Өткен апта қазақстандық теннис жанкүйерлеріне тамаша эмоция сыйлады деуге болады. Бірнеше халықаралық турнирлерде біздің спортшыларымыз тағы да жарқ етіп, көзге түсті.
Жібек Құламбаева (447-ші WTA) Куршумлия Банеде (Сербия) өткен ITF M15 сериялы турнирінің жеңімпазы атанды. Финалда қазақстандық грек қызы Элени Кристофиден (771-ші WTA) екі сетте – 6:3, 6:1 есебімен сенімді түрде басым түсті. Осылайша, Жібек спорттық мансабында ITF турнирлеріндегі төртінші және биылғы маусымда екінші рет жеңіске жетті.
Бакуде Гейдар Әлиевті еске алуға арналған ITF Juniors сериясының 18 жасқа дейінгі ойыншылар арасында өткен турнир аяқталды. Жарыстың абсолютті чемпионы атанған Жақас Қозбақ жекелей сында финалда жерлесі Виталий Зацепинді жеңді – 6:3, 3:0. Екінші ойында Виталий жарақат алып, ойынды жалғастыра алмады. Жұптық финалда Зацепин мен Қозбақ түркиялық теннисшілер Бедир мен Бейбелиден 6:2, 6:2 есебімен басым түсті. Сондай-ақ Бакуде әйелдер арасындағы жұптық сайыста қазақстандық Ульяна Романова ресейлік Кира Батайкинамен бірге осы турнирдің жеңімпазы атанды.
Чолпон-Атада өткен ITF Juniors сериясының жарысында Алматы теннис мектебінің оқушылары тамаша нәтиже көрсетті. Сәтима Төреген ITF Juniors жекелей сында ал5аш0ы кубогын жеңіп алды. Финалда Сәтима турнирдің бірінші ракеткасы Іңкәр Дүйсебайдан 7:6, 6:2 есебімен жеңісті жұлып әкетті. Бірақ Іңкәр Чолпон-Атадан жеңіссіз қайтқан жоқ. Ол жұптық сайыстың финалында София Исакова екеуі Альбина Кәкенова мен Ева Корышеваны ұтты.
Қазақстанның оңтүстік астанасының ЦСКА корттарында осыдан бір апта бұрын 14 жасқа дейінгі үшінші разрядтағы Tennis Europe сериялы турнирі жасөспірімдеріміздің жеңісімен аяқталды. Еркежан Жанатаева мен Линара Булешева финалда үш сағатқа жуық уақыт сынға түсіп, кездесу 2:6, 7:6, 6:4 есебімен Еркежанның жеңісімен аяқталды. Жұптық сайыста Эвелина Балаганская мен Аделина Борисовадан басым түскен Сара Хамитова/Адия Омарбек жеңіс тойын тойлады. Ұлдар арасында Михаил Мищенко абсолютті чемпион атанды. Ол жекелей сында Родион Трейгельді 7:6, 6:3 есебімен жеңді.