А23а айсбергі 2025 жылға дейін әлемдегі ең ірі мұз кесегі саналды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аталған айсберг Оңтүстік мұхитта дрейф кезінде толықтай ыдырап, қатты жылдамдықпен еріп жатыр.
Ғалымдар соңғы 40 жыл бойы бақылауда болған алып мұз кесегінің "дәурені" аяқталғанын ашық айтты. Осы кезде айсберг ұсақ бірнеше бөлікке бөлініп, өмір сүру кезеңінде жалпы аумағының 99%-ын жоғалтып үлгерді.
Жаза кеткен жөн, А23а айсбергі 1986 жылы Фильхнер шельфтік мұздығынан бөлініп шықты. Сонда оның ауданы шамамен 4170 шаршы шақырым еді. 30 жылдан аса уақыт бойы ол Уэдделл теңізінің орталық бөлігінде қайраңға тіреліп тұрды, кейін ғана Антарктида жағалауы бойымен қозғалысқа түсті. 2023 жылдың қараша айында ашық суды бетке алды.
Былтыр айсберг Оңтүстік Георгия аралына жақындап, одан 80 шақырым жерде қайтадан қайраңға тірелді. Ол жерде мамыр айына дейін тұрып, тағы қозғалысын жалғастырды. Тамызда айсбергтен ауданы 60-тан 300 шаршы шақырымға дейінгі 3 ірі бөлік бөлініп шықты. Сол сәтте ол әлемдегі ең ірі айсберг мәртебесінен айырылды.
Мамандардың сөзінше, 2025 жылдың қаңтарында ғана оның ауданы шамамен 1300 шаршы шақырым болды. Бірақ қазіргі уақытта 50 шаршы шақырымнан да аз қалған. Соңғы үш айда айсберг шамамен 1000 шақырымды артқа тастап, Оңтүстік және Атлант мұхиттарының шекарасынан өтіп, 49° оңтүстік ендік маңында орналасқан. Қазір ол ашық суда дрейф жасап, толық еріп жатыр.