Жер дауы: Өскеменде жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, Астана маңайы Шөкеевтікі

Мәжілісте әкімдердің жерлеріне қатысты дау шықты. 

Жер дауы: Өскеменде жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, Астана маңайы Шөкеевтікі

Мәжіліс отырысында депутат Берік Дүйсембинов 5,2 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтардық деп мәлімдеген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің баяндамасын сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Айтуынша, мал бағып, егін егіп отыған халық жерге зәру болып отыр. Себебі жердің көп бөлігі әкімдерге тиесілі. Осыған орай депутат министрден бұл
мәселенің қашан шешілетінін сұрады.

"Мыңдаған гектарды қайтарып алдық деп әдемі баяндама жасадыңыз. Бірақ мен осы арада елдің "сәлемін" айтайын деп отырмын. Жақында елден келдік. Қай облысқа бармасаңыз, оң жағы да, сол жағы да әкімнің жері. Қайтарылған жер жоқ. Мал ұстап отырған, егін егіп отырған кісілер жерге зәру болып отыр. Бірақ қолы күштілер сол бұрынғы қалпында алып қалған. Бұл жердің иелерін шығарып, тақтаға жазып қоюға кім кедергі?  Өскеменге барсаңыз жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, Павлодарға барсаңыз Бақауовтікі, Астананың маңайы Шөкеевтікі. Оны айтуға қорқып отыр барлығы. Бірақ жаңа  баяндамаңызда айтылғандардың барлығы өтірік. Халықтың барлығы наразы. Мал ұстаған кісілерге жер жетпей жатыр. Сіздер әдемі баяндаманың орнына осыны нақты қашан қолға аласыздар, соны айтыңызшы", – деді депутат.

Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев "Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдерді қорғайды, олардың жерлеріне тиіспейді" дегенді жоққа шығарды. Ол әр қазақстандық қай жерлер қайтарылғанын көре алатындай интерактивті карта жақын арада әзірленеді деп уәде берді.

"5,2 млн гектар жерді биыл қайтардық.  Бұл - сол бұрынғы әкімдер, олигархтардың жерлері.  Алдағы жылы да тағы 5 млн гектар жер қайтарамыз. Ол жұмысты жандандырып жатырмыз", – деді министр.

 Бұл ретте министр тек заңсыз алынған жерлер ғана қайтарылатынын айтты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу