Жеңілдетілген автонесие талаптары өзгереді

Көлік маркасына қатысты шектеу, алғашқы салым белгілеу сынды өзгерістер күтілуде. 

Жеңілдетілген автонесие талаптары өзгереді Фото: Kazakhstan Today

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Бұған дейін әр айда қайтарылған қаражат есебінен қосымша тағы да автонесие беру жоспарланған еді. Бірақ, қазір айына шаққанда шамамен 1 млрд теңге қаражат қайтарылып отыр. Ол 100 көлікке ғана жетеді. Жалпы, осы уақытқа дейін 4 млрд теңге револьверлі түрде қайтарылды. Ол шамамен 400 көлікке жетеді. Енді біз орта есеппен 500 көлікке жететін, яғни 5 млрд теңгедей ақша қайтарылғанда автонесиелендірудің келесі кезеңін жариялаймыз, ол шамамен бір айдан кейін", – деді министр.

Сонымен қатар ведомство басшысы автонесие талаптарына өзгерістер енгізілетінін хабарлады.

"Бірінші мәселе – өткен жолы автонесиелендіруге ие болғанын адамдардың аты-жөнін жариялау. Екіншісі – көлік құнының 10%-ы көлемінде бастапқы жарна енгізу. Осы уақытқа дейін көлікке бастапқы ақша төлеу қажет емес еді", – деді министр.

Бағдарлама бойынша қандай көліктерге қаржы бөлінеді? Мұнда да өзгерістер енгізілуі мүмкін.

"Қазір бағдарлама 10 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік береді. Ал, машинаның құны 15 млн теңге болуы керек дедік. "Киа Спортэйдж", "Хюндай Туксон" сияқты брендтердің бағдарламаға қатысуын қайта қарауымыз мүмкін. Бұл – ақырғы шешім емес, талқыланып жатыр", - дейді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол алдағы уақытта несие айлығы төмен адамдарға ғана берілуі мүмкін екенін.

"Еңбекақының ең жоғары шегін бекіту мәселесін қарастырамыз, яғни айлық белгілі бір сомадан асып кетсе, ондай адамдар бағдарламаға қатыса алмайды. Автонесие бағдарламасын Hyundai Accent, Chevrolet Cobalt сияқты халық көп мінетін көліктер үшін қолжетімді етуді жоспарлап отырмыз. Бұл өзгерістердің бәрін бір айдың ішінде аяқтаймыз", – деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу