Жерінен айырылған кәсіпкерлер президентке хат жолдады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2221

Астана қаласындағы "7 Континент" іскерлік орталығында сауда орындарын алған кәсіпкерлер президенттің атына ашық хат жазды.

Жерінен айырылған кәсіпкерлер президентке хат жолдады

Кәсіпкерлердің пікірінше, өздері бір кездері сатып алған "7 Континент" іскерлік үйіндегі сауда алаңдарын бұрынғы қожасы "Нұрбанк" АҚ-ға кепілдікке қойып тастаған. Кейіннен арада бірнеше жыл өткенде банк өзіне тиесілі мүлікті өз меншігіне аударуға келеді. Осы кезде сауда орындарының қос қожайыны бар екені анықталған. Іскерлік үйінің әкімшілігі біріне сауда орнын сатса, біріне кепілдікке беріп қойған.

Нәтижесінде кәсіпкерлер мен "Нұрбанк" жылжымайтын мүлікке таласып, банк сотқа талап-арыз түсірген. Оны Астана қалалық аппеляциялық сот қолдап, мүлік банктің қарамағына өтеді.

Осылайша 2015 жылдың 20 қарашасында мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен сот "Нұрбанк" АҚ-ның "Shyryn LTD" ЖШС құрылыс компаниясына қатысты талабын қанағаттандырып, осы құрылыс компаниясына "7 Континент" іскерлік үйіндегі жылжымайтын мүлікті кепілдікке қоюға міндеттейді. Дегенмен ғимараттағы сауда алаңының тағы бір иесі бар екені ескерілмеген.

Сот шешімін мұндағы кәсіпкерлер бірнеше айдан кейін ғана естіген.

"Қазақстан Республикасының Конституциясына сай, ешкім де соттың шешімінсіз өз меншігінен айырыла алмайды. Ал біздің жағдайда сот сыртымыздан меншігімізден айырып, бізге ол туралы хабар бермеген. Біздің мүлік иесі екеніміз ескерілмеген", – дейді жәбірленуші кәсіпкерлер.

Осы орайда кәсіпкерлер, өздерінің меншік құқын ескере отырып, сот шешімін заңсыз деп тауып, бұл шешімнің күшін жою үшін прокуратура органдарының көмегімен апелляциялық сотқа шағым түсіреді. Алайда шағым қанағаттандырылмайды. Сот дауды – "Нұрбанк" АҚ мен "Shyryn LTD" ЖШС арасындағы келіспеушілік деп, кәсіпкерлерді шетке ығыстырып тастаған.

Ақырында аппеляциялық соттың шешімімен бір кездері кәсіпкерлер сатып алған жерлер банктің қарамағына тапсырылды.

Онымен қоймай, "Нұрбанк" АҚ құрылыс компаниясының жылжымайтын мүлікті әлгі кәсіпкерлерге сатқаны туралы келісімшарттың құжатын заңсыз деп табу үшін 1-инстанциялы сотқа арыз түсіреді. Бірақ сот бұл жолы банктің арызын қанағаттандырмай тастайды.

"Біз өзіміздің іскерлік үйден сатып алған сауда орындарының заңды иесі екенімізді дәлелдей аламыз. Қолымызда сауда келісімшарты, керек болса, төлем қабілетіміздің бар екендігі туралы анықтамамыз да бар", – дейді кәсіпкерлер.

Айта кетейік, құрылыс компаниясы кәсіпкерлерге жылжымайтын мүлікті сатқан кезде Астана қалалық әділет департаменті берген анықтамаға сай, сауда орнының жалғыз иесі – "Shyryn LTD" ЖШС болған және "Нұрбанкке" кепілдікке қойған кезде де мүліктің иесі "Shyryn LTD" болған және сауда орны еш жерде кепілдікте немесе арестте тұрмаған. Ал елордалық сот құрылыс компаниясының қалайша бір мүлікті екі рет сатқанына бас қатырмаған.

Бірнеше жылдан бері жылжымайтын мүліктің иесі болып келген кәсіпкерлер банктің не себепті бұрыннан бері сауда орнын дауламағанына таң.

Сонымен қатар сотта анықталғандай, тіркеу органында Нұрбанктің кепілдікке алғаны туралы құжат тіркелмеген. Ал заң бойынша, кепіл мүлік 1 ай ішінде тиісті мекемеге тіркелуі тиіс.

Мәселеге қатысты Астананың мамандандырылған ауданаралық соты да 1-инстанциялық апелляциялық соты да ресми мәлімдеме жасамай отыр.

Ал "Нұрбанк" АҚ құрылыс компаниясынан жылжымайтын мүлікті кепілдікке алғаны және компанияның қарызды төлемеуіне байланысты іскерлік үйіндегі сауда орнын меншігіне өткізгені туралы ресми құжаттарды ұсынуға дайын екенін айтады. Кәсіпкерлердің айтуынша, "Нұрбанк" бір кездері құрылыс компаниясымен арада жасалған кепілдік туралы келісімшартты жоюды сұраған. Бірақ апелляциялық сот ол талапты қанағаттандырмаған.

Осы орайда, 2008 жылдан бері сауда орнының қожайыны болып келген кәсіпкерлер енді Президенттің атына ашық хат жазып отыр.

"Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді ұлт көшбасшысы және Қазақстан халқына тәуелсіздік пен ертеңгі күнге сенім берген тұлға және Конституцияның кепілі ретінде тани отырып, сізден құқығымыздың сақталуын сұраймыз. Сізден барлық заңсыздықты тоқтатып, рейдерлік тартып алынған мүлікті қайтарып беруіңізді сұраймыз", – деп жазылған ашық хатта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу