Жеке куәлігін көрсетпесе, неге темекі мен арақ сатпайды?

10303

Министр Цой мұның қаншалықты заңды екенін айтты. 

Жеке куәлігін көрсетпесе, неге темекі мен арақ сатпайды?

Шылымқорлар мен ішкіштер қысымның жаңа түріне жолықты. Көк түтінді бұрқыратуға немесе ішімдіктен бір ұрттауға құмартқан адамдар таяудағы дүкенге кірсе, сатушы жеке басын куәландыратын құжат талап етеді.

"Бұл не масқара? Тапа-тал түсте шылым сатпайды. Түнде сұраса, жөн. Жасым 65-те. Мектеп оқушысы емес екенімді көріп тұр. "Мені мазақтап тұр ма?" десем, дүкенші қыз: "тексерушілер солай деп кетті, әйтпесе қожайыным айыппұлды жалақымнан ұстап қалады" деп азар да безер болады. Үкіметтегілер өзі не шегеді?! Естері ауысқан ба?" – деп ашынады таксиші Асқар Берденов.

Бұл талап әсіресе, үй жанындағы дүкендерге қиын тиюде. Өйткені олардың онсыз да клиенті аз, ал келіп тұрған сатып алушыдан айырылу – ырысты ысырап етердей тірлік. Оның үстіне клиенттердің көбі жуық маңдағы үйлерден үнемі бас сұғатын жүзі таныс тұрғындар, олармен дүкеншілер жүз шайысқысы келмейді.

Бұл талапты қатаң сақтау ірі гипер-супермаркеттерге де оңайға түспеуде екен. Олар кассада жиі кикілжің туып, тұтынушылар тарапынан агрессия таныту көріністеріне жолығып жатқанын жеткізді. Елордадағы "Кеңмарт" гипермаркеттер желісінің басшылығы егже жастағы адамдарға осындай оғаш талап қою не үшін қажет болғанын түсінбейді.

"Біз ірі бөлшек сауда желісі саналамыз. Өзіміздің сауда орындарында темекі және алкоголь өнімдерін өткізу кезінде сатушыларымыз клиенттерден жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуді талап етіп жатыр. Олар тіпті орта жастан асқаны көзге ұрып тұрған адамнан да жеке куәлігін сұрауға мәжбүр. Салдарынан, сауда желісі жұрттың теріс реакциясына кезігуде: олар жасы 21-ден асқаны еш құжатсыз-ақ көрініп тұрған адамға не себепті күндізгі уақытта арақ-шарап немесе шылым сатудан бас тартып отырғанымызды түсіне алмайды", – дейді "Кеңмарт" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз хатында.

Денсаулық сақтау министрлігі халық және бизнес арасында кең ауқымды түсініктеме жұмысын жүргізбегендіктен, бұл тыйымның мағынасын тіпті кәсіпкерлер де білмейді, сөйтіп, клиентіне ұғындыра алмайды.

Үкімет мүшелеріне жүгінген бизнесмендер небары екі сұраққа жауап беруді өтінеді. Біріншіден, барлық адамнан жеке куәлікті талап ету не үшін қажет? Бұл сатып алушылардың жасын жаппай тіркеу үшін бе, әлде темекі және ішімдік құмарларға өз ниетін іске асыруға кедергі жасап, саламатты өмір салтына иліктіру үшін бе?

Екіншіден, сатып алушының егде жасқа жеткені анық көрініп тұрса, құжатын сұратпай-ақ оған алкоголь не темекі сату заңға қайшы келе ме? 

Заңда не жазылған?

Бірден айталық, бұл шу биылғы 2020 жылғы 7 шілдеде қабылданған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" жаңа кодекстен туындап отыр. Қоғамда қызу пікірталасқа азық болған атышулы кодексте "Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды және алкогольді тұтыну профилактикасы және оны шектеу" деп аталатын 110-бап бар.

Соның 4-тармағына сәйкес, темекі бұйымдарын, оның ішінде жоғарыда аталған барлық түрлерін сататын орындар біріншіден, жеке басты куәландыратын құжатты көрсетуді талап етуге, екіншіден, егер ондай құжат көрсетілмесе, темекі бұйымдарын және әлгі аталғанның бәрін сатудан бас тартуға міндетті.

Ұқсас талап осы баптың 18-тармағында жазылған: алкогольді өнімді сату кезінде сауданы жүзеге асыратын адамдар: 1) жеке басты куәландыратын құжат көрсетуді талап етуге; 2) егер ол көрсетілмесе, алкогольді өнімді сатудан бас тартуға міндетті.

Цой не дейді?

Денсаулық сақтау министрі жаңа Денсаулық кодексіне сәйкес, енді жеке куәлігін көрсетпеген адамға шылымды да, ішімдікті де сатуға болмайтынын қадап айтты.

"Сондықтан бұдан былай темекі бұйымдарын және алкоголь өнімдерін саудалайтын барлық орындар қандай жаста екеніне қарамастан бүкіл тұтынушыдан жеке басын куәландыратын құжатын ұсынуды талап етуге міндеттеледі. Тіпті қарт кісі келіп тұрса да", – деді Алексей Цой.

Оның түсіндіруінше, тұтынушылар мына құжаттардың кез келген біреуін көрсете алады: 1) Қазақстан азаматының паспорты; 2) жеке куәлігі; 3) шетелдіктің Қазақстанда тұруына ықтиярхат; 4) азаматтығы жоқ адамның куәлігі; 5) дипломатиялық паспорт; 6) Қазақстанның қызметтік паспорты; 7) босқын куәлігі; 8) теңізшінің жеке куәлігі; 9) шетелдіктің өз паспорты.

Бұл талапты бұзса, кәсіпкерлік нысаны әкімшілік жазаға тартылады.

Дегенмен, сарапшылар осы жерде бір гәп бар екеніне назар аудартады.

"Денсаулық кодексінде құжатын көрсетпеген клиентке тал түсте темекі не арақ-шарап сатса, сатушыны жазалайтын норма жоқ. Оған ілеспе заңда, яғни "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңында "21 жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сату" деген 423-1-бап бар. Тиісінше, 21 жасқа толмағанға темекі сатса, онда жеке тұлғаға – 15 АЕК (41 мың 670 теңге), шағын кәсіпкерлікке – 25 АЕК (69 мың 450 теңге), орта кәсіпкерге – 40 АЕК (111 мың 120 теңге), ал ірі кәсіпкерлік нысанына – 100 АЕК (277 мың 800 теңге) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайтадан қолға түссе, айыппұл екі есеге артады", – дейді заңгер Алексей Старков.

Былайша айтқанда, кәсіпкер, сатушы ең бастысы, 21 жасқа толмаған жас ұрпақ өкілдеріне шылым не ішімдік сатудан сақ болуы керек. Әйткенмен, бүгінде ерте есейген, ересек көрінетін жасөспірімдер де бар. Демек, түріне қарап алданып қалмау үшін құжатын сұратқан артық болмайды. Әйтпесе, мысалы, 21 жасқа жетпеген азаматқа арақ-шарап сатып қойса, кәсіпкердің оны сату лицензиясы тоқтатылады.  

Сарапшылардың айтуынша, бұл – дамыған елдердің тәжірибесі. Мысалы, Еуропаның Германия, Аустрия, Дания және басқа мемлекеттерінде темекі, сыра, арақ-шарап сатып алу үшін барлық адам жеке құжатын көрсетуге міндетті.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу