Жемқор орынбасары үшін министрдің отставкаға кетпеуі заңдастырылмақ

2350

Қоластындағы адамдар жемқорлығы үшін ұсталса да министрлер мен әкімдер міз бақпай, қоғам мен журналистер сынын шыбын шаққан құрлы көрмей, орнында отыра береді. Енді мұндай арсыздық заңдастырылуы да мүмкін.

Жемқор орынбасары үшін министрдің отставкаға кетпеуі заңдастырылмақ

Мұндай батылдыққа қазақстандық саясат сахнасының корифейі Анар Жайылғанова да бара алмаған еді. Ал қаңтар оқиғаларынан кейін оның орнына келген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев тосын қадамға барғалы тұр.

Оның командасы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарды. Құжаттың елең еткізерлік жаңалығы бар.

Қолданыстағы "Мемлекеттік қызмет туралы" заңының "Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң отставкаға шығуы және қызметтен шығарылуы" аталатын 60-бабының 3-1-тармағына сәйкес, егер орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы, аудан, қала, қаладағы аудан әкімі, не басқарма басшысы жемқорлық қылмыс жасаса, онда министр, әкім, меморган басшысы отставкаға кетуге міндетті.

Заң талабы бар, бірақ ол көп жағдайда орындалмайды. Мысалы, 2019 жылғы 12 тамызда Қостанай қаласының №2 соты Әулиекөл ауданының экс-әкімі Асхат Қисықовты 7 миллион теңге пара алғаны үшін айыпты деп танып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Соған қарамастан, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жымқор бағыныштысы үшін қызметінен кетуге ниеті жоғын білдірді. Соның алдында, 17 маусымда Федоров ауданы әкімінің орынбасары да пара алу үстінде ұсталды. Алайда сол ауданның әкімі Т.Исабаев сөгіспен құтылды. А.Мұхамбетов әлі күнге аймақты басқаруда.

2021 жылғы ақпанда Нұр-Сұлтанда сот мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Сыдықовты 10 миллион теңге пара алғаны үшін айыптаған үкім шығарып, шенеунікті 5 жылға соттады. Бұл ретте қала әкімі емес, елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен отставкаға өтініш жазды. Бірақ қалабасы Алтай Көлгінов өз орынбасарының отставкасын қабылдамады, қатаң сөгіс қана берді. Құқықтанушылар бұл шешімді қатаң сынады, ал сенатор Мұрат Бақтиярұлы астаналық мәдениет басқармасының басшысын Бақтияр Мәкен емес, қала әкімі тағайындағанын, сондықтан А.Көлгіновтың өзі кетуге тиістігін еске салды. Халық сынына қарамастан, Көлгінов қазір де бас қаланы тып-тыныш қана басқарып отыр.

Айтпақшы, оның алдында, 2019 жылдың қарашасында елордалық Байқоңыр ауданының әкімі Асқар Есілов iPhone соңғы маркасы түрінде пара алып, тұтқындалған. Сонда да елорда жұртшылығы заң талабына сәйкес Көлгіновтің отставкасын талап еткен еді. Ол заңның әзірге күшіне енбегенін алға тартып, отставкаға өтініш жазбады.

Амандық Баталов Алматы облысының әкімі болып тұрған кезде оның бірнеше бағыныштысы коррупциялық қылмыстары үшін ұсталды. Мысалы, Талғар ауданының экс-әкімі Серікжан Ерекешев пара алу кезінде тұтылды. Облыс әкімі оны жарты жыл бұрын ғана аудан әкіміне дейін жоғарылатқан. 37 миллион теңге пара алды деген айыппен білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова ұсталды. Халық та, сарапшылар да аймақ басшысының орынтағын сақтап қалғанына таңғалды. Баталов өңірді табан аудармай, 7 жыл басқарып, былтырғы қарашада басқа себеппен орнынан кетті. 

Сондай-ақ өшу орнына өскен, жаза орнына жоғарылаған жағдай да болды. Мысалы, өз орынбасары Серікбай Қожахметов мердігерден откат-пара алғаны үшін 3 млн теңге айыппұл төлеуге жазаланған соң Алматы облысының Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев отставкаға өтініш береді. Алайда оның жоғарғы басшысы Бигелдиевтің өтінішін қабылдамады. Дегенмен аудан әкімі табандылық танытып, өз еркімен жұмысынан кетті. Бір қызығы, ол жоғары қызметсіз бір тәулік те өткізбеген. 2020 жылғы желтоқсанда "Қазреставрация" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры болып тағайындалды.

Ұқсас жағдайды Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев та бастан өткерді: коррупцияға қолын арамдаған бағынышты шенеунік үшін ол аймақта бірінші болып, отставкаға берген болатын. Ізінше шенеунік Алматы облысы әкімінің кеңесшісі болып орталыққа аттанды.

Қорыта айтқанда, кезінде жемқорлыққа жойқын соққы береді деп билік сонша дәріптеген заң нормасы толыққанды жұмыс істемейді. Сонда не істеу керек? Заң талабын пәрменді орындату үшін тегеурін танытқан жөн шығар?

Оның орнына билік отставкаға кетпеуді заңдастырмақ, соның заңды негізін қаламақ. 

"2019 жылғы 10 желтоқсаннан бастап тікелей бағыныштыларының сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін бірінші басшыларының жауапкершілігіне қатысты жаңашылдық күшіне енді. Сонымен қатар мониторинг нәтижелері анықтағандай, отставкаға кетуге тиіс 25 саяси қызметшінің 15-нің немесе 60%-ының отставкасы қабылданбады. Бұған қалай жол берілді? Өйткені заңда жоғарғы басшыға оны қабылдаудан уәжді түрде бас тартуға мүмкіндік берілген. Бұл ретте жоғарғы басшы субъективтілік танытып, заң талабын өз білгенінше түсіндіре алады. Жоғары тұрған лауазымды тұлғалардың өз өкілеттіктерін теріс пайдалануын тыю, шектерді белгілеу үшін бірнеше шарт ұсынылады. Сонда саяси мемлекеттік қызметшінің отставкасы туралы шешімді ол өз қалауы бойынша емес, объективті негіздерге сүйеніп, міндетті әрі баламасыз тәртіппен қабылдайды", – деді заң жобасына түсініктемесінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.

Агенттік 3 негізді ұсынып отыр. Егер осы үшеуінің біреуі болса, онда саяси мемқызметші міндетті түрде отставкаға кетуі керек. Болмаса, отыра беруіне жол ашық.

Біріншісі – бағыныштысы жемқорлық қылмысымен мемлекетке немесе қоғамға ірі шығын келтірсе, оның басшысы жазалануға тиіс.

Екіншісі – жемқорлық оқиғасы қайталана берсе, жазаланбақ.

"Бұл негізге келсек, жоғарғы басшылық бақылаусыз, бассыз жіберсе, салғырттық танытса, коррупциялық құбылыстарды анықтау және жол бермеу бағытында пәрменді профилактикалық шаралар қабылдамаса ғана қылмыстар қайталана беретіні даусыз. Осыған байланысты, аталған критерийді қарастыруды ұсынып отырмыз. Ол бағыныштылары арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша пәрменді тетікке айнала алады", – деген пікірде агенттік төрағасы.

Үшінші негіз – екіншісіне ұқсас. 2 және одан көп рет парақорлықпен ұсталса, басқа да коррупциялық қылмыс жасалса, іске қосылады. Тек бір айырмашылығы, екінші негіз – бір шенеуніктің жемқорлық қылмысымен бірнеше рет ұсталуын қарастырады. Ал үшінші негіз бір емес, бірнеше бағыныштысының коррупциялық құқық бұзушылығы әшкереленсе, қолданылады.

Агенттік Тоқаевқа бұл қыспаққа қалмауға, маневр жасауға мүмкіндік беретін жеке соқпақ ұсынып отыр.

"Қазақстан Президентінің конституциялық құқықтарын шектеуді болдырмау үшін осы ұсынылып отырған негіздер Мемлекет басшысы тағайындайтын және босататын саяси мемлекеттік қызметшілерге таралмайтын болады", – деп түсіндірді агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев.

Бұл ретте елімізде облыс және үш мегаполис әкімдерін де, барлық министрлерді де Президент тағайындайтыны және босататыны мәлім. Егер Жазықбаевтың жазғанына Парламент мақұл десе, онда облыс әкімдері де, Үкімет мүшелері де тіпті барлық орынбасарлары жемқорлығы үшін ұсталса да, мырс-мырс күліп жүре бермек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу