Жеңілетін команда жұдырық ала жүгіреді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3398

Гагарин кубогының екінші сатысында "Аванград" клубымен шайқасып жатқан "Барыс" Балашихада күйрей ұтылды.

Жеңілетін команда жұдырық ала жүгіреді

Плей-офф додасының екінші кезеңі басталмай тұрып, "Авангард" пен "Барыстың" жолы түйіскенде, омбылықтардың бас бапкері, яғни Канаданың білікті маманы Боб Хартли алдағы ойындарға қатысты өз пікірін білдірген. Сонда "біз Хабиб Нурмагомедов секілді боламыз, өз артықшылығымызды қолдана ойнап, осал тұсымызды көрсетпейміз" деген болатын...

Бұл сөздерді аузы дуалы, тәжірибесі мол маманның аузына Жаратқан иемнің өзі салған ба, белгісіз... әйтеуір "Авангард" пен "Барыс" арасында дода көрігі шектен тыс қызып тұр. Мұзайдын жақтауында аяусыз күш-айла қолданып, қарсыласын қабырғаға қысып қалу, нұқып жіберу, аударып тастау үйреншікті жағдайға айналған.

Осылай, бірінші ойында "Барыстың" ең үздік ойыншыларының бірі Андре Петерссон жарақат алып, қатардан шығып қалды. Оған мұзайдын жақтауында күш-айла қолданған Канада қорғаушысы Коди Франсон болатын. Швецияның сұрмерген шабуылшысы миы шайқалып, мойын омыртқасы жылжып, содан бері "Барысқа" көмектесе алмай қойды.

Ал екінші ойында омбылықтардың капитаны Алексей Емелин "Барыстың" жас ойыншыларына қырғидай тиді. Антон Сагадеев пен Әлихан Әсетовті сұлатып салып, отқа май құя түсті. Осы матчтан кейін Астана клубының бапкерлері бүкіл хоккей жанкүйерлерін елең еткізіп, түздегі екі ойынға жүрегінің түгі бар, жұдырығы балғадай Дамир Рысбаевты ала кетті.

Дамирдің Балашихаға сапар шегуінің өзі бір күн бойы баға жетпес "хит" болды. Мұны екі елдің спорттық басылымдары сан саққа жүгіртті. "Авангард" клубының лақап аты және бойтұмары – "Қаршыға" қыран құсы. Сол себептен "тауық қораға жыртқыш кіргізіледі" деп мысқылдаушылар да шықты. Енді өздеріңіз-ақ көз алдарыңызға елестете беріңіздер, тауық қораға жыртқыш аң (барыс) кіріп кетсе, не болады?!.

Негізі, "Авангард" сапында Дамир Рысбаевпен тайталаса алатындай, оның жағасына жармасатындай ешкім жоқ. Салмағы 94 келі Михаил Фисенко ақпан айында Петербордың СКА командасының ойыншысы Алексей Бывальцевтің қасқа тісін "қағып алғанымен", Дамирге төтеп бере алмайтын секілді. Ол тіпті "Барыс" сапындағы, салмағы 86 келі Павел Акользиннен таяқ жеп қалды... Еңгерзедей Дмитрий Шевченко мен бойы сырықтай Виктор Сведберг те қарап жүрген жоқ...

Астанада өткен екі ойында бір ұтылып, бір ұтқан "Барыс" Балашихада мәселенің түйінін жұдырықпен шешіп алмақ болғандай әсер қалдырды. Әйтеуір аянған жоқ. Бірінші кезеңде "Авангардтың" үш хоккейшісі жарақаттанып, киім ауыстыратын бөлмеге кетті. Екеуі бірінші бестікте, ал үшіншісі екінші бестікте ойнайтын үздік шабуылшылары болатын...

Рас, екеуі екінші кезеңде мұзайдынға қайтып оралды. Ал "Барыс" бірнеше рет кем құрамда ойнап, төрт шайба жіберіп алды. Өздері артық құрамда ойнағанда, гол соға алмай, пұшайман болды. Жалпы, бұл матчта Астана клубының айып уақыты 53 минут (!) болды. Негізі, оның 40 минуты – тәртіптік жаза айыбы (яғни кем құрамда ойнамайды).

Десек те, хоккей ойынының бір матчы 60 минуттан тұратындығын ескерсек, 53 минут айып уақыты аз емес, әрине. Басқаша айтқанда, "Барыстың" "жұдырық ала жүгіру" немесе "ә десе, мә деу" тактикасы абырой әпермеді. Астана клубы түзде 0:5 есебімен күйрей ұтылды. Енді команданың бас бапкері Андрей Скабелкаға басқа айла-тәсіл қолдану керек сияқты.

Жоғарыда Боб Хартли өздерін аралас жекпе-жек жұлдызы Хабиб Нурмагомедовке теңеді дедік қой. Оның осы теңеуін одан әрі сабақтай түссек, Скабелкаға Конор Макгрегор сияқты күресуден ғана емес, жұдырықтасудан да есе жіберіп алу қаупі төніп тұрғандай. Бұл – ережесіз жекпе-жек емес, хоккей. Ендеше, бесаспап шабуылшыларының ерен қабілеттерін ұтымды түрде жүзеге асыру қажет сияқты.

1-ойын: "Барыс" – "Авангард" – 1:3

2-ойын: "Барыс" – "Авангард" – 4:2

3-ойын: "Авангард" – "Барыс" – 5:0

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу