Жекешелендіру: стратегиялық нысандарды сатудан не ұтамыз

Елімізде жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жүзеге асуда.

Жекешелендіру: стратегиялық нысандарды сатудан не ұтамыз Фото: pavon.kz

Аталған жоспарға ел көлеміндегі мемлекеттің үлесі бар 675 нысан енген. Бүгінде жалпы құны 295 млрд теңге болатын 352 нысан кәсіпкерлердің басқаруына берілді. Тағы бірқатары қайта құрылып, кейбіреуі жойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жекешлендіру жоспарының ішінде Павлодар облысындағы бірқатар коммуналдық меншіктегі мекеме де бар.  Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Мырзахметовтың айтуынша, өңірдегі 19 нысан жекешелендірілетін мекемелердің тізіміне енді. Осы уақытқа дейін оның 13-і кәсіпкерлерге 219 млн теңге берілді. Жоспарланған нысандардың біреуі жабылса, біреуі сатылымға шығарылды. Сондай-ақ, алдағы бір-екі жыл дересінде тағы 4 мекеменің "тағдыры" шешіледі.

Бұл ретте қоғам мен жергілікті билік тарапанын сұрақ тудырып отырған екі маңызды нысан бар. Солардың бірі – Павлодар әуежайы. Ол да елдегі алты әуежай сияқты алдағы үш жыл аралығында мемлекеттің меншігінен жеке инвестордың қолына өтпек. Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын жұмысын бастаған павлодарлық әуе қақпасы соңғы жылдары мемлекет пен бизнес арасындағы "ала допқа" айналды. Олай дейтін себебіміз – стратегиялық маңызы бар бұл нысан біресе коммуналдық, біресе кәсіпкерлік меншікте болды.

Атап айтқанда, 1998 жылы "Иртыш-Авиа" әуе компаниясының құрамынан бөлініп шығып, бөлек мекеме атанды. Араға екі жыл салып акцияның 100%-ы Павлодар облысының әкімдігіне өтті. Ал 2006 жылы алдымен ҚР Көлік және коммуникация министрлігіне, бірнеше жылдан соң "Самұрық Холдингі" АҚ басқаруына берілді.  

2018 жылы Павлодар әуежайын кәсіпкерлерге сату туралы шешім шығарылды. Алайда мекемені 9,2 млрд теңгеге сатып алуға ниетті адам бола қойған жоқ. Заңнамаға сәйкес сатылымға шығарылып, бірақ өтпей қалған мекемелер жабылуы тиіс еді. Бірақ әуежай стратегиялық маңызы бар кешен болғандықтан, облыстық әкімдіктің меншігіне өтті. Сол уақыттан бері коммуналдық иеліктегі мекеме болып саналады. Бұл тұста әуежайдың жылдық табысы 329 млн теңгені құраған-ды. Ресми дерек бойынша, қандай да бір ұйымдар алдында берешегі болған жоқ.

Үкімет бекіткен жекешелендірудің жоспарына сәйкес, қазір әуежайды сату үшін сауда алдындағы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Оның нақты бағасы 2024 жылғы қыркүйекте жарияланады. Аудиторлық есепке жүгінсек, 2020 жылы әуежай 175,4 млн теңге, былтыр 204,8 млн теңге шығынға батқан. Бір жылда бұл әуе қақпасы шамамен 150-160 мың адамға қызмет көрсетеді.

Соған қарамастан, Павлодар облысының билігі әуежайды сатуға аса құлықты емес. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров стратегиялық маңызы бар нысанды жекенің басқаруына беруі тиімсіз болуы мүмкін деген пікірде. Бұған қатысты Бас прокуратура да құзырлы министрлікке бірнеше рет хат жолдаған көрінеді. Алайда Қайрат Мырзахметовтің пайымынша, әуежайды кәсіпкерге сатудан мемлекет ұтыла қоймайды. Оған мысал ретінде Алматыдағы әуежайдың жекеге берілуін келтірді. Ал Павлодардағы нысанға қатысты соңғы шешімді Ұлттық экономика министрлігі қабылдайды.

Сол сияқты жекешелендірудің кешенді жоспарына "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы еніп отыр. Химия, мұнай-химия және металлургия саласында ондаған зауыт шоғырланған бұл аймақ соңғы бірнеше жыл бойы тиімділігін дәлелдеп келеді. Мұнда бюджеттен бөлінген 1 теңгеге 10 теңге жеке инвестиция құйылады. Яғни, отандық және шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары. Ауыл шаруашылығында қолданылатын өңдеу заттары, алюминийден жасалатын дискілер, қыздырылған мұнай коксы сынды өнімдер шетел асып, өзге мемлекеттерге экспортталады. Инженерлік-коммуникациялық желілердің басым бөлігін дайын болуы әрі инвесторларға салықтық жеңілдіктердің жасалуы ірі өндіріс бастауға ниеттілерге оңтайлы болып тұр.

Соған қарамастан, Үкімет бұл нысанды да жеке инвестордың басқаруына беруге ниетті. Бірақ бұл бастаманы да жергілікті билік құптамай отыр. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сағыныш Нұрқымбаевтың сөзінше, индустриялық жобалар алаңын жекеге беру кейін қиындық тудыруы әбден мүмкін.

"Біріншіден, мұндай жағдайда мемлекеттің қаржысына салынған инфрақұрылымның барлығы жекеге өтеді. Демек, бюджеттік қаражаттың оң нәтижесі болмайды. Екіншіден, арнайы экономикалық аймақты жекеменшік компания басқарса, инвесторлардың сенімі, сәйкесінше олардың салатын қаражаты азаяды. "Павлодар" сияқты өзге өңірлердегі кейбір арнайы аймақтар жекешелендіру тізімінен шығарылды. Сондықтан біздің облыстағы басты инвестициялық орталықты да тізімнен алыс тастаған жөн деп санаймыз", - дейді Сағыныш Нұрқымбаев.

Қайрат Мырзахметов бұл мәселеге қатысты да нақты жауап бере алмады. Тек оның алдағы уақытта жан-жақты қаралатынын атап өтті.  

Осы жайттарды ескере отырып, әлеуметтік әрі экономикалық маңызы бар нысандарды жекенің қолына өткізген қаншалықты дұрыс деген ой туындайды. Мұндай бастаманың нәтижесі қандай боларын Екібастұздағы жылу желілерінде шыққан апат анық көрсеткендей. Сол тұста көпшілік стратегиялық нысанды бизнестің басқаруына беруге үзілді-кесілді қарсы болып, пікірлерді қарша боратқан еді. Бір жағынан, әр мекемені өз ісінің маманы жетекшілікке алғаны жөн шығар. Осыдан біраз уақыт бұрын сол кездегі Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов әуежайдың жұмысын шиырып әкететін инвестор табылса, әуе қақпасын 1 теңгеге де беруге дайын екенін білдіріп еді. Тіпті, сол үшін түркиялық инвесторларды да шақырды. Ал бұл жолы қалай болар екен? Әуежай мен арнайы аймақ жекешелендірудің құрбаны бола ма, әлде керісінше жемісіне айнала ма?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу