Жаз жақындап қалды. Украинада көктемгі шабуылдар неге басталмай жатыр?

1820

Бұған бірнеше жайт кедергі. Солардың бірі – ми батпақ.

Жаз жақындап қалды. Украинада көктемгі шабуылдар неге басталмай жатыр? Фото: livejournal.com

Украинаға Батыстағы одақтастары айлар бойы миллиардтаған доллардың қару-жарағы мен оқ-дәрісін жеткізді. Бұл арсенал қарымта жорыққа өте қажет.

Жазға дейін он-ақ күн қалды. Ал Ресей мен Украина армиялары қазір бар күшті Бахмут үшін шайқасқа жұмсап жатыр. Көктемгі контршабуылдар болса, әлі басталған жоқ.

Өткен аптада президент Владимир Зеленский әлем күткен операциялардың шетелдік қарудың аздығынан басталмай тұрғанын атап өтті. Дегенмен сарапшылар мен билік өкілдерінің сөзінше, жауланған жерлерді азат ету науқанының кешеуілдеуінде ауа-райы мен жаттығулар да өзіндік рөл ойнап отыр.

Украина үкіметіне сенсек, контршабуылдар жақындап қалды. Ал америкалық барлаушылар сөзінше, Украина әскері ұрысқа қолайлы жағдай әзірлеуге кірісіп кеткен.

Контршабуылдарға қолбайлау болып отырған негізгі факторларға назар аударсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

Ауа-райы

Контршабуылдарды кейінге қалдыруға үлкен себеп – ауа-райы. Биыл Украинада көктем ылғалды да салқын болды. Қар кеш еріп, жер толық кепппей тұр. Сондықтан ресейліктерді ығыстыру операциясын ертерек бастау мүмкін болмады.

Ми батпақ, әсіресе, табаны шынжыр емес техниканың жүруіне кедергі. "Мұндай сазға батып кетесің", - дейді жергілікті шенеуніктердің бірі АР агенттігіне берген сұқбатында.

Жаттығулар

Соңғы бірнеше айда АҚШ пен оның одақтастары ондаған мың украин сарбазын шайқасқа үйретті. Бірақ Пентагон қазір дайындап жатқан соңғы украин батальоны жаттығуларды енді аяқтап жатыр.

Бұл батальонды қосқанда, АҚШ әзірліктен өткізген украиндардың жалпы саны 10 700-ден асады. Бұл күштер жалпы әскери және медициналық дағдыларды меңгеріп қана қоймай, Stryker және Bradley брондалған жауынгерлік машиналары мен Paladin гаубицаларын қолдануға да машықтанды. Олардың арасында, сондай-ақ, Patriot зымырандық қорғаныс жүйесін басқаруды үйренген біліктілігі жоғары мамандар да бар.

АҚШ-тың Еуропа-Африка армиясының мәліметі бойынша, 30-дан астам серіктес елде 41 мыңнан астам украин жауынгері оқытылған.

Жақында жаңа кезең басталады: АҚШ Германиядағы Графенвоер оқу-жаттығу полигонында украиндарды "Абрамс" танктерін жүргізуге үйретуге кіріседі. Дегенмен, Украина қорғаныс министрі Алексей Резников сәуір айының соңында журналистерге берген сұқбатында айтқандай, қарсы шабуылдарды Украина армиясы танк жаттығуларының аяқталуын күтпей-ақ бастауы мүмкін.

Қарудың келуі

Тек соңғы бес айдың ішінде АҚШ Киевке 14 миллиард доллардың қару-жарағы мен оқ-дәрісін жіберетінін мәлімдеді. Сонымен қатар НАТО мен Батыстағы өзге одақтастар да Киевке миллиардтаған долларға танктер, броньдалған машиналар мен әуе қорғанысы жүйелерін жөнелтуге уәде етіп отыр.

"Бірақ бұл жабдықтың көпшілігі әлі Украинаға жеткен жоқ", - дейді бұрынғы британдық барлау қызметкері және Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының құрлықтағы соғыс жөніндегі аға қызметкері Бен Барри.

Мысалы, Дания, Нидерланды, Испания және Германия сияқты елдер уәде еткен 300-ге жуық Leopard 2 танктерінің 100-ге жуығы ғана Украинаға жеткізілген. Сонымен қатар, британдық Marauders пен американдық Bradley әскери машиналарының 700-і Киевке берілу тиіс еді. Әзірге олардың 300-і ғана Украинаға барды.

Қарсы шабуылдар басталғаннан кейін жоғары қарқынмен шайқас жүргізу үшін Украинаға жеткілікті деңгейде оқ-дәрі де қажет болады.

Украина парламентінің мүшесі Александра Устинова сәуірде журналистерге айтқандай, ел армиясы тәулігіне гаубицалардан 155 мм-лік снарядтардың 6000-8000 данасын атады екен.

Қарсы шабуылдардың нышаны

Ресей де, Украина да қарсы шабуылдарды күтіп отыр.

Ресей 1000-шақырымдық майдан шебіне шамамен 200 000 жауынгер шоғырландырған. Олар Бірінші дүниежүзілік соғыстағыдай окоп соғысы тактикасына жүгінеді деген болжам бар.

Және де бұл сарбаздар басқыншылықтың басында үлкен шығынға ұшыраған ресейлік күштер сияқты жоғары дайындықтан өтпеген. Бірақ олар траншеялармен, мина алаңдарымен және "айдаһар тістерімен" (танктердің жолына қойылған үшбырышты бетон тастар) қорғалған.

Украина шектеулі аумақта немесе бірнеше жерде осы сызықтарды басып өтуге әрекеттенсе, бұл көптен күткен шабуылдардың басталғанының нышаны болуы мүмкін дейді батыстық барлаушылар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу