Жазаның жеңілдетілгенін қалайды

1985

Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу шартын бұзғандарды екі жылға жазалау тым қатаң жаза деп есептейді.

Жазаның жеңілдетілгенін қалайды

Бүгінде мемлекеттік сатып алу шартын бұзғандар 24 айлық мерзімге жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енеді. Астана қалалық "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасында жеткізушілерді мемлекеттік сатып алу саласынан шеттетуді доғару тәжірибесін енгізу ұсынылды.

"КҰП бұл мәселені саралауды ұсынып отыр. Себебі қазіргі қолданыстағы 24 ай – жазаның баламалы түрі емес. Яғни аталмыш жаза құқық бұзу салдарының ауырлығына қатысты белгіленіп отырған жоқ. Мәселен формальді жасалған заң бұзушылыққа да кәсіпкер автоматты түрде 24 айлық мерзімге жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енеді. Біз мұны қайта саралап, шартты бұзған жеткізушілерді бірден 24 айға емес, үш айдан 24 айға дейінгі аралықта жаза белгілеуді құптаймыз", – деді Астана қалалық "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің мүшесі Болат Келдібеков.

Оның айтуынша, "Мемлекеттік сатып алулар туралы" заңның қазіргі қолданыстағы түрінде көрсетілгендей, конкурсты ұйымдастырушы қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің бұйрығымен кәсіпкерге белгілі бір заң бұзушылықтар бойынша жаза тағайындалғанын ескертей-ақ, оны жосықсыз жеткізушілер тізіліміне қос алады. Ең соңында кәсіпкер бұл жайдан бейхабар болып шығады.

"Кәсіпкер аталған шешімге қатысты шағым түсіргенше біраз уақыт өтеді. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алулар жүйесіне қатыстырмау туралы жазаны соттың шешімімен ғана белгілеу керек деп есептеймін", – деді Болат Келдібеков.

Оның пікірінше, жыл басынан бері Астананың өңірлік палатасына 231 кәсіпкер бизнесті қорғау бойынша мемлекеттік мекемелерге шағым түсірген. Бұл ретте шағымдардың 20%-ы мемлекеттік сатып алуларға тиесілі екенін атап өткен жөн.

Болат Келдібеков конкурсты ұйымдастырушылар жиі жол беретін заң бұзушылықтарды да атады. Олар: кәсіпкерлердің өтінішін негізсіз қабылдамау; мемлекеттік сатып алулар ережесінде көрсетілмеген конкурстық құжаттарға қосымша талаптарды белгілеу; мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру әдісін айқындау тәртібін бұзу; біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін жеткізушілерді негізсіз таңдау.

"Мемлекеттік сатып алу саласында формализм көп. Көп жағдайда осының салдарынан кәсіпкерлер жосықсыз қатысушылар тізіміне еніп кетеді. "Қара тізімге" енген кәсіпкер 24 ай бойы мемлекеттік сатып алулар конкурсына қатыса алмайды. Алайда кәсіпкерлер негізгі табысты мемлекеттік сатып алулар саласынан алатынын ұмытпайық. Себебі мемлекет – негізгі тапсырыс беруші", – деді Болат Келдібеков.

Еркебұлан Қыздарбек, Динара Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу