Жеке кәсіпкерлер "7-20-25" бағдарламасынан шет қалмайды

7175

Әзірленіп жатқан мемлекеттік ипотекалық бағдарламада жеке кәсіпкерлерге қатысты шектеу қарастырылып отырған жоқ, деп хабарлады Ұлттық банк.

Жеке кәсіпкерлер "7-20-25" бағдарламасынан шет қалмайды

"7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкерлер де баспаналы бола алады. Бұл туралы Ұлттық банктің "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жолдаған сауалына берген жауабында айтылған.

"Бағдарламада жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін шектеу қарастырылмайды және бағдарлама әлеуметтік санатына қарамастан, халықтың тұрмысы төмен тобын қоса алғанда, барлық азамат үшін қолжетімді болады", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Қаржылық реттеуші бағдарлама еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен тұрақты табысы бар азаматтарға арналғандығын атап кетті.

"Ипотекалық жаңа бағдарлама еліміздің қалың көпшілігіне есептелген, ең алдымен, тұрғын үйі жоқ азаматтар қатыса алады", – деп атап кетті Ұлттық банк.

"Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері кәсіпкерлер тарапынан "7-20-25" ипотекалық бағдарламасының әзірлену барысында жеке кәсіпкерлер үшін табысты растай отырып несие рәсімдеу мүмкіндігі ескерілсе деген өтініштер жолданғанын айтып кетті. Ұлттық палата өз тарапынан аталған мәселені реттеуге қатысу ниеті бар екенін білдірді. Бұған дейін жеке кәсіпкерлер үшін коммерциялық қызметтен түскен табыспен тұрғын үй алу айтарлықтай қиын болған.

Еске салар болсақ, қазақстандықтарға қолжетімді ипотекалық несие рәсімдеуге мүмкіндік беретін жаңа тұрғын үй бағдарламасын жасау туралы ұсынысты 5 наурыз күні параламент палаталарының бірлескен отырысында президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлім еткен болатын.

"Әр жұмыскер несиеге үй ала алатындай, кейін осы қарызды отбасының мүмкіндіктеріне қарай төлей алатындай арзан ресурсты ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан "7-20-25" деп аталатын бағдарламаны іске қосуды ұсынамын", –деген болатын президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бағдарламаны әзірлеу үшін үкімет пен Ұлттық банк үлкен жұмыс жасау керек. Себебі бағдарламаға екінші деңгейлі банктермен қатар, қор нарығын да тарту керек болады.

"Ұлттық банк триллион теңгеден кем емес қаржы тартатын арнайы компания құрып, жоғарыда көрсетілген шарттар бойынша жаңа ипотекалық несиелерді сатып алуға бағыттауы керек", – деді мемлекет басшысы.

Қазір бағдарарлама әзірленіп жатыр. Ұлттық банк "7-20-25" операторы қызметін атқаратын "Баспана" ипотекалық компаниясы" еншілес мекемесін құрды. Бағдарлама бойынша Астана, Алматы, Атырау және Ақтауда алынатын үйдің бағасы 25 млн теңге көлемінде деп белгіленген. Ал өңірлер үшін 15 млн теңге болады деп отыр. Жоба осы жылдың екінші жартысында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Гүлназ Ермағанбетова, Карина Алимова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу