"Жедел жәрдем" орнына велосипед

Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы тартоғайлық дәрігерлер науқастарға велосипедпен барып жүр. 

"Жедел жәрдем" орнына велосипед

Бұл ешқандай ноу-хоу емес, "амалсыздың күйі" дейді ауыл дәрігерлері. Өйткені, әбден тозығы жеткен жедел жәрдем көлігі бір күн жүрсе, бірнеше күн тұрып қалады екен. Моторы шашылуға айналған "Уаз 39623" жедел медициналық көлігі індет ушыққанда жаяулаған ақ халаттылардың қосымша бас ауруына айналғанына да біраз болған.  Көлік бір күн жүрсе, бір апта тоқтап тұрады деп, ауыл тұрғындары да, жүргізуші де растап отыр.

Ал ауыл әкімі жедел жәрдемнің жиі бұзылатын, соның кесірінен дәрігерлердің науқастарға амалсыз велосипедпен барып жүргенін мүлдем бейхабар сияқты.

"Ауыстырған көлік жақсы жүріп тұр қазір. Енді ол көбінесе жүргізушіге байланысты. Оған қоса ауылда мобильдік топ құрылған. Барлық мекеме басшыларының көліктері, кез келген жағдайда жәрдем беруге әзір тұрмыз",  – дейді Тартоғай ауылдық округінің әкімі Досмат Сүйіндік.

Ауыл әкімінің жедел жәрдемнің осындай күйде екенінен хабары жоқтығына дәрігердің өзі қынжылады.

"Мен осы қызметке келгелі 2 ай болды. Әкім біздің жағдайымыздан бейхабар деп айта аламын. Ауыл әкіміне енді қояр талабымыз, бізге көмекке көлік керек. Өткенде науқастарды шұғыл жеткізу керек болғанда ешқандай көлік тауып бере алмады. Бүкіл елді дендеген індет 2500-ге жуық халқы бар Тартоғай ауылында да өршіп тұр. Велосипедпен кейде жаяу, кейде жеке машиналармен барып қызмет көрсетеміз. Ауданға, облысқа ауыр науқастарды жеткізу кезінде такси жалдаған кездеріміз де болды", – дейді Тартоғай дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігер міндетін атқарушы Рахымжан Палымбетов..

Бұл мәселе аздай сын сағатта көз ілмей науқастарға көмек көрсетіп жүрген  медицина қызметкерлерін әкімдік сенбілік жұмыстарына да жегіп қояды екен. Тіпті Тартоғайдың үстінен өтетін халықаралық трассаны да тазалау біздің мойнымызда деп мұңаяды амбулатория қызметкерлері.

"Коронавируспен күресіп жатырмыз күн-түн демей. Соған қарамастан сенбі күні бізге әкімдіктен звандап сенбілікке шығындар деді. Біз қанша шаршап жатсақ та, ұялғаннан шығып көшенің қоқысын тазалаймыз", – дейді Тартоғай дәрігерлік амбулаториясының лаборанты Шайкүл Қожантаева.

Осындайда ауыл әкімі немесе аудан әкімдігі шырылдаған дәрігерлерге астарындағы қызметтік көліктерін неге бермейді деген сауал туындайды. Мәселен, Қызылорда қаласы әкімдігінің шенеуніктері осындай қиын-қыстау уақытта қызметтік көліктерін жедел жәрдемнің игілігіне ұсынған еді. Соған қарағанда Шиелі әкімдігіне халықтың денсаулығынан гөрі көліктері маңызды боп тұрған болу керек.

Дау болған мәселеге қатысты Шиелі аудандық орталық ауруханасы басшылығы:

"Шиелі ауданы Тартоғай елдімекеніне қарасты 2012 жылғы N558 санитарлық автокөлігі бұзылып, жөндеуге жіберілуіне байланысты, медициналық қызметті тоқтатпау үшін орнына уақытша N973 санитарлық УАЗ автокөлігі жіберілді. Одан бөлек биыл 5 жаңа УАЗ санитарлық автокөлікке тапсырыс берілді. Алдағы уақытта жаңа санитарлық УАЗ автокөлігін алу жоспарда тұр", – деп жауап берді.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу