Жазықсыз сотталғандар мен қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталады

1693

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов осылай деді. 

Жазықсыз сотталғандар мен қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталады

Үкімет басшысының орынбасары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғанын атап өтті, деп хабарлайды inbussines.kz тілшісі.

"Мемлекеттік комисия елімізге белгілі тарихшы ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің, парламент депутаттарының және мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған 49 адамнан тұрады. Мемлекеттік комиссияның алдында бірнеше нақты міндет бар. Бірінші, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру. Екінші, жазықсыз сотталған және саяси қуған-сүргінге ұшырағандарды ақтау процесін ғылыми тұрғыда зерделеу. Сонымен қатар жабық мұрағаттардағы қуғын-сүргін жөніндегі материалдардың зерттеушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету де алдымызда тұрған үлкен мәселенің бірі. Мұнан бөлек еліміздің азаттығы, тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру бойынша да ұсыныс әзірлеу сияқты маңызды міндет бар. Комиссияға мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жетекшілік етеді. Жарлыққа сәйкес, комиссияның жұмыс органы болып  білім және ғылым министрлігі бекітілген", – деді Ералы Тоғжанов. 

Сөз арасында премьер-министрдің орынбасары халқымызда "өткенге салауат, келешекке аманат" деген аталы сөз бар екенін еске салды. 

"Өткен тарихымыздың жақсы жақтары болғанымен ақтаңдақ тұстары да аз емес. Сол себепті еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қоғамымызды көптен толғандырып, көтеріліп жүрген тарихтың ақтаңдақ тұстарын айқындап, жазықсыз сотталған, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды ақтау еліміздің, халқымыздың, қоғамның алдында тұрған үлкен міндет ретінде қарастыруға болады", – деді Ералы Тоғжанов. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу