Жаужүрек Маңғыстау өңіріндегі жағдай алаңдатады

5893

Соған қарамастан, Маңғыстау облысы 2022 жылы ең жолы болғыш, басқаларға қарағанда көбірек ұтқан өңірге айналды.  

Жаужүрек Маңғыстау өңіріндегі жағдай алаңдатады Фото: gov.kz

"Қанды қаңтар" оқиғаларының орталығы Алматы қаласы болғаны мәлім. Сол зұлматты күндері Шымкенте, Алматы, Қызылорда облыстарында қарулы қақтығыстар жүріп, қан төгілді. Қаңтар оқиғаларына Маңғыстау облысындағы толқу түрткі-триггер болғаны жасырын емес. Алайда бұл аймақта наразылық негізінен бейбіт өтті. Өңірдің бір ұтқан тұсы - осы.

Екіншіден, өңір ұпайын түгендеп алды: маңғыстаулықтардың қойған талаптары толық дерлік орындалды. 2022 жылғы қаңтардың басында қарсылық акциялары елдің 11 өңірін жайлап үлгергеніне қарамастан, ел Үкіметі тек Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарау жөнінде үкіметтік комиссия құрды. Соның аясында билік сұйытылған мұнай газының бағасын реттеуге бағыталған іс-шаралар топтамасын шұғыл қабылдап, жандәрмен жүзеге асырды.

Нәтижесінде Маңғыстау облысында автогаздың әр литрінің бағасы 120 теңгеден 50 теңгеге дейін арзандатылды. Бұл жақта автокөліктердің 90% автогазға көшіп алған. Үй шаруашылықтары мен қоғамдық тамақтану орындарының 70% астамы ас әзірлеу үшін дәл осы отынды пайдаланады. Шыны керек, автогаз бағасы өзге облыстар үшін күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе емес еді.

Бұған қоса, үкіметтік комиссия Маңғыстау облысы белсенділерінің бастамашыл топтарымен кездесу өткізіп, оларды мазалаған жергілікті проблемаларды, соның ішінде тұрғындарды мұнай-газ кәсіпорындарына жұмысқа алу, жалақыны тағы да жоғарылату, мектептер салу, өңірді дамыту мәселелерін шешуге сөз берді. Бұл уәде бүгінде орындалуда, республикалық бюджеттен тиісті қаражаттар бөлінген.

Бұдан бөлек, бүкіл Қазақстан өндіретін қара алтынның шамамен төрттен бірін (23%) бір өзі шығаратын Маңғыстау облысы енді мұнайдан түсетін табыстарын орталыққа бермейді, бөліспейді. Салыстырсақ, 2022 жылы 4 донор облыстан республикалық бюджетке жалпы сомасы 490 млрд 437 млн теңге алып қойылды: Атырау облысынан – 220 млрд 960,4 млн, Алматы қаласынан – 211 млрд 516 млн, елордадан – 38 млрд 467 млн, ал Маңғыстау облысынан – 19 млрд 493 млн теңге алып қойылған еді.

Биыл 2023 жылы республикалық бюджеттің 3 доноры ғана қалды. Олардан бюджеттiк алып қоюлар көлемдері 431 млрд 910 млн теңге болады. Алматы қаласынан – 207 млрд 229,6 млн, Атырау облысынан – 155 млрд 10,7 млн, ал Астанадан – 69 млрд 669,7 млн теңге.

Әрине, қаңтар оқиғалары болмағанда, билік ары қарай да Маңғыстау өңірін бюджеттің сауынды сиыры ретінде пайдалана беретін еді. Оны донорлар қатарынан шығару оңайға түспеді, Үкіметтегі талқылау күрделі жүрді. Ал Парламентте талқыға салу кезінде тіпті депутаттар өзара шәлкем-шалыс келіп, журналистер көзінше ұрысып қала жаздады. 2022 жылғы 19 қазанда, 2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданған Мәжілістің отырысында депутат Айбек Паяев Үкіметтің Маңғыстаудың табысынан орталық бюджетке ақша алмау шешіміне шәк келтірді.

 

"Ұлттық қордан қаражатты халықтың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттік экономиканы жаңартуға, күшейтуге бөліп отырмыз. Оның барлығы дұрыс. Бірақ шыққан ақша салық ретінде қайтып отыру керек. Маңғыстау облысы донор қатарынан түсіп кеткені алаңдатып отыр. Біз экономикамыз өсіп жатыр деп ауыз толтырып айтып отырмыз, дегенмен біздегі маңызды донор өңір донор қатарынан шығып қалды. Бұл экономиканың төмендігі ме, немесе кірістерді әкімшіліктендірудегі кемшілік пе? Оны қалай түсінсек болады?", – деп шүйлікті А.Паяев.

Мұны естіген кейбір депутаттар күңкілдей бастады. Залдың гуілге толып кеткеніне Мәжіліс төрағасы назар аударды: "Альберт Павлович, сіз наразылығыңызды бәрінен қатты білдіріп жатсыз. Не болды? Микрофоныңызды қосыңыз да, ашық айтыңыз", – деді спикер.

"Кешірім өтінемін, әрине. Бұл сұраққа Үкіметтің қаржылық-экономикалық блогы өте қысқа жауап беруге тиісті: Президенттен тоғыспалы трансферттерді төмендету туралы тапсырма түсті. Бұлар қазір соны сәйкестікке келтіріп отыр. Сондықтан Маңғыстау облысы донорлар санатынан кетіп қалды. Осымен болды. Не қоптыртатыны бар?", – деп зілденді депутат Альберт Рау.

"Министрліктегілер, назарға алыңыздар!", – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Әрине, бұған тікелей қатысы болмауы мүмкін, бірақ бір апта өтпей, 26 қазанда, Айбек Паяев Орталық сайлау комиссиясына депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын доғару туралы өз еркімен өтініш берді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров донорларды анықтағанда, барлық өңірлердегі түрлі факторларды, олардың кірістер базасын назарға алатындарын айтады.

"Шынында, бүгінде үш донор ғана қалды, бұлар – Астана, Алматы қалалары және Атырау облысы. Маңғыстау облысының және басқа өңірлердің кірістерін өздерінің базаларына енгіземіз. Болашақта экономикасының өсуі, жаңа мүмкіндіктері болған жағдайда жаңа донорлар пайда болуы да ықтимал. Мысалы, жаңадан құрылған Алматы облысының донор тізіміне енуіне үлкен әлеуеті бар", – деді министр.

Сонымен қатар ел Үкіметі Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың жаңа кешенді жоспарын әзірледі.

Еліміздің бас экономисінің түсіндіруінше, тек осы облысқа ғана арналған жаңа бағдарлама жобасы жаңа өндірістерді ашуға, инфрақұрылымды дамытуға, сонымен бірге жұмыс орындарының санын ұлғайтуға, ауыз сумен қамту және басқа мәселелерін шешуге бағытталған. Бұл онда шиеленістердің алдын алу үшін қажет көрінеді.

"Жобаның мақсаты – облыстың өзекті проблемаларын шешу, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, инфрақұрылымын дамыту, жаңа өндірістерді және жаңа жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ қоғамдық шиеленістердің алдын алатын тиісті шаралар қабылдау болып табылады. Құжат Маңғыстау облысын одан әрі әлеуметтік-экономикалық өркендетуді көздейді. Бұл ісшаралар республикалық және жергілікті бюджеттен де, бюджеттен тыс қаражаттан да қаржы шығындарын талап етеді. Мұны 2025 жылға дейін республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 472 млрд 446,8 млн теңгені құрайды", – деді Әлібек Қуантыров құжатқа түсіндірмесінде.

Жалпы, 2025 жылға қарай Маңғыстау облысының жалпы өңірлік өнімінің (ЖӨӨ) көлемі 3,1 трлн теңгеден 4,9 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп жоспарланған. 2025 жылға қарай онда ауыл тұрғындары орталықтандырылған сумен 100% қамтылуға тиіс. Үш ауысымдық мектептер жойылуы шарт.

Ведомствоның дерегінше, Маңғыстау облысы өнеркәсіптік өңір болып табылады. Оның экономикасының негізін мұнай-газ секторы құрайды. Өнеркәсіп құрылымындағы негізгі үлес тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді игеруге тиесілі: оның үлесі 2021 жылдың қорытындысында 87,8%-ды құрады. 2020 жылы 85% болған.

Өнеркәсіпте облыс халқының шамамен 16,8%-ы жұмыс істейді. Жоғары жалақы да негізінен, солардың еншісінде. Сол себепті өзге салалардағы азаматтар қызметі мұнай мен газ өндірумен және соған сервистік қызмет көрсетумен байланысты кәсіпорындарға тұруға ұмтылады.

Бұл ретте өнеркәсіптің облыстық жалпы өңірлік өніміндегі үлесі бір жыл ішінде 50%-дан 52,8%-ға дейін өскен. Тиісінше, өңірдің шикізатқа тәуелділігі артты.

Алайда Ұлттық экономика министрлігі бір алаңдатарлық жайтқа назар аудартады. Маңғыстаулық кәсіпорындар шығаратын өнімдердің бүкіл еліміздің жалпы өнеркәсіп өніміндегі үлесі бір жылда 10%-дан 7,3%-ға дейін құлдырап кеткен. Бұдан бөлек, Маңғыстау облысының ЖӨӨ-сінің үлес салмағы республика бойынша 4,4%-дан 3,6%-ға төмендеді.

Соған қарамастан, мемлекеттің қамқорлығы арқасында өңір жұртшылығы өзге облыстарға қарағанда ауқаттылау: жан басына шаққандағы ЖӨӨ көлемі бойынша Маңғыстау облысы республикада бесінші орында тұр: 2021 жылдың қорытындысында әр маңғыстаулыққа 4 млн 890,1 мың теңгеден келді. Салыстырсақ, Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш – 4 млн 326,1 мың теңге ғана. Біраз облыстың жан басына шаққандағы ауқаты одан да кем.

Облысты мұнай мен газға тәуелділіктен құтқаруға әбден болады. Өлке өңдеу өнеркәсібін дамытудың зор әлеуетіне ие. Өңірдің өңдеу өнеркәсібі химия өнеркәсібінен, машина жасау, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндіру, металлургия өнеркәсібі сияқты салалардан тұрады.

Министрліктің тұжырымдауынша, облыста өңдеу өнеркәсібі саласының өрге баспауына бірнеше түйткіл тосқауыл болып отыр, олардың негізгілері:

  • "қарапайым заттар экономикасының" жеткілікті дамымауы,
  • дайын өнімнің шетелден тасылуы,
  • шикізат көп табыс әкелетіндіктен, инвесторлардың, жергілікті компаниялар мен қалталы азаматтардың өңдеу өнеркәсібіне инвестиция салуға қызығушылығының, ынтасының жоқтығы,
  • қолданыстағы өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының негізгі құралдарды жаңартуға және айналым капиталын толықтыруға ұзақ мерзімді кредиттерді ала алмауы жатады.

Маңғыстау өңірі тек шикізатқа тәуелді болып қалмауы үшін осы проблемалар шешілуі қажет.

"Бүгінде ішкі туризм Маңғыстау облысының экономикалық өсу драйверлерінің біріне айнала алады. Оның экономиканы қалпына келтіруге мультипликативтік әсері бар. Осы саланың әлеуетін іске асыру үшін "Жылы жағажай" ауданында орналасқан көпфункционалды қонақүй-туристік кешен құрылысының II кезегін, сауықтыру кешендері мен қонақүйлердің құрылысын аяқтау, сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағын дамыту бойынша шаралар қабылдау қажет", – деп хабарлады экономика ведомствосы.

Жағажай туризмі ең жоғары әлеуетке ие: маусымның ұзақтығы 3–5 айға созылады. Сонымен қатар круиз, киелі және эко-этно-мәдени бағыттарында да мүмкіндік мол. Өңірде бірегей археологиялық және тарихи ескерткіштер, оның ішінде үңгір сурет-поэмалар, Бекет Ата, Шақпақ Ата, Шопан Ата, Масат Ата жерасты мешіттері бар.

Облыс халқының саны тұрақты әрі қарқынды өсіп келеді. Онда соңғы 5 жылда бала туудың ең жоғары коэффициенті қалыптасты: 1000 адамға шаққанда 30,65-ті құрады. Маңғыстау облысы халқының саны 2021 жылы 719,6 мың адамға жетті.

"Маңғыстау облысы тұрғындарының саны 2022 жылғы 1 қазанда 761,4 мың адам болды. Өңірде қолайлы демографиялық ахуал қалыптасқан: соңғы 30 жылда облыс халқының саны 225% ұлғайды. 1992 жылы – 338,8 мың адам болған", – деп мәлім етті ҚР Экономикалық зерттеулер институты (ERI).

Институт мамандары облыс өңдеу өнеркәсібін дамытудың үлкен әлеуетіне ие екенін растады.

"Сондықтан 2 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, салада 29 жаңа инвестициялық жобаны іске асыру есебінен 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің көлемін 254,3 млрд теңгеге дейін, яғни 1,4 есе ұлғайту жоспарлануда. "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында кемінде 300 кәсіпкерлік субъектісіне жыл сайынғы қолдау көрсетілмек. Сондай-ақ "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша жобаларға кредит беру арқылы ЖӨӨ құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі 29,4%-дан 2025 жылға қарай 32%-ға дейін ұлғаяды", – деп түсіндірді экономикалық зерттеулер институты.

Маңғыстау өңірінің жері шөлді, су ресурстары аз. Соған қарамастан, агроөнеркәсіптік кешен саласында 2025 жылға дейін 15-ке жуық әлеуметтік маңызды жоба, соның ішінде астық терминалы, құс фабрикалары, азық-түлік қоймасы, сүт-тауар фермасы және басқа жобалар іске асырылатын болады. 3 мыңға жуық жергілікті аграршыны кешенді қолдау даму шараларымен қамту жоспарлануда.

Әзірге, Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығының жалпы республикалық көлемінің 0,3%-ын ғана, немесе 7,4 триллион теңгенің 22,2 миллиард теңгесін ғана береді. Облыстық ЖӨӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі бар-жоғы 0,7%.

Қорыта айтқанда, Маңғыстау облысына арналған кешенді жоспарда салмақты, сан-салалы жобалар мен шаралар қарастырылған. Олар табысты жүзеге асса, өңірдің өз проблемалары негізінен шешілсе, кие тұнған өңір қайтадан донорлар қатарына оралады деген үміт бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу