Жекешелендіру шеңберінде жоспарға енген 862 нысанның үштен бірі қайта тізімнен шығарылған

3213

Есеп комитеті Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары қалай іске асқанына аудит жүргізді. 

Жекешелендіру шеңберінде жоспарға енген 862 нысанның үштен бірі қайта тізімнен шығарылған

Жекешелендіру жоспары тағы да сиыр құйымшақтанып кетті. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізген аудиттердің қорытындысын бір ауыз сөзбен осылай түйіндеуге болады, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан бойынша бірнеше рет жекешелендіру науқаны жүргізілгені тарихтан белгілі. Соның соңғы толқыны кейінгі бес жылды қамтыды. Үкімет "Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары" деген құжат қабылдап, осының арқасында мемлекеттік меншіктегі активтер бәсекелі ортаға берілетіні, мемлекеттің экономикаға килігу деңгейі төмендейтіні айтылған.

Жоспар бойынша:

- Республикалық меншіктегі аса ірі 31 компания;

- "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ АҚ құрамына кіретін 130 компания;

- Бәсекелес ортаға берілетін 61 республикалық меншік ұйымы;

- Коммуналдық меншіктегі 440 кәсіпорын;

- Ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық холдингтер, сондай-ақ ұлттық компаниялардың еншісіндегі 195 тәуелді компания, яғни жалпы жиыны 862 нысан жекеншелендіріліп, бәсекелі ортаға берілуі керек еді.

"Мемлекеттік мүлік тізілімінің сайтындағы ақпарат бойынша, жекешелендірудің екінші толқынында жоспарға енген 862 объектінің 542-і сатылымға қойылып, жалпы сомасы 313,2 млрд теңгеге 498 объект сатылды", – деп жазады Есеп комитетінің мамандары.

Бес жыл ішінде 187 объект аукцион арқылы жекешелендірілген. Оның ішінде бастапқы бағаны төмендету жолымен 140, тендер арқылы – 149, конкурс пен басым сатып алу құқығы арқылы – 60, тікелей атаулы сату жолымен 27, қор биржасында 1 объекті сатылды. 73 объекті кейіннен сатып алу құқығы бойынша сенімгерлік басқаруға берілді.

Есеп комитетінің мамандары аталған шаралар экономикадағы мемлекеттің ықпалын азайтуға жеткіліксіз деп отыр. Өйткені ел экономикасының жалпы ішкі өнімінде үлесі үлкен орта және ірі кәсіпорындардың көбі әлі де болса мемлекет басқаруында қалып отыр.

Кешенді жоспар аясында сатылған 151 квазимемлекеттік компанияның бастапқы бағалау құны 276,7 млрд теңге болса, сату сомасы 294,3 млрд теңге болған. Яғни квазимемлекеттік активтер бастапқы құнынан 6%-ға қымбатқа өткен.

Республикалық меншік объектілерін сатудан түскен 64,2 млрд теңге республикалық бюджетке, 44,3 млрд теңге Ұлттық қорға аударылды. Бұл ақша Ұлттық қордың түсімдерінің 1%-на да жетпейді. Республикалық меншіктің тағы 15 объектісі жалпы сомасы 37,2 млрд теңгеге кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді.

"Талдау нәтижелері республикалық меншіктегі 63 нысанның бағалау құны 86,6 млрд теңге болса, сату сомасы 64,2 млрд теңге боғлан. Бұл нысандардың 89%-ы бастапқы бағасынан 1,2-2 есе арзанға өтті", – деп жазылған Есеп комитетінің мәліметінде.

Жекешелендіру жоспарына енген 440 коммуналдық меншіктегі нысанның 368-і сатылымға шығарылған. Оның 185-і төмендетілген бағамен сатылды.

"Сауда-саттықта сатылған 160 ұлттық компанияның бағалау құны 11,4 млрд теңгені құрады. Ал сату сомасы 10,4 млрд теңге болды. Жалпы сатылған объектілерді сату бағасы олардың бағалау құнынан аспайды. Яғни сатудың теріс тиімділігі байқалады", – деп жазылған құжатта.

Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың активтерін бәсекелес ортаға беру нәтижелері (млрд теңге).

Жекешелендірудің екінші толқыны аясында қабылданған шаралар сыртқы формасы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының талаптарына сай жасалғандай әсер қалдырады. Ол бойынша мемлекеттің қатысы бар компаниялардың ұлттық экономиканың жалпы ішкі өніміндегі үлесі 15%-дан аспауы керек.

"Бұл міндетке қол жеткізілгеніне қарамастан, жекешелендіру нәтижелеріне оң қорытынды баға беру мүмкін емес. Алты жыл ішінде дамыған жекешелендіру процестері жеке сектордың экономикалық мүмкіндіктерінің айтарлықтай өзгеруіне әкелген жоқ. Өйткені жекешелендіруге мемлекеттік тапсырыс есебінен ғана жұмыс істеп отырған, инвестициялық тұрғыдан тартымсыз әрі тиімсіз ұйымдар қойылды. Экономика сегментінде ЖІӨ-нің 48%-ын құрайтын үш ірі холдинг бәрі бір мемлекет меншігінде қалды", – деп бағалайды сарапшылар.

Қазіргі таңда Мемлекеттік мүлік тізілімінде 4 218 мемлекеттік кәсіпорын, 1 262 шаруашылық жүргізу құқығы бар мемлекеттік кәсіпорын, 185 акционерлік қоғам және 330 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың еншісіндегі тәуелді ұйымдардың құрамында 102 акционерлік қоғам мен 439 ЖШС бар. Мемлекеттік меншік мүлкін жалға алудың 12 634 шарты жасалған.

Есеп комитетінің бағалауы бойынша, 2016-2020 жылдары жүргізген жекешелендіру жұмыстарында шешілмеген проблемалар баршылық.

Олар:

- Белгіленген нысаналы индикатордың бағалауға қолданылмайтындығы;

- Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалмауы;

- Жекешелендіру тізіміне енген  нысандардың үштен бірінің қайта шығарылуы;

- Нысандарды бастапқы құнынан әлдеқайда арзанға сатудың белең алуы;

- Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларының бұзылуы;

- Міндеттемелерді бұзу және сенімгерлік басқаруға берілетін объектілерді тиімсіз басқару;

- Бірқатар жекешелендірілген ұйымдардың салық түсімдері мен жұмыс орындарының күрт азаюы.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу