Жазушыларға жаңа әдеби сыйлық тағайындалмақ

Жүлде соңғы 120 жылдық кезеңді қамтитын роман жазған қазақстандық авторларға беріледі. 

Жазушыларға жаңа әдеби сыйлық тағайындалмақ

Елімізде жазушыларға арналған жаңа әдеби сыйлық тағайындалмақ. Конкурс жеңімпазы айына 500 АҚШ доллары мөлшерінде өмір бойы рента алады, деп жазды inbusiness.kz.  

Жоба авторы Ерлан Асқарбековтың айтуынша мұнда қазылар болмайды. 2022 жылдың сәуірінде әдебиет жанашырлары мақұлдаған барлық авторлардың жұмыстары оқырмандар дауыс беру үшін mecenat.kz сайтында жарияланады. Бір ерекшелігі оқырмандар 1 рет қана дауыс бере алады. Тек сайтқа тіркелген, SMS-хабарлама көмегімен ел азаматтығын растаған пайдаланушылардың ғана дауыс беру мүмкіндігі бар.

"Қазақстандағы авторларға байқау туралы ақпараттар толық жетсе дейміз. Содан соң оқырмандар объективті дауыс беруі керек. Соңында, әрине, жазушыға ай сайын 500 доллар көлемінде сыйақы алады. Авторлардың жасына байланысты шектеулер жоқ. 19 жасында өзінің алғашқы "Еңлік-Кебек" атты шығармасын жазған Мұхтар Әуезовтің мысалдарының өзі бұған дәлел. Бастысы шығарма 1900 жылдан берігі кезеңді қамту керек", – дейді жоба жетекшісі.

Неге соңғы 120 жыл? Ерлан Асқарбеков Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы – қазақ халқының тұңғыш эпопеясы "Абай жолындағы" оқиғалар желісі 1900 жылмен аяқталатынын айтады. 

"Сондықтан әдеби сыйлыққа ұсынылатын шығармалар содан бергі кезеңді қамтыса деген ой. Жеңімпаз автордың мәтіні егер бастапқыда роман қазақ тілінде жазылса орыс тіліне, егер бастапқыда роман орыс тілінде жазылса қазақ тіліне аударылады. Ұйымдастырушылар және олардың отбасы мүшелері байқауға қатыстырылмайды. Байқауда ең көп дауыс жинап, жеңімпаз атанған автор ғана марапатталады", – деді жоба жетекшісі. 

Әдеби жүлдеге қатысушыларға бірнеше талап қойылады. Оның ішінде шығарма жанры – роман болуы шарт, туынды 80 беттен кем емес, азаматтық сипатта, яғни саясатқа қатысы болмауы шарт. 

Жүлде мемлекеттік бюджетке тәуелді емес. Ұйымдастырушылар орталық мемлекеттік органдардан ақпараттық қолдауды ғана сұрауға ниетті. Жобаны атын атамауды сұраған меценат қаржылық қолдау білдірген. Шығармалардың мазмұндық жағы қазақстандық патриотизм және барша қазақстандықтарды Отансүйгіштік тақырыбының айналасына біріктіру. 

"Шығармалар алдын саралаудан өткізіледі. Бұл оқырмандар мықты жазылған романдардың бірін таңдауы үшін, плагиат болмауы үшін қарастырылған. Сонымен қатар жүлденің мақсаты – әдеби қазақ тілі мен әдеби орыс тілін дамыту. Жеңіске жеткен туындыны жоғары білікті әдеби аудармашы дереу аударады. Бұл жыл сайынғы жоба әдебиет кеңістікте танымал болып, жыл сайын жалғасын тапса дейміз. Себебі Қазақстандықтардың шығармашылық әлеуеті өте үлкен", – деді ҚР еңбегі сіңген қайраткер ақын, прозашы, кинодраматург, режиссер Бақытжан Қанапиянов. 

Жеңімпазға ақшалай жүлдемен қатар баспамен және кинопродюссерлермен келіссөз жүргізуге дайын болуы үшін авторлық құқық пен әдебиет агенттері бойынша мамандардан тегін шеберлік сабағын алады. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу