Жеке тұлғалар мемлекетке 14 млрд теңге қарыз

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
11590

178 мың адамның 800 миллионға жуық өсімпұлына рақымшылық жасалды. 

Жеке тұлғалар мемлекетке 14 млрд теңге қарыз

Салық төлеушілер жер және мүлік салығын 1 қазаннан кешіктірмей төлеуге тиіс. Оларға мемлекеттік кірістер комитеті 19 қыркүйектен бастап шоттарында қалыптасқан берешек пен артық төлем туралы SMS-хабарлама жіберіп жатыр.

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отардың айтуынша, ұялы телефонға келіп түсетін SMS-хабарлама жеке тұлғаларды салық міндеттемесінен хабардар етеді. Дәл осындай SMS-хабарлама Kaspi Bank АҚ мобильді қосымшасы арқылы да жолданады. Бұдан бөлек салық туралы хабарламаның тағы екі түрі бар. Оның бірі коммуналдық қызмет ақысын жеткізушілердің курьерлері, екіншісі Еgov.kz, яғни  "Салық төлеушілер кабинеті" арқылы  жіберіледі.

Салықты екінші деңгейлі банктердің бөлімшелері, интернет-банкинг, төлем терминалдары және "Қазпошта" бөлімшелері арқылы төлеуге болады.

Дер кезінде қарызынан құтылмағандардың борышына күн сайын негізгі қарыздың 1,25 еселенген өсімпұлы қосылады.

"2018 жылдың мүлік және жер салығын төлеу мерзімі 2019 жылдың 1 қазанында аяқталады. Осы уақытқа дейін қарыздан құтылып үлгеру керек. Бұлай болмаған жағдайда негізгі қарызға күн сайын өсімпұл есептеледі. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 1 млн 400 мың жеке тұлға мемлекетке 14 млрд теңге қарыз. Көрсетілген соманың 6 млрд теңгесін өсімпұл құрап отыр. Өздеріңіз білетіндей, қазір ел аумағында салықтық рақымшылық жүріп жатыр. Осының аясында негізгі қарызын өтеген жеке тұлғалардың өсімпұлы кешірілуде. Бүгінге дейін 3,5 млрд теңге көлеміндегі негізгі қарызын төлеген 178 мың жеке тұлғаның 800 миллионға жуық өсімпұлына салықтық рақымшылық жасалды", – деді Олжас Отар.

Басқарма басшысының баяндауынша, салықтан жалтарып жүргендерді әшкерелеп, тезге салу үшін мемлекеттік кірістер комитеті еліміздің барлық өңірінде БАҚ арқылы 100 борышкердің аты-жөнін қалың көпшілікке жария етеді.

"Жамбыл облысы салықтық борышы көп адамдардың аты-жөні жазылған тізім мен олардың суретін алғашқылардың бірі болып жариялады. Қазақта "Өлімнен ұят күшті" деген сөз бар. Осы арқылы біз салық төлеуден жалтарып жүрген жеке тұлғаларды ақылға шақырамыз деп үміттенеміз. Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлемей жүрген жеке тұлғаларға заң аясындағы барлық шараларды қолданды. Біз ешкімнің құқығына нұқсан келтіріп отырған жоқпыз. Жеке тұлғалардың Конституциялық, азаматтық құқығына қол сұғылған жоқ. Салық органдарының өкілдері оларға заңды талап қойып отыр. Салықтық берешек мемлекеттік құпияға жатпайды. Салық барлық жерде жария түрде көрсетіледі және ол төленуі тиіс", –  деді Олжас Отар.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу