Жекешелендіру астынан жік шықты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4078

"Астана" қаржы орталығы монополиялық жағдайынан айырылып қалды.

Жекешелендіру астынан жік шықты

Бүгін ел үкіметі мен квазимемлекеттік сектордағы мемлекетті меншігіндегі біраз мүлкінен айыру және активтерін жекенің қолына тапсыру науқанына жауапты барлық жауапты тұлғаларды ертіп, еліміздің бас экономисі парламентке келді. Мәжілісте "үкіметтік сағат" аясында "Жекешелендіруді жүргізу барысы" қаралған болатын.

Әрине, шенеуніктер әдеттегідей көркейтілген көрсеткіштер мен әсем есептер ұсынды. Алайда сұрақ қойып, суыртпақтау барысында біраз келеңсіз жайттар анықталды.

Мәселен, отыз екі тістің арасынан шыға бермейтін бір жайтты мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко ашық айтты. Оның мәліметінше, ел басшылығы қойған міндетті жүзеге асырғансып, жауапты тұлғалар бизнес пен инвесторлар қолына берілетін мемлекеттік, республикалық және жергілікті объектілердің үлкен тізімі мен жоспарын түзеді. Содан жоғарғы жақ "үкімет бекіткен ол жоспардың орындалуын табанды түрде талап етеді".

"Алайда жауапты тұлғалар ол объектіні "үш рет саудаға шығарып, сата алмадық" дейді де, жоюға қояды. Сөйтіп, жекешелендірілуге тиіс нысан тұсына белгі соғады. Яғни, жоспардың бір пункті орындалды деп есеп беріледі. Бірақ шынында, ол объекті бір органнан алынып, екіншісіне тапсырылады. Немесе жойылған мемлекеттік кәсіпорын орнына басқасын құрады. Және бұл жалғыз-жарым мысал емес, байыбына барса, жетіп артылады. Салдарынан, шығынды кәсіпорын "жойылды" деп танылады. Бірақ ол ұйым бюджеттің мойнында ары қарай масыл болып отыра береді. Осылайша, жақсы идея профанацияға ұшырап, қадірі кетуде. Жекешелендіру бюджетті артық жүктемеден арылуға бағытталуға тиіс еді", – деді Владимир Божко.

Оның байламынша, жекешелендіру "ел бюджетін жеп отырған тәбеті зор мемлекеттік кәсіпорындар" қатарын көп сирете алған жоқ.

Сондықтан парламентшілер ел үкіметіне "жойылды, ликвидацияланды" деген белгі соғылған нысандардың кейінгі тағдырына шолу жасап, ревизия жүргізуді ұсынды.

Мәселен, депутаттар Павлодардағы "Баянтау" спорт сарайын және "Астана" мұз сарайын жекешелендіру қорытындыларына назар аудартты.

"Облыс әкімінің шешімі бойынша "Баянтау" коммуналдық кәсіпорны жойылды. Әділет органы бұл бұйрықты бекітті. Кәсіпорын жойылды", – деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек.

Сондай-ақ Павлодар облысы әкімдігінің "Кейбір мемлекеттік заңды тұлғаларды тарату туралы" 2017 жылғы 23 тамыздағы №260/5 қаулысы негізінде облыс әкімдігінің дене тәрбиесі және спорт басқармасының "Астана" мұз сарайы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны да таратылған көрінеді.

"Сонда қалай? Ол спорт сарайы бірнеше миллиард теңге тұрады ғой! Сендер не, ғимаратты қиратып тастадыңдар ма?" – деп аң-таң болды вице-спикер.

"Жоқ, әрине! Ғимарат қалай тұрды, солай қалды. Біз тек оның кәсіпорнын ғана жойдық. Яғни, қазір "Баянтау" коммуналдық кәсіпорны, "Астана" мұз сарайы" кәсіпорны жоқ. Ал ғимараттар дене тәрбиесі және спорт басқармасының басқаруына алынды. Нысандар ары қарай жұмыс жасауда. Және өте жақсы жұмыс жасауда. Оларда республикалық деңгейдегі, жергілікті маңыздағы спорттық іс-шаралар өз ыңғайымен жүргізілуде. Тек әкімдік балансында қазір", – деді Ұлан Жазылбек.

Өз кезегінде ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов аудан, қала немесе облыс деңгейіндегі нысандарға меншік иесі ретінде тиісті әкімдік жауап беруге тиістігін нықтады. Ол депутаттар көтеріп отырған мәселе бойынша жеке кеңес шақыруға, мәселенің басын сонда ашуға уәде берді.

Бас экономистің айтуынша, бұдан бұрын да жекешелендірулер жүргізілгеніне қарамастан, мемлекеттік сектор күні бүгінге дейін ел экономикасының едәуір бөлігін астына басып отыр. Соның кесірінен, жеке бизнес бюджеттен миллиардтарды оңды-солды шаша алатын квазимемлекеттік сектормен "қаржы және адами ресурстар бойынша тең бәсекеле алмайды".

"Мемлекеттік органдар ел басшылығы берген әрбір тапсырма, әрбір міндет бойынша ұйымдар құрып алады. Бұл квазимемлекеттік сектор субъектілері санының өсуіне, бір қызметті бір-бірінің қайталауына алып келеді және тұтастай алғанда ел бюджетінің жүктемесі ұлғаяды. Егер квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 2010–2014 жылдар аралығындағы өсу серпінін талдайтын болсақ, жыл сайынғы өсім орташа есеппен 5%-ды құрады және 2014 жылдың соңына қарай оның саны 7,7 мыңнан астам болды", – деп мәлімдеді Тимур Сүлейменов.

Сол себепті бәсекелестікті және жеке бизнесті дамыту, ел экономикасының салаларын жаңғырту және дамыту үшін инвесторларды тарту мақсатында елбасы үкіметтің 2014 жылғы 14 ақпандағы кеңейтілген отырысында ауқымды жекешелендіру жүргізу арқылы мемлекеттің экономикадағы үлесін дамыған елдер мүше "Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы" деңгейіне дейін, яғни жалпы ішкі өнімнің 15%-на дейін қысқарту міндетін қойды.

"Сары парақтар қағидаты" мемлекеттің экономикаға қатысуының маңызды қағидатына айналатын болады. Яғни, жеке бизнес бар жерде жұмыс істейтін мемлекеттің барлық ұйымдары бәсекелес ортаға беріледі.

Ол еліміздің ең ірі кәсіпорындарын, ұлттық компанияларын сату "стратегиялық инвесторларды тарту немесе IPO тетіктері арқылы қор нарығына шығару жолымен" жүзеге асырылатынын жеткізді. Объектілерді сату, бәсекелестікті және өнімнің сапасын арттыруға, инвесторға әлеуметтік және жаңа технологиялар енгізу жөніндегі міндеттемелерді жүктеуге мүмкіндік беретін белгілі бір талаптар сақталған жағдайда жүзеге асырылады.

"Біздің алға қойып отырған міндетіміз – ірі активтерді жылдам сату еместігін атап өту қажет. Мұндай мақсат тек шағын объектілерге ғана қойылады. Біз әрине нарықтық коньюктураға қараймыз және ірі активтерді жекешелендіруден түскен қаражатты барынша көбейтуге тырысамыз", – деді Тимур Мұратұлы.

Ірі активтер екі кезендік конкурс немесе сенімгерлік басқару арқылы өткізіледі.

Стратегиялық объектілер тікелей атаулы сату жолымен не IPO/SPO-ға шығару арқылы сатылады.

Маңызы аз шағын компаниялар аукциондардың немесе тендерлердің көмегімен жедел тәртіппен сатылады. Сатып алушы табылмаған жағдайда, әлеуметтік-экономикалық маңыздылығына қарай кәсіпорын қайта ұйымдастырылады не таратылады.

Әлеуметтік инфрақұрылым объектілері: стадиондар, демалыс саябақтары, балабақшалар және басқалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері пайдаланыла отырып бәсекелес ортаға беріледі.

Жалпы, 2017 жылы "Жекешелендірудің кешенді жоспары" жаңа 168 ұйыммен толықтырылған. Алайда артынша, президенттің тапсырмалары мен экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның ұсынымдары бойынша жекешелендіру жоспарынан 46 ұйым алып тасталды.

Қазіргі уақытта кешенді жоспар 902 объектіні қамтиды. 2017 жылғы өсімі 122 компанияны немесе 15,6%-ды құрады.

Кешенді жоспар іске асырылған 2 жыл ішінде 476 объект сатуға қойылды. Олардың ішінде 367 объект 164,7 млрд теңгеге сатылды.

Бұдан басқа 255 объект қайта ұйымдастыру және таратылу сатысында.

2017 жылы 461 объект сатуға жоспарланған болатын. Жоспар 97%-ға орындалды. 289 объект сатуға қойылып, оның ішінде 107,9 млрд теңгеге190 объект сатылды.

Жүргізілген сауда-саттық нәтижелері бойынша 2017 жылы өткізілмеген 10 объект әлі сатылған жоқ, министрдің сендіруінше, олар 2018 жылдың соңына дейін сатылады. 162 объект қайта ұйымдастырылды және таратуға жатады. 190 объектінің 77-сі (республикалық меншік бойынша – 3, коммуналдық меншік бойынша – 39, ұлттық холдингтердің активтері бойынша – 9, ӘКК – 26) аукцион арқылы өткізілген. Оның ішінде бастапқы бағасын төмендету арқылы 58 ұйым және бастапқы бағасын жоғарылату арқылы 19 ұйым сатылды. Тендер өткізу арқылы 107 (республикалық меншік бойынша – 11, коммуналдық меншік бойынша – 90, ұлттық холдингтердің активтері бойынша – 2, ӘКК – 4), тiкелей атаулы сату арқылы 3 объект және екі кезеңдік рәсімдер конкурсы арқылы 3 объект сатылды.

Ірі объектілер бойынша сатуға 21 объект шығарылды. Оның ішінде ұлттық холдингтер бойынша 19 объект, республикалық меншік бойынша 2 объект бар. Қазіргі уақытта 14 объект сатылды және "ҚазМұнайГаз" бен "Қазақстан темір жолының" алдағы IPO-сының шеңберіне 7 объекті өткізілді. Республикалық меншік бойынша 2 денсаулық сақтау объектісі сатылды ("ҚазМедТех" АҚ, "ҚазМедорталық" АҚ).

Квазимемлекеттік сектор бойынша 12 компания сатылды, активтерді сатып алушылар қатарында тиісті салаларда тәжірибесі бар трансұлттық ірі компаниялар бар.

Нақтырақ айтсақ, "KTZE-KHORGOS GATEWAY" акцияларының 49%-ы қытайлықтарға, "Shanhai Investment & Development Company Ltd COSCO Container Linesке", "Локомотив құрастыру зауыты" АҚ-ның 50%-ы халықаралық "GE Transportation Engines Holding B.V."-ге сатылды.

"Электровоз құрастыру зауыты" ЖШС-ының 50%-ы француздық Alstom ірі машина жасау компаниясына өткізілді, ол "Bombardier"-мен қатар энергетикалық жабдық және теміржол көлігін шығаратын әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады.

Осы ірі объектілерді сатудан жалпы көлемі 61 млрд теңге түскен. Бұл олардың баланстық құнынан 20%-ға жоғары екен.

Енді алда 7 ұлттық ірі компанияны жекешелендіруге ерекше көңіл бөлініп отыр, олардың үшеуі "IPO/SPO"-ға дайындалуда. Бір қызығы, бұдан бұрын олар "Астана" халықаралық қаржы орталығы алаңында саудаға шығарылады деп хабарланған. Осылайша, АХҚО-ның алғашқы қадамын ірі ету де көзделген. Алайда бұл қаржы орталығы туралы әлемдегі алпауыт инвесторлар мен бизнес орта көп білмейтіндіктен әрі сенім деңгейі төмендігіне байланысты, енді басқа алаңдарды да қарастыру жоққа шығарылмайтыны мәлім болды. Әйтпесе, инвесторлар үлкен қызығушылық танытпаса, ұлттық стратегиялық активтер арзанға бағаланып кетуі, көп қаржы жинай алмауы ықтимал.

"Еліміздің акционерлік капиталының ішкі нарығын дамыту және оның өтімділігін қамтамасыз ету IPO мақсаттарының бірі. Сондықтан ұлттық компаниялардың акцияларын "Астана" халықаралық қаржы орталығының алаңында орналастыру басым нұсқа болып табылады", – деген ұлттық экономика министрі "басым" болғанымен, бірақ "жалғыз нұсқа" еместігін растады.

Бұл ретте "депозитариялық қолхаттар" (GDR) түрінде шетелдік алаңдарда бір мезгілде листинг жүргізу нұсқасы қаралуда, бұл қосымша өтімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ шетелдік инвесторлар арасында акциялардың тартымдылығын жоғарылатады.

Елді әрине, қандай "жеті ұлттық қазынаның" сөреге шығарылатыны қызықтырса керек.

Атап айтқанда 2018 жылдың бірінші жартысының соңына дейін "Қазақтелекомның" акцияларын орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда.

Сондай-ақ "Қазатомөнеркәсіп" пен "Эйр Астананың" 2018 жылдың 4-тоқсанына қарай IPO-ға шығуы жоспарлануда.

Бұл ретте олардың акцияларын орналастырулардың түпкілікті мерзімі компаниялардың қаржылық жағдайы, макроэкономикалық жағдай, шикізаттың әлемдік бағалары ескеріле отырып белгіленетін болады.

"ҚазМұнайГаз", "Самұрық-Энерго", "Қазпочта" және "ҚТЖ" компаниялары бұл оқиғаны 2019-2020 жылдары бастан кешеді деп күтілуде. Қазір жоспарланып отырған IPO/SPO-ның қорытынды параметрлерін айқындау жұмыстары жүргізілуде.

Тұтастай алғанда 2017 жылы 546 ұйым мемлекеттік сектордан шығарылды, оның ішінде: 190 сатылған ұйым және таратылған 356 ұйым.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу