Жемқорлардан қашқан қылмыстық қудалау кибер әлемге құлаш ұрды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3781

Қазақстан "электронды қылмыстық іс" жүргізуге көшті.

Жемқорлардан қашқан қылмыстық қудалау кибер әлемге құлаш ұрды

"Е-қылмыстық іс" жобасы бас прокуратурада таныстырылды. Өйткені бұл жобаны оның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті, бюджеттен қосымша шығынсыз, өзі жасап шығыпты. Бірақ басты қадағалаушы орган сыртында, бұл үдеріске сондай-ақ жоғары сот, ішкі істер министрлігі, қаржы министрлігі, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тартылып отыр.

Бұл жоба елбасының өз жолдауындағы "елімізде цирфрлық технологияларды дамыту" туралы тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда.

"Е-қылмыстық іс" бағдарламасы қылмыстың тіркелуінен бастап, оның тергелуі және үкім орындалғанға дейінгі қылмыстық процестің барлық сатысын тегіс қамтитын болады.

Бас прокурор Жақып Асановтың айтуынша, бұл жоба құқық қорғау органдарындағы кейбір қарау ниетті қызметкерлерге ұнамауға тиіс. Себебі, ол жемқорлыққа тосқауыл қоюға бағытталады. Сонымен бірге, оның сендіруінше, бұдан былай қылмыстық іске қатысты құжаттардың жоғалуы тыйылады.

Елбасының "100 қадам" ұлт жоспары мен жолдауы шеңберінде біз бірнеше IT-жобаларды іске асырып жатырмыз", – дейді Жақып Асанов. "Әрине, бұл бір күндік жұмыс емес. Бірақ, айтарлықтай нәтижелер бар. Біріншісі – "Заңдылық" жүйесі. Ол жоғарғы сотпен бірге ортақ құралға айналды. Онда Қылмыстық кодекстің барлық нормалары цифрланған. Прокурор немесе сот шешім дайындағанда бұл жүйе қателерді бірден өзі анықтап, дұрыс шешімді көрсетіп береді. Бұл қандай қателер? "Жаза тым қатал немесе негізсіз жеңіл, режим түрі дұрыс таңдалмаған" деуі мүмкін. Конфискация, басқа да қосымша жазалар қалып қойған жоқ па деген 100-ден астам сұрақ бойынша жөн сілтейтін жүйе. "Заңдылық" жүйесі прокурор мен соттардың санасын өзгерте бастады. Олар заңдарды мұқият оқып, қайта-қайта тексеретін болды. Сот шешімдерінің сапасы да жақсарды. Апелляцияда қайта қаралған қылмыстық істер 40%-ға азайды.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін "Заңдылық" жүйесін барынша күшейтіп, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысқа толық енгізу жоспарланып отыр.

Құқық қорғауды "киберәлемге" көшірудегі екінші отандық IT-өнім – "әкімшілік істер". 2016 жылы олардың саны 4 миллион болыпты. Айыппұлдар сомасы 64 миллиард теңгеге жеткен.

"Хаттамаларды 64 мемлекеттік орган толтырады. Бұл салаға бүкіл мемлекеттік аппарат пен әрбір төртінші тұрғын тартылған. Бірақ, айыппұлдардың төленуі 50%-ға төмен. Хаттамалар да қағаз жүзінде. Яғни, істер жоғалады, мерзімдер кешігеді, фальсификация бар. Сондықтан 64 органның әкімшілік істерін цифрлық форматқа көшіретін жүйе жасаудамыз. Бір ай бұрын ішкі істер министрі және қала әкімімен жергілікті полицияға 50 планшет бердік. Онда біздің ІТ-өнім енгізілген. Планшетте барлық мәлімет бар: неше рет ереже бұзды, бұрынғы айыппұлдары төленген бе, көлікті айдап кету (угон) болған жоқ па және тағы басқалары. Бұл контент мемлекеттік органдардың базаларынан автоматты түрде алынады",- дейді бас прокурор.

Ол енді Қазақстанда "электронды хаттаманы жоғалту немесе қолдан жасау мүмкін еместігін" нықтады.

"Ол біздің әкімшілік істердің ЕРАП деген реестрінен бірден көрінеді. Хаттама мен айыппұл төлеуге қазіргідей апталар мен айлар емес, 5-ақ минут жеткілікті. Қызметкерлеріміздің қаншама уақытын осылай үнемдейміз", – деді Жақып Асанов.

Үшіншіден, қылмыстық процесті оптимизациялауға жол ашылады. Қылмыстық процесс – ұзақ, қиын әрі көп шығынды қажет ететін сала.

"Сондықтан ішкі істер министрлігімен бірге біз 7 ірі ауданды таңдап, сынақ жасадық. Сонда көзіміздің жеткені: қажеттілігі жоқ, керек емес, артық іс-әрекеттерден, қағаздардан құтылсақ, айлап тергелетін істерді 5 күннің ішінде бітіріп, сотқа жіберуге болады екен. Ол үшін тергеу мен прокурорлардың жұмысын тиімді ұйымдастыру керек. Сол 7 ауданда осындай форматпен 5 күнде қылмыстық істердің 70% сотқа жіберіп тұрдық. Бұл дәлелі жеткілікті, ешкім дауламайтын, мойындалған істер. Осының арқасында тергеушілердің қолдары босап, бар уақытын ашылмаған, ауыр, қауіпті қылмыстарға жұмсайтын болды", – дейді бас прокурор.

Оның мәліметінше, бұл пилоттық жобаға қазір соттар да қызығушылық білдіріп, қатысамыз деп жатыр. Олар қосылса, онда елімізде істердің 70%-ы қылмыс жасалған сәттен бастап, 2 аптада үкімге қол жеткізетін болады екен.

"Бұл, әрине, бюджетті біраз шығыннан босатады. Оған қоса сол 7 ауданда тергеушілер мен прокурорлардың үстінен шағым 30%-ға азайды. Екінші жағынан, бұл істер тез тергеліп, сотта қаралған соң жемқорлыққа да жол азаяды. Осы пилотты 1 шілдеден бастап бүкіл республикаға тараттық. Осы тәртіп қылмыстық-процестік кодекс арқылы тергеу мен прокурорлардың міндетіне айналмақ. Қазір құқық бұзушылықтарды тіркеу толық цифрлық форматта. Сот процесі бойынша да проблема жоқ. Көп ұзамай жазаны орындауға дейін бәрін онлайн режимде көретін боламыз" – деді Жақып Асанов.

Ол цифрлық технологияларға көшсек, "қоғамның жанына батып жүрген біраз проблемаларды шешерімізге" бек сенімді.

"Олар өздігінен жойылады. Сондықтан осыған қатты мән беруіміздің себебі сол", – деп түйді бас прокурор Жақып Асанов.

Сонымен, қорыта айтқанда, Қазақстан қылмыстық істерден құжаттардың жоғалып кетуімен немесе сол құжаттарға өзгерістер енгізілуімен "электронды қылмыстық іс" жүргізу арқылы күресуге бет бұрды. Жаңа жүйе құқық қорғау органдарындағы коррупция деңгейін төмендетуге, іс жүргізудің мөлдірлігін арттыруға, сондай-ақ полиция мен прокуратура қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтуға ықпал етеді делінді. 

Себебі, бұл жүйеде қандай да бір құжатты жойып жіберуге немесе оған түзету енгізуге мүмкіндік жоқ көрінеді. Барлық мәліметтер бастапқы түрінде сақталатын болады.

Бас прокурор құқық қорғау органдарындағы арам қол қызметкерлер тарапынан қарсыласу болатынын күтеді.

"Мынаны түсінуіміз керек: біздің көбіміз өзгерістерді қаламаймыз. Үйреншікті жұмыс тәртібін өзгерту кімге ұнасын?! Бұл ошақ иесінің тірлігі сияқты: ол ыдыс-аяқтың өзі білетін жерде жатқанына бой үйретеді, ешкімге де олардың орнын ауыстыруға жол бермейді. Мында да солай. Ертең қарсыласу, қарсы тұру болады. Бұл жаңалыққа күмән келтіретін адамдар табылады. Бірақ біз ерте ме, кеш пе, оны ендіріп шығамыз. Бұл ретте біздің арамызда оған зиян келтіріп бағатын әріптестеріміз міндетті түрде табылады. Оларға өз жұмысындағы мұндай мөлдірлік ұнамайды. Өйткені олар өздерін осы қағазбасты істің қожайыны ретінде сезінеді", – деді бас прокуратурада өткен кеңесте жиналғандарға қайырылған Жақып Асанов.

Бұл жиынға осы ведомство сыртында, жоғары сот, ішкі істер министрлігі, қаржы министрлігі, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдері қатысты.

Жүйе алдымен, пилоттық режимде, бүгіннен, яғни 15 тамыздан бастап, Жамбыл облысында іске қосылмақ. Сондай-ақ Астана ішкі істер аудандық бөлімінде де өмірге жолдама алуға тиіс болған, бірақ арнайы шифрлаушы аппараттың болмай шығуы салдарынан кейінге қалдырылыпты. Бас прокурор бұл мәселені 21 тамызға дейін шешуді жүктеді. 10 қыркүйектен бастап жүйеге Атырау және Шығыс Қазақстан, ал 20 қыркүйектен бастап, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстары қосылады.

Жүйенің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оған кіре алатын әрбір қызметкер дербес логин мен парольға ие болады. Бірақ кіру үшін бұл да жеткіліксіз көрінеді. Толық аутентификациядан өту үшін саусақ таңбасы да қажет болады екен.

Қорыта айтқанда, "электронды қылмыстық істің" берері жетерлік деседі. Біріншіден, қылмыстық істі бұрмалау болмайды, істер жоғалмайды. Екіншіден, қажеті жоқ, артық қағаздан құтыламыз. Үшіншіден, электронды форматқа көшсек, істер тезірек тергелмек. Жүйеде 100 шақты процессуалдық құжаттың шаблоны болады. Соттан санкцияны электронды түрде алуға болады.

Төртіншіден, талдау-аналитика күшейеді. Әрбір қылмыстық іске терең үңіліп, мемлекет бойынша біркелкі практика қалыптастыруға мүмкіндік ашылмақ. Бесіншіден, жәбірленуші, айыпталушы, адвокат істің қалай тергеліп жатқанын кез келген уақытта онлайн режимде көре алады. Алтыншыдан, электронды шағымдар модулі жұмыс істей бастайды. Тараптар тергеушінің іс-әрекетіне шағым келтірсе, оны прокурор бірден онлайн тексере алады.

Бағдарлама бөгде адамдардың, соның ішінде жүйенің әкімшілерінен қылмыстық іс материалдарына рұқсатсыз қол жеткізуінен барынша қорғайды. Істің материалдарына қол жеткізу тек қана істі жүргізетін тергеушіде және прокурорда болады.

Жоғарғы сот жанындағы соттардың кызметін қамтамасыз ету департаментінің ақпараттық технологиялар және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі Серғазы Омаштың айтуынша, бұл жоба бүгіннен бастап, іске қосылуы үшін жоғарғы соттың, бас прокуратураның, қаржы министрінің, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының және ішкі істер министрінің "Бірлескен бұйрығы" қабылданыпты.

"Басты мақсат – қылмыстық сот ісін жүргізуге сандық технологияларды енгізу, оның айқындығын арттыру, қылмыстық процестің мерзімін қысқарту, сондай-ақ қағаз жұмыстарын оңтайландыру. Жамбыл облыстық сотында "Электрондық қылмыстық іс" пилоттық жобасын енгізу бойынша кеңес өтті, сонда қатысушылар "электрондық қылмыстық іс" функционалдық модулінің жетілдірілуі бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді", – дейді Серғазы Омаш.

Негізі, аталған мемлекеттік құрылымдар жүйені ілгерілетуге құлшынып отыр. Ақыры не болатынын өмір көрсетеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу