігін камералдық бақылау қажет. Екіншіден, тапсырыс берушілер үшін ЖСҚ-ның сметалық бөлігіне сараптама жүргізу талабын бекіту сәтінен бастап бір жыл өткеннен кейін, оны іске асыру болмаған жағдайда белгілеу қажет немесе Мемлекеттік сатып алулар өткізілгенге дейін 3 ай бұрын сметалық құжаттаманың есебін қайта жүргізу қажет", деді депутат Рамазанова.

Сондай-ақ оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу шарттарын тіркеу бойынша талапты ақшалай қаражат болған жағдайда ғана заңнамалық тұрғыдан бекіту және мердігер ұйымдарға аванс төлеу мөлшерін 30-дан 50%-ға дейін ұлғайту, сараптамалық қорытындыларда Объектінің нақты қаржыландырылуына сәйкес келетін нормативтік мерзіммен құрылыстың ұсынылған құнын көрсету бойынша талапты белгілеу қажет.     

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу