Жемқорлыққа қарсы бюро Мұхтар Әбілазовты Астанаға шақырды

14633

Мұхтар Әбілазовқа "БТА банк" қаражатын жымқыруға қатысты жаңа айып тағылды.

Жемқорлыққа қарсы бюро Мұхтар Әбілазовты Астанаға шақырды

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы "БТА банк" АҚ бұрынғы топ-менеджменті Мұхтар Әбілазов, Жақсылық Жарымбетов және басқаларға қатысты қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеу жұмысын жалғастырып жатыр деп хабарлады жемқорлыққа қарсы мекеменің баспасөз қызметі.

"Жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу жұмысы барысында Мұхтар Әбілазов пен оның сыбайластарының заңға қайшы әрекеттеріне қосымша дәлел алынды. Банк қаражатын жымқырудың жаңа жолдары ашылды. Алынған фактілер Мұхтар Әбілазовтың қылмыстық қауымдастық құрып, басқарғанын, Қазақстан және одан тыс аумақта әрекет еткен бірқатар ұйымдасқан қылмыстық топқа кіргені жайындағы күдікті негіздеуге себеп болды", – деп жазылған бейсенбі күні таралған хабарламада.

Хабарламада көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің (ҚР ҚПК) 208-бабының 1-бөліміне сәйкес экс-банкирге жауап алу үшін шақыру қағазы жіберілген. Бірақ оның Қазақстаннан тыс жерде болуына және келуден бас тартуына байланысты жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚПК 205-бабы 3-бөлімін басшылыққа ала отырып, күдіктіні жауап алуға шақыру туралы хабарламаны БАҚ-та жариялады. Оның жақын туыстары Италияда тұрып жатыр, ал оның өзі Францияда болуы мүмкін.

"Күдікті Мұхтар Әбілазов 2017 жылдың 10 ақпаны күні сағат 17.00-ге дейін Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, С.Сейфуллин көшесі, 37 үйдегі Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының әкімшілік ғимаратындағы тергеу департаментінің жедел-тергеу тобының басшысы Перов Сергей Николаевичке келуі керек", – дейді жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро.

Тергеу ісіне қатысу үшін күдікті қорғаушыны өзі шақыруға немесе қылмыстық процесті (ҚР ҚПК 68-бабы) жүргізуші органнан қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету туралы өтініш жасауға құқылы. Егер күдікті немесе оның заңды өкілі қорғаушыны шақырмайтын болса, онда қорғаушыны қылмыстық істі жүргізіп отырған орган (ҚР ҚПК 67-бабы) шақырады.

"Шақыруға белгіленген уақытта келмеуге кедергі болатын себептер болғанда, сонымен қатар қорғаушының қатысуын прокурормен немесе сотқа дейінгі өндірісті іске асыратын тұлғамен қамтамасыз ету туралы өтініш беру ниеті болса, күдікті немесе оның мүддесін қорғайтын тұлға қылмыстық тергеу органына белгіленген тәртіпте алдын ала хабарлама жасауы керек", – деп жемқорлыққа қарсы қызмет Мұхтар Әбілазовқа ескерту жасады.

Еске салар болсақ, 2016 жылдың 10 желтоқсанында Франция Республикасының мемлекеттік кеңесінің Ресейдің "БТА банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілазовты экстрадициялау жөніндегі сұранысынан бас тарту туралы шешімінен кейін ол түрмеден босатылған болатын. Мұхтар Әбілазовқа Қазақстанда, Ресейде және Украинада көп ақша жымқырған деп айып тағылып отыр.

Елдегі құқық қорғау органдары Мұхтар Әбілазов 7,5 млрд доллар мүлікті ұрлап, жымқырған, қылмыстық жолмен келген табысты заңдастырған, банк қаражатын заңсыз пайдаланған, өкілеттігін асыра пайдаланған деген айып тағып отыр.

Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу