"Жемқорлықты желеу етіп орынсыз килігуді доғарған жөн"

2538

Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күрестің бес бағытын атады. 

"Жемқорлықты желеу етіп орынсыз килігуді доғарған жөн"

Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзі жарияланды. Президент елдегі жемқорлық ахуалдың алаңдауға тұрарлық екенін айтып, нақты деректер келтірді. 

"Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан. Ашығын айтқанда, қазір күнделікті жаңалықтардан түрлі деңгейдегі шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтары үшін ұсталып жатқаны туралы оқитын болдық. Олардың ішінде 2 облыс әкімі бар. Мұның өзі дабыл қақтыратын сипат",  – деп бастаған ел басшысы жыл басынан бері 912 лауазымды тұлғаның жауапқа тартылғанын атап өтті. 

Ол, сондай-ақ пандемия кезінде ысырапшылдық арқылы елдің наразылығын туғызып, онысын кеш түсінетіндерді сынады.

"Бөлініп жатқан қаражат мұқият әрі тиімді жұмсалуға тиіс. Бұл – әр теңге өзінің мақсатына сай жұмсалуы керек деген сөз. Әсіресе, қазіргі жағдайда еш пайдасы жоқ және қажетсіз іс-шараларға қаражаттың шығындалуына  қоғамның қалай қарайтынын көріп отырмыз.Сондықтан мұндай мәселелерге  болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, алдын ала мән беру өте маңызды", – деді ол.

Әкім, министрлердің жоспарын Бас прокуратура қадағалайды

Президент бұл жолғы сөзінде Бас прокуратураны 6 рет тілге тиек етті. 

"Жемқорлықтың себебі мен салдарын бірдей құртып, түбірімен жоймаса, ондай күрес диірменге қарсы шапқан әрекеттей болады. Адамдар шенеунік немесе басшысы ұсталған органда басшылық қана емес, жұмыс шарты өзгергенін, екінші рет мұндай заңсыздық қайталанбайтынын көруі керек. Әзірге ондай жүйелі жұмысты көріп тұрған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер ішінде алмакезек ауысып жүр. Ал қордалы проблемалар сол қалпы жойылмай келеді",  – деген мемлекет басшысы Бас прокуратураға әкімдер мен министрлердің бюджетті жоспарлау қабілетін бағалайтын жүйені әзірлеуді тапсырды.

"Әрбір әкім және министр жұмсалған қаражатқа ғана емес, оны дұрыс жоспарлауға да жауапты болуға тиіс. Бас прокуратураға осындай бағалау жүйесін  әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың қызметіне жөнсіз араласуды доғарған жөн. Сыбайлас жемқорлық пен басқару ісіндегі олқылықтардың ара жігін нақты ажырата білу қажет. Адал, өзіне жауапкершілік алудан қорықпайтын шенеуніктер қылмыстық іс орбитасына тартылмағаны жөн. Мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудан қорықпауы керек", – деді Президент кеңесте.

Тұрмыстық жемқорлыққа соғыс жарияланды

Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде тұрмыстық деңгейдегі жемқорлық белең алып, қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанына алаңдайтынын да айтты.

"Алматыдағы Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері азаматтарды блок бекеттен өткізу үшін үнемі пара алып отырған. Мұндай деректер бірнеше өңірде байқалды. Тіпті, барлық жерде осылай болған шығар деп ойлаймын. Азаматтарымыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отырған кезде сіз бен біздің істеп жатқан жұмысымыздың еш тиімділігі болмайды. Ешқандай халықаралық рейтингтің де керегі болмай қалатыны түсінікті. Түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу – келмеске кетуі керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Үкіметпен бірлесіп, тұрмыстық жемқорлықпен күрес жөніндегі жол картасын әзірлеуі керек", – деді Президент.

Сыбайлас жемқорлыққа "цифрлық соққы" беру керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологияларды жемқорлықпен күрестің тиімді қаруы ретінде атады.

"Деректер базасын әр қарай интеграциялау мәселесіне айрықша көңіл бөлу қажет. Бізде әлі күнге дейін бір ведомствоның қарсы уәжіне екінші мемлекеттік органнан анықтама әкелту тәжірибесі бар. Цифрландыру осындай анахронизмдерді жоюы керек",  – деген Президент "Сергектің" ішкі істер саласын реформалауға қосқан үлесіне тоқталды. 

"Ашық бюджеттің интерактивті картасы 7 трлн теңгенің (2019-2020 жылдар ішінде)  қалай жұмсалғанын көпшіліктің ашық көруін қамтамасыз етті. "Сергек" ілгері технологиялар заңбұзушылықтарды тіркеуде мемлекетке қандай пайда әкелетінін көрсетіп берді. Сонымен бірге ол жол полициясындағы алаған қолдарды жемқорлық табыстан қақты. Барлық мемлекеттік органдарға, бірінші кезекте әкімдіктерге осы тәжірибені басшылыққа алу керек. Мұндай цифрлық технологиялар адам факторын тыйып, жемқорлыққа жол ашатын жайттарды жояды",  – деді ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде.

Бизнес қолдауға да, қорғауға да зәру

Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рейдерліктің азаймай тұрғанына алаңдаулы. Бұл жөнінде ол нақты сандар келтірді.

"Экономикалық проблемалар бедерінде кәсіпкерлікті қолдаудың маңызы артады. Кейінгі бес жылда заңды кәсіпкерлікке кедергі келтіргені үшін 11 тұлға, рейдерлік ісі бойынша 7 тұлға сотталды. Осы сандардан бизнесті қорғаудың құқықтық тетіктері кешеуілдеп жатқаны көрініп тұр. Оның үстіне былтырғы Жолдауымда заңды бизнеске кедергі келтіру ауыр мемлекеттік қылмыс екенін айтқан болатынмын. Барлық құқық қорғау органдары, оның ішінде Бас прокуратура да осыны есте ұстағаны жөн",  деген мемлекет басшысы құзырлы органға нақты тапсырма жүктеді. 

"Үкіметке Бас прокуратурамен бірге бір ай ішінде аталған мәселелердің барлығы бойынша нақты ұсыныстарды бекітуге енгізу тапсырылды. Жекелеген жағымды тенденциялар да жоқ емес. Біз енгізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу институты алғашқы жемісін беріп жатыр. 510 бизнес-жоба бойынша тек алғашқы жартыжылдықта 114 заңсыз килігу дерегі әшкереленді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. 

Бас прокуратура кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауға негізсіз тарту деректерінің жолын дер кезінде кесіп отыруы керек.  Кәсіпкерлер, инвесторлар мемлекеттің жемқорлық қысымнан қорғайтын қуатты қолдауы барын сезіне алғаны керек",  деді Президент.  

Қоғамдық бақылау – басты тірек

Жемқорлықпен жұрт болып күресу Президент атаған бес тетіктің ішіндегі ең маңыздысы көрінеді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін осындай оймен түйіндеді. Ол, сондай-ақ, елдің көз алдында жемқорлыққа белшеден батқан салаларды тілге тиек етті.

"Адамдар бұрынғыша жоғары оқу орны, колледж, тіпті, мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып, шағымданады. Жемқорлық  азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті, қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы. Ал кәсіпкерлер жер комитеті, өртке қарсы қызмет, салық және кеден органдарын жемқорлық жайлаған деп есептейді. Жолдың сапасына байланысты да жұртшылықтың алаңдаушылығы жоғары. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтарлықтай түйткілдер бар екенін хабарлады. Міне, осы мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетігі жұмыс жасауға тиіс", – деп қорытындылады Мемлекет басшысы.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу