"Қазіргі халықаралық ахуал жөнінде қысқаша айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі жағдай әбден шиеленісіп кетті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру кезінде бейтарап ұстанымын сақтап отыр. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді. Жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы – біз үшін бәрінен маңызды. Сондықтан парасаттылық пен сабырлылық танытып, арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек", – деді Президент
Мемлекет басшысы ел бірлігі мен тұтастығы, қауіпсіздігі мәселесіне ерекше тоқталды.
"Халқымыздың ең басты күші – бірлік, парасаттылық және төзімділік. Осы құндылықтардан айырылып қалсақ, елімізге үлкен қауіп төнеді. Мемлекеттердің территориялық тұтастығы міндетті түрде сақталуы керек. Бұл – негізгі қағидат. Мен мұны халықаралық аренада үнемі ашық және анық айтып жүрмін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, ең биік мінберден бұл туралы тағы да мәлімдедім. Бұның бәрі бекер емес. Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек", – деді.
Президент Ресейден келіп жатқан адамдарға қатысты мәселеде, ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керектігін атап кетті.
"Қазақта "Көршімен татудың көңілі тоқ" деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатқаны жайлы айтқан Мемлекет басшысы оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беру керектігін баса айтты.
"Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Жалпы осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі. Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек", – деп қорытындылады.