Жаздан бастап ҚПЛ-дағы легионерлердің жасына қойылатын шектеу болмайды

2025

Қазақстанның Кәсіпқой футбол лигасының мүшелерінің жалпы отырысында премьер-лигадағы легионерлердің жасына қойылатын талап бұдан былай алынып тасталады деген шешім қабылданды.

Жаздан бастап ҚПЛ-дағы легионерлердің жасына қойылатын шектеу болмайды

Естеріңізге сала кетсек, былтыр Қазақстан 2009-жылы қабылданған легионерлер туралы ескі нормаға қайтып келген болатын. Премьер-лиганың клубтары маусымға жасы 30-ға дейінгі шетел ойыншыларын алуға рұқсат берген. Мұның барлығы спорттық мансабын аяқтауға аз қалған шетелдік футболшыларға Қазақстан премьер-лигасын тек "ақшаның көзіне" айналдырмауы үшін жасалған дүние еді. Дегенмен, бұл норманың клубтардың алға қойған мақсаттарына жетуге арналған лайықты шешім екеніне футбол билігі сенбеген сияқты.

Сонымен қатар, Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше мемлекеттердің кеңістігінен келген ойыншылардың құқықтықтарына нұқсан келеді. Себебі ЕЭО заңнамасына сәйкес ойыншыларды ешкім жас нормасына байланысты шектей алмайды. Енді екінші трансферлік тіркеу кезеңінен, яғни биылғы жаздан бастап өтінім парағына қазақстандық командаларды енгізу кезінде легионер ойыншылардан жас шектеулері алынып тасталады.

"Легионер ойыншылардың жасына байланысты қойылатын шектеулер кеңейтілген отырыстағы басты мәселелердің бірі. Тың пікірлер мен ұсыныстарды тыңдай отырып, сонымен қатар жаңа заңнамаға кімнің "қарсы", кімнің "жақтайтынын" саралай келе ҚКФЛ мүшелері көпшілік дауыспен оңтайлы шешімге келді. Екінші трансферлік кезеңнен бастап жас лимиті алынып тасталатын болды", - деді ҚКФЛ президенті Олжас Абраев.
Бұдан бөлек, 29-ақпаннан, яғни жаңа маусымнан бастап OLIMPBET букмекерлік компаниясы Қазақстан Суперкубогінің, Премьер-лиганың басты демеушісі атанды. Демеушілікке байланысты келісім-шарт 3 жылға арналған. Енді "Қазақстан чемпионаты" ресми атауы "Қазақстан футбол чемпионаты – OLIMPBET" болып өзгертілді. Содай-ақ, Премьер-лиганың ойындарына ҚКФЛ ресми өкілдерін жіберіп отырады. Олар ойынның ұйымдастырылуы мен өтуіне, және регламенттік нормаларды сақталуына жауап береді.

Нәтижесінде, ҚФФ мүшелері әр комитеттің есебін тыңдап, Премьер-лиганың 2020 жылғы күнтізбесін, әйелдер футболынан ел чемпионатының жарыс ережесін, төрелік ету және қадағалау департаментінің құжаттарын бекітті. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының   кеңесінде қабылданған шешімдер Премьер-лиганың жарыс ережесіне енгізілді.

Ермұхамед Мәулен

 


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу