Жеңілістен көз ашпаған Қазақстан

481

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі ойында Канада құрамасынан жеңілді.

Жеңілістен көз ашпаған Қазақстан

А тобындағы командалардың кездесуі 6:3 есебімен Канаданың пайдасына аяқталды. Сонымен қатар ойын барысында Юрий Михайлистің шәкірттері есепте екі рет алға шықты. Алдымен ойынның екінші минутында Егор Петухов есеп ашса, тағы екі минуттан соң канадалықтар есепті теңестіріп үлгерді.

12-минутта Қазақстан құрамасы Аркадий Шестаковтың соққан голының арқасында қайта алға шықты. Бірақ екі минуттан кейін Канада есе қайтарды. Ал 17-минутта канадалықтар ойыншылар санының басымдығын пайдаланып, есеп 3:2 болды.

Екінші 20 минутта Канада есепті еселеді. Ал соңғы кезеңде қазақстандықтар есеп айырмасын қысқарта алды. Бұл жолы Кирилл Савицкий 47-минутта гол соқты. Алайда 52-минуттан кейін канадалықтар тағы екі рет Қазақстан құрамасының қақпасын дәл көздеді. Негізгі уақыттың аяқталуына 48 секунд қалғанда құрамамыз алтыншы голды жіберіп алды.

Осы жеңістен кейін Канада 12 ұпай жинап, топта бірінші орынға көтерілсе, бір де бір ұпайы жоқ Қазақстан құрамасы соңғы орында қалды. Бүгін 20 мамыр Финляндияда Қазақстан мен Словакия құрамалары арасында кездесу өтеді. Қазақстан - Словакия матчының тікелей трансляциясы Нұр-Сұлтан уақытымен 23:20-да басталады.

Ермұхамед Мәулен