Жеке тұлғалар да салықтық рақымшылыққа ілігеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3512

1,3 миллион қазақстандықтың мойнында 17 млрд теңге салықтық қарыз бар.

Жеке тұлғалар да салықтық рақымшылыққа ілігеді

Бұл туралы қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде мәлім болды. Министр Әлихан Смайыловтың сөзінше, 2019 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша 1,3 миллион адам 17 млрд теңге көлеміндегі салықтық қарызды арқалап жүр. Оның 5 млрд теңгесі – өсімпұл.

"Осыған орай Салық кодексіне өзгертулер енгізіледі. Салықтық рақымшылықты осы жылдың соңына дейін өткізу керек. Амнистия көлік, жер, мүлік салықтарын қамтиды. Негізгі салықтық қарызды өтеген адамдардың өсімпұлы кешіріледі", – деп толықтырды сөзін бас қаржыгер.

Еске сала кетейік, биыл мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнес субъектілеріне салықтық рақымшылық жарияланған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуда.

"Салықтық рақымшылыққа 90 мыңға жуық кәсіпкер ілігеді. Бүгінде 28,5 мың кәсіпкер 6 млрд теңге көлеміндегі қарызын өтеді. Тиісінше, олардың 1,3 млрд теңге шамасындағы өсімпұлы мен айыппұлы кешіріледі", – деді Әлихан Смайылов.

Шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған салықтық рақымшылыққа 2018 жылдың 1 қазанына дейін жинақталған 358 млрд теңге көлеміндегі қарыз жатқызылған болатын.

Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері үш мәрте салықтық рақымшылық жасалған. Алғашқы амнистия 1997-1999 жылдары өткізілсе, екінші, үшінші акциялар сәйкесінше, 2011 және 2015 жылдары ұйымдастырылған. Салықтық рақымшылықтың нәтижесінде бизнес өкілдері қомақты қарыздан құтылып, кәсіптерін қайта жандандыруға мүмкіндік алды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу