Астаналық "Жеңіс" футбол клубы бразилиялық шабуылшы Элдер Сантанамен келісімшартқа отырғанын ресми түрде хабарлады.
Элдер Сантана Бразилияның "Атлетико Минейро" клубының түлегі. Ол қазақстандық жанкүйерлерге "Ақтөбе" және алматылық "Қайрат" сапындағы ойындары арқылы жақсы таныс.
– Бразилиялық "Атлетико Минейро" мектебінің түлегі әрі Португалия біріншілігінде шыңдалған Сантана – нағыз "гол иіскегіш" шабуылшы. Өткен маусымдағы ауыр жарақаттан кейін Элдер үлкен футболға қайта оралып, өзінің бұрынғы бабында екенін дәлелдеуге дайын, – деп мәлімдеді астаналық клубтың баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Сантана осы жылдың басында "Қайрат" клубынан кеткен болатын. Алматылық ұжым сапында ол 31 матч өткізіп, 5 гол соғып, 3 нәтижелі пас берген.