Жеңдік. Ендігі кезекте – Италия

2266

​Қазақстан құрама командасы Еуропа чемпионатындағы екінші матчында жеңіске жетті. Бұл матчта бірнеше қызықты оқиға тіркелді.

Жеңдік. Ендігі кезекте – Италия

Алғашқы турда Қазақстан құрамасы соңғы минуттарда таразы басын теңестіріп, Словения құрамасымен 4:4 ойнаған болатын. Бір ұпайдан кейін жанкүйерлер плэй-оффқа шығудың қиындап кеткенін жақсы түсінді. Алайда сол матчтан соң Италия мен Финляндия командалары кездесіп, олар да жеңімпазды анықтай алмады. Соның салдарынан топтағы жағдай бірінші турдан соң біркелкі болды. Ал екінші турда Италия мен Словения командалары кездесті. Бұл ойынның есебі турнирлік кестеге қатты әсер ететін. Фаворит Италия құрамасы болғанымен матч тағы да тең аяқталды. Осыдан соң Италия мен Словенияда 2 ұпайдан болды. Бұл Қазақстан мен Финляндия үшін өте тамаша еді. Қайсысы жеңсе турнирлік кестеде бірінші орынға шығатынын алаңға біліп шықты.

Матчтың бастапқы бөлігінде Финляндия құрамасы ширақ қимылдады. Бірінші болып есепті де солар ашты. Бірақ Біржан Оразовтың голынан кейін есеп теңесті. Кейіннен Финляндия құрмаса тағы бір гол салып, қорғаныстың қателігін пайдаланып кетті. Қақпашымыз Игита ортаға шығып, ауыр соққы жасады. Есеп 2:2 болып қайта теңесті. Сосын біржан Оразовтың ғаламат пасынан кейін Арнольд Кнауб Қазақстан құрамасын алға шығарды. Бұл осы матчта бірінші мәрте болған оқиға болатын. Шабыттанған Қазақстан құрамасы голды арты артынан салып, Финляндия құрамасының апшысын қуырды. "Суоми" футзалшыларының салысы суға кетіп, бастары төмен салбырады.

Біржан Оразов Азат Валиулиннің пасынан кейін әдемі гол салып, дубль авторы атанды. Сосын Арнольд Кнауб Эдсонның пасынан кейін есепті 5:2 қылды. Ал матчтың нүктесін Азат Валиулин қойды. Ол Дугластың баспен берген пасын қақпаға тоғытты.

Финляндия – Қазақстан – 2:6 (1:1)

Голдар: Хосио 13 (1:0), Оразов 18 (1:1), Корпела 24 (2:1), Игита 25 (2:2), Кнауб 29 (2:3), Оразов 32 (2:4), Кнауб 34 (2:5), Валиуллин 40 (2:6)     

ЕскертулерЮ.Кютеля 19, Корпела 20 – Эдсон 20 

Финляндия: Койвумяки, Саволяйнен – Аутио (К), Ю. Кютеля, Хосио, Алламиккотерво, Пиккарайнен, Юркияйнен, Юнно, Корсунов, Линтула, Корпела, Пейлие, Ванха  

Бас бапкерМичо Мартич (Хорватия)  

Қазақстан: Игита (К), Атантаев – Тайнан, Тұрсағулов, Дуглас, Оразов, Қарағұлов, Эдсон, Валиуллин, Кнауб, Тоқаев, Сағындықов     

Бас бапкерКака (Бразилия)

Төрешілер: Ковач (Венгрия), Кадыков (Ресей)

25 қаңтар 2022 ж. Гронинген (Нидерланд). "Мартини Плаза"

Ермұхамед МӘУЛЕН

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу