Сарапшылар: Желтоқсанның басына қарай теңге нығаяды

Алдағы жылы инфляция деңгейі мақсатты дәлізге орала ма? 

Сарапшылар: Желтоқсанның басына қарай теңге нығаяды

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сараптама орталығы 2021 жылдың қараша айындағы нарықтың кәсіби қатысушылары арасында жүргізілген кезекті сауалнама нәтижелерін ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Сарапшылардың пікірінше, ұлттық валютаның қазіргі бағамы мұнай, рубль және ақша-несие саясатытының оң динамикасын айшықтамайды. Соған қарамастан сауалнамаға қатысушылар биылғы жылдың желтоқсан айының басында доллар бағамының 425,9 теңгеге дейін нығаюын болжайды. Еске сала кетсек, қазіргі көрсеткіш бір доллар – 429,5 теңге төңірегінде. 

"Мұндай болжамдар энергетика саласындағы өзгерістер байланысты болуы мүмкін. Себебі желтоқсан айының басына қарай Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 89 долларға дейін өсуі ықтимал. Ал қазіргі көрсеткіш барреліне 83 доллар шамасында", – деп нақтыланған Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы таратқан хабарламада. 

Сарапшылардың көпшілігі (62%) Ұлттық банктің 6 желтоқсанға жоспарланған отырысында базалық мөлшерлеме 9,75% деңгейінде сақталады деп есептейді. Еске сала кетсек, биыл бұл көсеткіш қатарынан үш рет өсті.  Ал өзге сарапшылар (38%) базалық мөлшерлеме 10%-ға дейін дейін артады деп есептейді. 

Инфляцияға келер болсақ, сарапшылар мен бас банктің болжамы екі түрлі. 

"Алдағы 12 айда инфляция айтарлықтай төмендейді. Бірақ оның мақсатты дәліздерге оралуы әлі де қиын. Алдағы жылы орташа инфляция деңгейі 7,5% (қазіргі уақытта 8,9%) болады", – деп нақтылады сарапшылар.

Бұған дейін Ұлттық банк 2022 жылдың соңына қарай инфляциялық үдерістер 4-6% мақсатты дәлізіне қайта оралады деп болжаған еді. 

Сарапшылар алдағы 12 айда елімізде экономиканы қалпына келтіру үрдісі жалғасатынын айтады. Осылайша, жалпы ішкі өнімінің өсімі 3,7%-ға (қазіргі 3,5%) жетуі мүмкін.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу