"Жерімізден "Протон" 280 рет ұшты, 280 есе "бақытты" болдық па?"

1909

Аралдан бір, Байқоңыр айлағынан екі соры қайнаған жұрт "Жаңа Қазақстаннан" бір үміт, бір қайыр деп, компенсация күтіп отыр. 

"Жерімізден "Протон" 280 рет ұшты, 280 есе "бақытты" болдық па?" Фото: inform.kz

Қызылордалық белсенді, биыл әкім лауазымына кандидат болған азамат, Арал ауданының Қамыстыбас елді мекенінің тұрғыны Нұржан Пірманов аймақтың экологиялық проблемасын біраздан көтеріп келеді. Ол "бұл өңірде қазір қиын жағдай қалыптасты" дейді.

Бұрынғы орталық және жергілікті билік өңір мәселесін шешуде дәрменсіздік, селсоқтық танытып келгені жасырын емес. Таяуда, 2022 жылғы 7 сәуірде Қызылорда облысының әкімі болып, жергілікті азамат Нұрлыбек Нәлібаев тағайындалғаны мәлім. Былтыр Астанада, Премьер-министр Кеңсесінің бөлім меңгерушісі болып бір жылдай істегені болмаса, қалған ғұмырын тегіс Қызылорда өңірінде өткізген адам. Демек, жағдайды жақсы білсе керек. Тек шешімін тапса болғаны.

Н.Пірманов қордаланған мәселелерді тағы еске салады: Арал ауданында түрлі ауру көбейіп бара жатыр, адамдардың денсаулығы күрт төмендеді. Соңғы мәліметтер бойынша түберкүлез, бүйрекке тас байлану, сарысу, өкпе-тыныс жолдарының қабынуы, жұқпалы аурулар басқа өңірлерге қарағанда ең бір жоғары көрсеткішке ие.

"Осы аймақта өмір сүрген соң бәрін көзімізбен көріп отырмыз. Мысалы, қыста түсетін қырауға ұқсас, жазда терезеде сор қатады. Бұл адамдар тыныстайтын ауаның тым лас екенінің көрінісі! Дауыл оңтүстік-батыстан соқса теңіздің ұлтанынан тұз ұшып, ауданымызды аппақ тұман басады. Бұл аз болғандай, оған Байқоңырдың зымыран ұшыруынан келетін у-залал қосылады. Ресей бір зымыран ұшырса, артынан 3 күн қара дауыл соғады. Болмаса, күн шақырайып, ысып кететіні сонша адам түгіл, кесіртке інінен шыға алмай қалады", – дейді Нұржан Пірманов.

Роскосмос деректерінен және ашық көздерден белгілі: "Протон-М" зымырантасығышының старттағы салмағы – 702 тоннадан асады. Ол өзімен бірге 25 тоннаға дейін пайдалы жүк алып шығуға қауқарлы. Ұшар алдында зымыранға артылған жүгіне қарай 649-662 тонна улы отын – гептил құйылады. Яғни, осынша алапат күйде гептил жағады.

"Осыны білген адам оның қандай құбыжық екенін түсінетіні күмәнсіз. Осындай алпауытты ғарыш айлағына жеткізу, орнату, тазалау, ұшыру үшін де қаншама отын, электр қуаты, ұлан дария су шығындалады. Осыдан-ақ оның қазақ даласына қуатты, зиянды әсері болмай қоймайтыны аңғарылады. Міне, "Протон" секілді құбыжықты көкке көтеретін 4 ұшыру алаңының бәрі тек "Байқоңыр" айлағында орналасқан. Біз кеңес кезінен әлі күнге дейін "алғашқы адам мен ғарыш кемесінің ғарышқа көтерілуіне бастау болған қазақ жері – құтты қоныс" деп әлем алдында масайрап жүрміз. Ал осы құтты қонысымыздан "Протонның" 280-ін ұшырдық, өзімізді 280 есе "бақыттымыз" деп айта аламыз ба?", – дейді Нұржан Пірманов Үкімет өкілдеріне хатында.

"Зымыран атмосфераның озон қабатын теседі" деген сөз ел арасында бұрыннан айтылады, мұны біреулер аңызға телиді. Ал "Байқоңырға" іргелес елді мекендердің тұрғындары оған сәт сайын куә болады. Қоғам белсендісі ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп, осы мәселені де көтерді.

"Озон қабаты жерден шамамен 10-50 шақырым биіктікте жатқан, озонның жоғары концентрациясымен ерекшеленетін стратосфералық қабат. Атмосферадағы озонның ең көп көлемі 20–25 шақырым биіктікте шоғырланады, мұнда озонның тығыздығы жер бетіне қарағанда 10 есе көп. Озон күн радиациясының қысқа толқынды ультракүлгін бөлшектерін оттегінің сіңіруінен пайда болады. Озон мөлшерінің көп болуы көктем айларына, азаюы – күз айларына сәйкес келетінін де біліп алдық. Озон қабатының жер бетіндегі тіршілік үшін маңызы зор екені бұрыннан дәлелденген. Ультракүлгін сәулелерді жер бетіне жеткізбей, сәулеленудің алдын алады. Ол болмағанда, жер бетіндегі тіршілік иелерінің бәрі күн радиациясына ұшырап, жанып кетер еді. Біздің жақта "Протондарды" күн ара, екі күн сайын ұшырып тұрған кездері болды. Төбемізде озон қабаты қалмады деуге болады. Жыл сайын қуаңшылық қысуда", – дейді Нұржан Ералыұлы.

Әрине, SpaceX технологиялық корпорациясы және Falcon көп рет қолданылатын зымырантасығыштары арқылы ғарыштық коммерциялық ұшырылымдарды арзандатып жіберген Илон Масктың, Батыстың "Роскосмос" пен технологиялар трансферіне қарсы санкцияларының арқасында "Байқоңыр" арқылы зымыран ұшыру күрт құлдырады. 2021 жылы Ресей "Байқоңырдан" 14 рет зымыран ұшырыпты. Оның екеуі ғана "Протон": 21 шілдеде және 13 желтоқсанда. Биылғы 4 айда "Байқоңырдан" 2 рет зымыранын көк сеңгіріне аттандырды. Барлығы улы гептилді емес, керосинді жағатын "Союздер". Жыл соңына дейін РФ Қазақстандағы космодромынан тағы 9 рет ұшыруды жоспарлап отыр. Оның үшеуі – "Протон" болмақ.

Екі ел арасында мемлекетаралық келісім болғандықтан, Жаңа Қазақстан да зымыран ұшыруды тоқтатып, "Байқоңырды" жауып тастай алмайды. Мысалы, Кеңес Одағы 1982 жылы "Байқоңырдан" бір жылда 108 зымыран ұшырыпты. Жергілікті тұрғынның күнара ұшыратын дейтіні осы. Бертінде Ресей 1992 жылы қазақ жерінен бір жылда 55 зымыран ұшырып, өз рекордын орнатты.

Жергілікті халық не сұрайды?

Тұрғындардың айтуынша, "мемлекет Ресейдің зымырандарын ғарыш айлағынан ұшыруын тоқтата алмайды екен, онда осы өңірдегі халыққа біріншіден, экологиялық төлемдерді 100-200%-ға көтерсін". Екіншіден, әрбір ұшқан зымыран үшін тұрғындарға өтемақы-компенсация төлесін дейді. Үшіншіден, жергілікті медицинаның деңгейін жоғарылату қажет.

"Әйтпесе, денсаулығынан түк қалмай бара жатқан жұртшылық азғантай тапқан-таянғанын тамағына жұмсай ма, әлде емделуге, дәріханаға шығындай ма? Жыл сайын халықтың денсаулығы нашарлап бара жатыр", – дейді Нұржан Пірманов.

Мысалы, Арал ауданының тоқсан жолдың торабында тұрған Қамыстыбас ауылында бұрын көрші бірнеше ауылға қызмет көрсететін аурухана болатын: сонау 1920 жылы ашылған, соғыс уақытында да жұмысын тоқтатпаған мекеме. Бір ғасыр жұмыс жасаған аурухана 2017 жылы тәуелсіз Қазақстан билігінің реформаларына шыдас бере алмай, жабылып тынды. Халық жылда ұлардай шулап, журналистерге шағымданады, ақпарат құралдары мәселе көтереді, көрсетеді. Бұқара "еститін билік болмай тұрғанына" наразы. Жергілікті әкімқаралар мемлекеттің қаржы бөлмегенін алға тартып, қол жайған.

Қазіргі кезде аурухана болмағандықтан ауруы меңдеген ересек пен бала-шаға 71 шақырым қияға шабылып, Арал қаласындағы ауруханаға жатуға мәжбүр. Ауданда да жағдай мәз емес, аппараттары тозған.

"Экологиясы бүлінген аймақта әлемдегі ең озық медорталықтар ашып, халыққа бар жағдай жасау орнына билік оларды жауып жатыр. Бұл халыққа деген қастандық емес пе? Ойланатын басшы болмай тұрғаны. Осындай жағдайға жеткізгендердің өзін ауыра қалса, шалғайдағы ауруханаларға қаңғыту керек", – деп ашынады тұрғындар.

Билік не дейді?

Жергілікті тұрғындардың жанайқайына әзірге Денсаулық сақтау министрлігі мандытып жауап бере қойған жоқ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев өз блогы арқылы қоршаған ортаны жақсарту шаралары қолға алынып жатқанын айтты.

"Құйын болып ұшып, шаң-тозаңды тарататын Арал теңізінің түбін бекіту үшін жыл сайын бірнеше мың гектар жерде шөлейт және шөлді климат жағдайларына оңай төзетін сексеуіл және басқа өсімдіктер отырғызылады. 2022–2025 жылдар аралығында орман мелиорациялық екпелер жасау жұмыстары ұлғайтылып, жыл сайын 250 мың гектар алаңда жүргізілетін болады. 2025 жылдың соңына дейін Арал теңізінің құрғаған түбінде 1,1 млн гектар алаңда екпелер егіледі. Қазіргі уақытта фитомелиорация жұмыстары 195 мың гектар алқапта жүргізілді. Ормандардың жалпы ауданы, табиғи өскінді қоса алғанда, 337 мың гектарды құрайды", – деді экология министрі.  

Оның айтуынша, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық көрсеткіштер мен халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсарту мақсатында министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, "Арал теңізінің солтүстік бөлігін өңірлік дамыту және қалпына келтіру" жобасын дайындады.

Министрдің хабарлауынша, Байқоңыр ғарыш айлағында зымыран ұшырылғанға дейін және ұшырылғаннан кейін қоршаған ортаға келтірілген әсерге Ресейдің "ЦЭНКИ"  КЦ Южный" АҚ Байқоңыр филиалының экологиялық мониторинг қызметі бақылауды жүзеге асырады. Зымыранның ғарышқа ұшырылуын да сол сүйемелдейді. Қазақстан тарапынан бұл аймақтарға экологиялық мониторингті Аэроғарыш комитетінің "Инфракос" ШЖҚ РМК-нің Байқоңыр кешеніндегі бөлімі жүзеге асырады. Зымырантасығыш ұшып кеткен соң атмосфера, су, топырақтан сынамалар алынып, зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Бұл қасқырға қой баққызғанға ұқсас: қойды жеп қойса да, өз еркі.

"Экологиялық мониторинг нәтижесінде аталған аймақта ластаушы заттардың шекті жол берілетін фондық көрсеткішінен асып кеткен жағдайлары тіркелмеген. Байқоңыр ғарыш айлағында зымыранның ұшырылу кезінде экологиялық қауіпсіздікті және қоршаған ортаның сапасын бақылауды замануи үздік технологиялармен жабдықталған арнайы мамандандырылған кәсіпорындар жүзеге асырады. Сонымен қатар, 2014 жылғы 24 қарашада "Байқоңыр" кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының ІІ отырысының хаттамасына сәйкес, өңірдің экожүйесіне жүктемені төмендету үшін Байқоңырдан "Протон-М" зымыран тасығыштарын ұшыруды кезең-кезеңмен қысқарту жоспарланған", – деп еске салды С.Брекешев.

Құжатқа сәйкес, "Протон-М" зымыран тасығыштарын ұшыру санын 2017 жылы 2 есеге, 2020 жылы тағы 2 есеге, 2025 жылы жалпы саны 5-ке дейін қысқартып, 2026 жылы іс жүзінде доғару көзделген. Ендеше РФ-тің ұшыру санын қазіргі екеуден 5-ке көтеруге мүмкіндігі бар сияқты. 

Жалпы, кейінгі кезде елеулі бір ғана өзгеріс болды: "Байқоңыр" ғарыш аймағына жақын орналасқан елді мекендердегі атмосфералық ауа қабатына тыңғылықты бақылау жүргізу үшін "Қазгидрометтің" Қызылорда облысы бойынша филиалы Қармақшы ауданының Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінде автоматты түрде үздіксіз бақылау жүргізетін бекеттерін орнатты. Алайда олардан да халыққа қайыр болып тұрғаны шамалы. Мысалы, ақ тұманның елге зиянын байқамайды.

Айтпақшы, осыдан он жылдай бұрын ел Үкіметі "Байқоңырдың" елге пайдасы көп екенін дәлелдеуге талпынып, оны алда тіпті жеке туристік ошаққа айналдыру жоспарланып отырғанын жариялаған. Мысалы, АҚШ-тағы сияқты шетелдік туристер зымыран ұшыру мезетін тамашалай алатынын сөз етті. Бұл жоспар жайына қалды. Қазір Байқоңыр қаласын "өз аумағым" деп санайтын ресейліктер ол жаққа шетелдіктерді бастырмай қойды. Әлдеқалай бара қалса, ұстап алады екен.

Қалай болғанда, "Байқоңыр" айлағы Жаңа Қазақстанның "жарасына" айналуы ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу