Қазақстандықтар үшін алдағы уақытта бел жазбай еңбек ететін, апталарды мерекелік тынығусыз өткізетін ұзақ кезең орнағалы тұр. 6 шілде – "Астана күнінен" кейін басталатын үзіліс сонау "25 қазан – Республика күніне" дейін жалғасады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, 2026 жылдың 30 тамызы енді күнтізбеде қызыл түспен белгіленбейді, яғни, мерекелік демалыс күні мәртебесінен түпкілікті айырылды.
Айта кету керек, бұған дейін тілшілер қауымының жолдаған сауалдарына құзырлы орган тарапынан: "Өндірістік күнтізбе әлі жаңартылмағандықтан, бұл мәселенің басы ашық", – деген жауаптар беріліп келген еді. Ал, енді бұл түйткілдің түйіні үзілді-кесілді шешіліп, баршаға аян болды.
"Демалыс болмайды. Бұл күн жойылады! Өйткені жаңа Конституция қабылданды. Басқа күн белгіленді", – деп қысқа қайырды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев журналистерге.
Бұдан былай Қазақстанда негізгі мерекелік демалыс күндері наурыз айында шоғырланады. 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күні. 15 наурыз – Конституция күні болады. 21, 22, 23 наурыз – Ұлыстың ұлы күні Наурыз.
Алда марафон айлары
Қазақстандықтар үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі ең ұзақ та ауыр жұмыс айының алдындағы соңғы демалыс күні, соңғы тыныстау нүктесі болады, деп жазды digitalbusiness.kz. 2026 жылдың маусым айына арналған өндірістік күнтізбе жұмыс істейтін азаматтарға барынша жоғары еңбек жүктемесі мен қызу жұмыс кезеңін әзірлеп те қойды.
Демек, жаздың алғашқы айы кеңселер мен кәсіпорындарда нағыз төзімділікті сынайтын марафонға айналып, еңбек рекордтарына жол ашуы мүмкін.
Алдағы маусым айының басты бір ерекшелігі – қазақстандықтарға жұмыс күндерінде қосымша демалыс сыйлай алатын мемлекеттік мерекелердің мүлдем болмауы. Бірақ онымен шектелмейді: сондай-ақ тамыз айы да мерекелік демалыс күндерінсіз қалды және бел жазбай қызмет етуді талап етеді.
Осылайша, жаздың қос айында еңбекші жұртқа қосымша тыныс сыйлайтын бірде-бір мемлекеттік мереке қарастырылмаған. Олардың ортасындағы шілдеде әзірге тек Астана күні сақталып тұр. Бұл – жаздағы жалғыз мейрам!
Мұның салдары аталған айларды жыл ішіндегі ең ұзақ әрі қарбалас жұмыс кезеңдерінің біріне айналдырады. Мысалы, бес күндік стандартты жұмыс аптасымен еңбек ететін қазақстандықтар маусым айында тура 22 күн бойы тер төгуге мәжбүр болады. Бұл 40 сағаттық апталық графикте есептегенде 176 жұмыс сағатын құрайды.
Ал, алты күндік апта жүйесімен қызмет ететіндер үшін бұл ауыртпалық тіпті еселене түспек: олар 26 жұмыс күнін және 174 сағатты еңбек майданында өткізеді.
Салыстырсақ, оңтайландырылған 36 сағаттық жұмыс аптасында бұл норма шамамен 158 сағаттың төңірегін құрайды. Яғни, жоғарыдағысы нормадан да асып кеткелі тұр.
Таразы басы: кім ұтады, кім ұтылады?
Жұмыс кестесінің мұндай тығыздығы, жұмыс пен өндіріс көрігінің қызуы жұмыс берушілерге және мемлекетке өте тиімді. Сонымен бірге ол әрбір қызметкердің әмиянына, олардың отбасыларының қаржылық жағдайына тікелей әсер ететін болады.
Қаржылық жоспарлау тұрғысынан алғанда, Қазақстанда бірде бір мерекелік демалысы жоқ ақпан, сәуір, маусым, тамыз, қыркүйек және қараша айлары әртүрлі игілік пен қиындық ұсынады.
Бір жағынан, егер сіздің табысыңыз жұмыс істеген сағаттарыңыздың нақты саны мен шыққан ауысымдарыңызға тікелей байланысты болса, онда бұл айлар отбасылық бюджетті толтыру үшін таптырмас кезеңге айналады.
Жұмыс күндерінің молдығы орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары еңбекақы алуға жол ашуы мүмкін. Алайда айлық жалақысы нақты бекітілген азаматтарға бұл жарамайды: жұмыс жүктемесі өссе де, айлығы өзгеріссіз қалады.
Екінші жағынан, бухгалтерлердің түсіндіруінше, еңбек демалысына шығуды көздеп жүргендер үшін бұл айлар – ең бір орынсыз таңдау болуы ғажап емес. Себебі, жұмыс күндері шамадан тыс көп болғандықтан, бұл айдағы бір еңбек күнінің құны да барынша аз болады. Бұл дегеніміз – сізге төленетін еңбек демалысы ақысының ("отпускной") көлемі мерекесі көп айлармен салыстырғанда әлдеқайда мардымсыз әрі тартымсыз болады деген сөз.
Марафонға дайындық маңызды
Сонымен, әлгінде аталған айлардың барлық күнтізбелік парақтары мерекелік демалыс атаулыдан толықтай ада. Сондықтан бұл кезеңдер жазғы маусымдағы ең көп күш-қуатты қажет ететін, еңбек жүгі ауыр кезең саналады.
Бұл 6 айдың әрқайсысының алғашқы күнінен бастап соңғы межесіне дейінгі табысты жұмыс тынысын сақтау үшін оған алдын ала әзірленген жөн.
Мамандар жұмыста "жанып" кетіп, эмоционалды күйзеліске ұшырамау, тіпті қажып қалмау үшін еңбек жүктемесін алдын ала ақылға салып, бөліп алуды ұсынады. Мәселен, бүгін істеуге болатын жұмысты кейінге шегеріп, кейін сүрлігіске түспеудің қамын жасаған абзал.
Жеңсік ас, денені шымыр ететін спорт, көңілді көтеретін ермек те рухты демейді.
Айтпақшы: Қазақстан күнтізбесінде жаңа тарихи күн
Осы кезде республикада жаңа мереке пайда болды. Үкіметің 2026 жылғы 15 сәуірдегі №278 қаулысымен, 2017 жылғы 31 қазандағы №689 "Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" Үкімет қаулысына ресми түрде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Осы шешімге сәйкес, жаңа мерекелік күн белгіленді: "11-1. Қазақ тазысы мен төбеті күні – 3 қыркүйек".
Аталған қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін, яғни, 2026 жылғы 27 сәуірден бастап заңды күшіне енді. Десе де, бұл айтулы күн ресми демалыс мәртебесіне ие емес.
Сол себепті, "Жеті қазынаның" құндылығы, ұлттық мақтанышымыз ұлықталатын 3 қыркүйек күні бірде бір қазақстандық ресми түрде демала алмайды.