Ақтөбеде аралас жекпе-жектен өткен Alash Pride FC турнирінде қазақ файтері Саламат Исбулаев (6-0) қарсыласын уақытынан бұрын жеңді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Ол барлық кездесуінде мерзімінен бұрын жеңіске жетіп келеді.
Бұл жолы Саламат Исбулаевтың қарсыласы Ресейден келген Муслим Нурмагомедов (6-1) болды.
Бес раундқа жоспарланған жекпе-жек небәрі екінші раундта аяқталды. 27 жастағы Исбуллаев дағыстандық файтерге ауыр соққыларын аяқпен де, қолмен де дарытып, оның төбелесті партерге апаруына жол берген жоқ. Нурмагомедовтің кеуде тұсына тиген соққыдан кейін оның секундтанты ақ сүлгі лақтырып, жекпе-жекті тоқтатуды сұрады. Төреші техникалық нокаут есептеді.
Осылайша, Саламат Исбуллаев MMA-да алтыншы жеңісіне қол жеткізді. Нурмагомедов те Саламатқа дейін мүлдем жеңілмеген еді.