"Желтоқсан оқиғасы емес, көтерілісі болуға тиіс"

4513

Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың статусын нақтылайтын заң қабылдануға тиіс деп есептейді сол кездегі көтеріліске қатысқан Тотай Ерімбетов. 

"Желтоқсан оқиғасы емес, көтерілісі болуға тиіс"

Желтоқсан оқиғасына қатысқан Тотай Ерімбетов бүгінде Қарағанды облыстық  сотының судьясы болып еңбек етуде. Ол 1986 жылы 17 желтоқсанда ҚазМУ -дің 2 курсында оқып жүргенде студент жастармен бірге Алматыдағы алаңға шыққан. Жастардың ойында "қырамын-жоямын" деген қастық ниет болмаған олардың барлығы қолдарына плакат ұстап мерекеге бара жатқандай еркін жүрген. Тотай Ерімбетов "тіпті бізді ҚазМУ- дің жанынан автобуспен алаңға апарып тастады,ешкімде мұндай қырғын болады деген күдік болған жоқ" деп еске алады.

"Мен тергеуде көп жүрдім,сонда бізден кім ұйымдастырушы болды деп сұрай береді. Мен ол намыс бізді алаңға шығарған деймін. Заң факультетінде оқып жүрдім, қалай жауап беру керек екенін білдім. Сол жылдың қарашасында ғана Ресейден әскерден келіп, енді ғана университетте оқып жүрген едім. Енді он мың адам шықты алаңға оның барлығын соттай беру де мүмкін емес қой. Тергеуде болып көп әуре сарсаңға түстім",-дейді Тотай Ерімбетов.  

Тотай Ерімбетов Алматыда 17 желтоқсанда күндізгі уақытта қауіп туғызатын жайт болмағанын айтады. Осы кезде алаңға жиналған он мың жас "Менің Қазақстаным" әнін бірге шырқаған. Осы патриоттық әнді шырқаған сәт өте әсерлі болды деп еске алады Тотай Ерімбетов. Нағыз қанды қырғын 17 желтоқсан күні кешке жақын басталған.  18 желтоқсанда Алматыға жан -жақтан әскер жеткізіп,қарусыз жастарды ұрып соғып, қырғидай тиген.

"Қолына плакат ұстап,сөз сөйлеп талаптарын айтып белсенді болғандардың көбісі студент жастар болған еді. Бүгінде Желтоқсанды оқиға деп айтқанды мүлдем қою керек. Екі-үш адам жанжалдасып қалса немесе жол көлік апаты  болса ,соны оқиға деп айтады. Ал желтоқсанда көтеріліске он мың адам шықты, қыршын кеткендер бар. Бұл желтоқсан оқиғасы емес, Желтоқсан көтерілісі деген атқа ие болуы керек. Содан кейін желтоқсаншылардың статусын анықтайтын арнайы заң қабылдануы керек",-деді Қарағанды облыстық сотының судьясы Тотай Ерімбетов.

Тотай Ерімбетов "кезінде коммунистпін деп партияға беріліп, отанға сатқындық жасап алаңға шықпағандардың  көбісінің  өмірде жолы болған жоқ" деп есептейді.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу