"Жаяу кешіп өтетін күн алыс емес": Экологтар Ертіс өзенінің жағдайына алаңдаулы

Мұхитқа құятын өзен жыл санап тарылып барады. 

"Жаяу кешіп өтетін күн алыс емес": Экологтар Ертіс өзенінің жағдайына алаңдаулы Фото: Марина Попова

Қытайдан бастау алып, біздің еліміз арқылы Ресейге өтетін Ертіс өзенінің бүгінгі ахуалы алаңдатарлық. Биылдың өзінде кішігірім аралдар пайда болып, өзен суы едәуір азайғанын байқауға болады. Экологтардың пайымынша, бұлай жалғаса берсе, алдағы 5-6 жыл аралығында арыққа айналып кетуі де әбден мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өзекті мәселе жетерлік

Ертіс өзенінің таяздануы біздің еліміз үшін ғана емес, көршілес Ресей мемлекетіне де қауіпті болайын деп тұр. Мұндағы кемелер бірнеше жылда жұмысын тоқтатып, су шаруашылығы арқылы күнелтіп отырған кәсіпорындар тоқырауға ұшырауы мүмкін.

Павлодар облысындағы жағдай да мәз емес. Қоршаған ортаны қорғаушылар дәл бүгінгі жағдай нағыз экологиялық апат деп дабыл қағып та отыр. Аз уақыт аралығында кешенді шаралар қолға алынбаса, арал түгілі арық пен шалшық суға айналуы да ғажап емес. Ал бүкіл облыс осы Ертіс өзенінің суы арқылы күнелтіп отыр. Ірі зауыттар да, әлеуметтік және бизнес нысандар да, тұрғын үйлер де өзен арқылы сумен қамтылады. Бірақ бұл алдағы бірнеше жылға ғана жалғасуы мүмкін. Одан кейін суды қайдан, қандай көлемде аларымыз – әзірше беймәлім.

Гидролог маман Антон Чашиннің сөзінше, биыл өзеннің деңгейі күрт түсуіне қыста қардың аз жаууы себеп.

"Ертіс өзені Шығыс Қазақстан облысын басып өтіп, біздің өңірде 20 шақырымға дейін жайылады. Сол кезде тоғай суға толып, балық уылдырық шашып, табиғи процесстер жүруі керек. Алайда биыл мұның бәріне су жете қойған жоқ. Қардың аз түсуі салдарынан іргелес аймақтағы су қоймаларының деңгейі төмендеп, бізге жылдағы көлемнен айтарлықтай аз бөлігі жіберілді. Бұл да өзендегі су деңгейінің төмендеуіне әсер етті", - дейді маман.

Шынымен, осы жылы Шүлбі су қоймасынан соңғы 10 жылдағы ең төменгі көлем босатылды. Бұл ретте павлодарлық экологтар жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігіне зор сенім артып отыр. Себебі мәселені шешу үшін Су туралы кешенді заң қабылдам, қылмыстық заңнаманы қатайту қажет, деп есептейді эколог Юрий Павленко.

"Қара Ертістің бүгінгі жағдайына қарасақ, жүрегіміз ауырады. Ал алдағы жылдары ахуал одан әрі ушыға түсуі ықтимал. Себебі Қытайда су тапшылығы туындап, олардың бөгет қоюы бек мүмкін. Ол онсыз да күрделі мәселені қиындататыны анық. Тіпті, бес жылдың өзінде өзен суының деңгейі төмен түседі. Сондықтан қазірден-ақ ауқымды жұмыстарды қолға алып, Ертіске қатысы бар мемлекеттермен келіссөздер жүргізіп, табиғатты қорғаудың нақты ісіне көшу керек. Бұл – бір. Екіншіден, соңғы уақытта өзеннің суын қалай болса солай пайдаланатын, оның флорасы мен фаунасына зиян келтіретін адамдар көбейді. Оларды да тезге салу керек. Әйтпегенде, адами фактордан да келер қауіп көп болмақ", - дейді ол.

Шынымен, бүгінде су деңгейінің төмендеп, өзеннің тарылуы бір мәселе болса, адамдардан келіп жатқан залал екінші проблемаға айналып отыр. Айталық, Ертіс бойныда балықты заңсыз аулайтын браконьерлер көбейіп барады. Соның салдары да оңайға тиіп жатқан жоқ.

"Демалыс күндері ауылға қарай тартып, Ертістен қармақпен балық аулаймын. Сол кезде заңсыз құрылған торды жиі кездестіремін. Көбі соны құрып кеткенімен, ауға түскен балықты дер кезінде алмайды. Сондықтан өзен өлі балыққа толы. Бұзылып, иістеніп те жатыр. Оған қоса, бұрын әжептеуір терең болған өзен суының қазір тартылғанын байқаймыз. Енді біраз жылдан соң балақты түріп тастап, жаяу кешіп өтетін сияқтымыз. Ал бір кездері Ертістің екі жағында орналасқан аудан тұрғындар өзеннің үстімен қайықпен қатынайтын", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Болатбек Қайыров.

Проблема қалай шешіледі?

Тізе берсек, Ертістің соңғы жылдардағы мәселесі шаш етектен келеді. Ал оларды шешудің жолы қайсы? Қарт өзен бұрынғы қалпына қайта орала ма? Жалпы, бұл мүмкін бе? Бүгінгі таңда облыс жұртшылығын осы сауалдар мазалайды. Экологиялық технологиялар бойынша құзіреттілік орталығының басшысы Өмірбек Аханның айтуынша, өңірдің басты су артериясына қайта "қан жүгіртуге" болады. Ол үшін жағалаудың аумағына, атап айтқанда ұзындығы 200 шақырым, ені 1 шақырым болатын аумаққа техникалық дендрожолақ салу керек. Сол арқылы өңірдің климаттық жағдайын да жақсартуға болатын көрінеді.

Экологтың пайымынша, өзен жағалауындағы орман атмосфералық түсімдерді "шақырып", су бассейнін толтырады. Сондай-ақ, ағаштар жерасты суы көтерілген жағдайда оны ұстап тұрады.

"Ақсу станциясынан Дегелең станциясына дейінгі аралықта орман алқабын салу ойда бар. Біз еуропалық талаптарға сай келетін техникалық паспорт дайындадық. Оны жүзеге асыру үшін 200 млн АҚШ доллары керек. Республикалық деңгейдегі екі мегакомпания бұл жобаны қаржыландыруға әзір. Жыл соңына дейін инвесторлар пулын жасақтап, келесі жылдың көктемінде іске кірісуді жоспарлап отырмыз", - дейді Өмірбек Ахан.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов та суға қатысты мәселенің шешім жолын ұсынып отыр. Аймақ басшысының айтуынша, өңірде жеке су қоймасын салу қажет. Яғни, облыстың әрі қарай дамуы үшін жеке су қорының болғаны дұрыс. Ол бірінші кезекте Ертістен ауыз суды алу кезінде керек.

"Облыс аумағында су қоймасының құрылысын қолға алу мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынамын. Ол үшін алдымен гидрогеологтармен және гидротехниктермен соған лайық аумақты таңдауымыз керек. Себебі су жіберу барлық су қоймасындағы сияқты табиғи жолмен жүргізілгені жөн", - дейді облыстың әкімі.

Ал оның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау үш-төрт жылға дейін созылуы мүмкін.

Осылайша, Ертістің бүгінгі ахуалы жұртты кәдімгідей алаңдатып отыр. Жыл сайын тарылып бара жатқан өзен суы бір күні шынымен таязданып қала ма деген қауіп бар. Ал ол – облыстағы тұрғындардың басты тіршілік көзі. Күнделікті таза ауыз суды осы өзеннен алумен қатар, өндіріс орындары, суармалы егіншілік – барлығы да қарт Ертіске тәуелді. Сондықтан оны сақтап қалу үшін қазірден-ақ әрекет ету керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу