Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті кеше Асы обсерваториясының маңында тау басынан өздігінен қар құлағанын хабарлады. Алатауда қар көшкіндері басталуда.
"2024 жылғы 9 ақпанда, сағат 11:35-те Еңбекшіқазақ ауданында, "Түрген ауылы-Батан" автожолының 24 шақырымында қар көшкінінің өздігінен түсуі орын алды. Бұған тау беткейлеріндегі қар жамылғысының тұрақсыздығы себеп. Жалпы көлемі 216 текше метрді құраған қардың көшкіні екпіндеген бойы автожолды жауып тастады. Зардап шеккен азаматтар мен ғимараттар жоқ. Түрген өзенінің арнасымен су еркін өтуде, тасқын жоқ", – деп хабарлады жергілікті ТЖД.
Оқиға орнына ТЖД қызметкері мен 1 техникасы жіберілді. Сондай-ақ, "Қазселденқорғау" мекемесінің қызметкерлері автожолды тазартуда. Ведомство азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аталған автожол 2024 жылғы 1 мамырға дейін жабылып қалғанын мәлімдеді.
ТЖД-ның мәлімдеуінше, биыл қардың едәуір мөлшерде түсуіне, орта және биік таулы аймақтарда тау беткейлерінде қардың тұрақсыздығына байланысты қар көшкіні қаупі бар.
Мұндай жаңалықтар алматылықтардың жүрегін шайлықтырып отыр. Inbusiness.kz жазғандай, таяудағы жер сілкінісінен кейін, 8 ақпан күні таңертең Алматыда лай көшкіні жүріп, екі үйді басып қалды. Үйінді астында қалған төрт адамның, соның ішінде екі баланың мүрдесі табылды. Үйінді астынан құтқарушылар 1984 жылы туған ер адамның, 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылы туған егіз жасөспірімнің жансыз денесін алып шықты.
Билік өкілдері, қала басшылығы, қарапайым қазақстандықтар қайғылы оқиғаға қабырғасы қайысып, көңіл айтып жатыр.
Алдын ала деректер бойынша трагедияға суық су құбырының жарылуы себеп болуы мүмкін: салдарынан одан лақылдай аққан су топырақты шектен тыс ылғалдандырып, бұл 3 200 текше метр лай көшкінінің төмен сырғуына ықпал еткен сыңайлы. Алматы қаласының ТЖД және Республикалық жедел-құтқару жасағы күштерінің алдын ала ақпараты да осындай. Топырақтың ылғалдануына байланысты техногендік сипаттағы фактор кесірінен жылжыма түскен.
Лай және тас тасқынының астында қалған адамдарды аман сақтап қалу мүмкін болмады. ТЖМ психологтары қаза тапқан отбасының туыстарына, көршілеріне шұғыл психологиялық көмек көрсетті. Бірақ өлгендер қайтып тірілмейді.
Сарапшылар апаттың алдын алуға болатын еді дейді. Осылайша, жаңа министрдің лауазымына кірісуі қайғылы оқиғадан басталып отыр. ТМЖ оқиға орнында үйінділерді бөлшектеу және балшық массасынан тазарту жұмыстары жүргізілгенін мәлім етті. 180-нен астам адам, 32 бірлік техника тартылған.
"Жұмыстар тастар, өткір заттар, әйнек, арматура және басқа заттар араласқан ауыр саз балшық массасының үлкен көлемімен, сондай-ақ үйге кіру жолының тар болуымен, техниканы барынша пайдалану мүмкін еместігімен қиындай түсті. Құтқарушылар жұмысты негізінен қолмен жүргізді", – деп ақталды министрліктегілер.
Сөйтіп, қыс ішінде лайдан пайда болған төбені күрекпен қазып аршыған, құлаған ағаштарды қолмен тасыған құтқарушылардың фотоларын таратты.
Медицина қызметкерлерінің бригадасы сол жерде бір күндей қалып, кезекшілік ұйымдастырды. ТЖД тобы ықтимал зардап шегушілерді іздеуді жалғастырды. Өйткені ол маңда көшкін жүру кезінде нақты қанша адамның болғаны беймәлім.
Лай тасқыны қайталануы ықтимал деген қауіппен таяу жатқан тұрғын үйлердің тұрғындары эвакуацияланды. Оларды №47 мектепке орналастырды. Бір түнеп шығуына төсек-орын, жылы шәй берілген. Бірақ алматылықтар "тұрғындарды жинау пунктінде" түнеуге қалмай, бірер сағаттан соң туыс-туған, дос-жарандарын жағалап, өз бетімен тарады. Баспанасына оралған соң олардың қауіпсіздігіне еш кепіл жоқ.
Куәгерлердің айтуынша, 8 ақпанға қараған түні шырт ұйқыда жатқан оларды сырттан естілген қатты дүбір-дыбыс оятып жіберіпті. Көрші үйлердің тұрғындары көшеге жүгіріп шығады. Сонда лайлы көшкіннің көрші үйді басып қалғанын көрген.
Таусамалы ықшамауданының тұрғыны Назым Боржұмаеваның әңгімелеуінше, өмірі үшін қауіптенген тұрғындардың біразы дереу көліктеріне отырып, не такси шақыртып, қалаға кетіп қалды. Қалғандары көпке дейін үйлеріне кіруге қорыққан. Оқиға орнында ТЖМ, жедел жәрдем, полиция көліктері көп жиналыпты. Алайда көшкіннің қайталанар-қайталанбасын ешқайсысы нақты айта алмаған.
Трагедияға кімнің кінәлі екені де белгісіз. Төтенше жағдайлар министрлігі тау беткейінде үйлер салуға рұқсат еткен жергілікті атқарушы органдарды айыпты санайтынын жанама түрде жеткізді.
"Жылжыма дегеніміз – тереңдігі бір метрге дейінгі топырақ қабатының еріген қар, жауған жаңбыр немесе жер асты суларынан ылғалданып, балшық тәрізді күйге жетіп, ауырлық күшінің әсерінен төмен қарай жылжуы. Алматы қаласы ТЖД және "Қазселденқорғау" жылжыма қаупі бар учаскелерде тұрғын үйлер салуға кеңес бермейді. Таудың баурайында үй салуға, жолдар төсеуге, жоспарлау жұмыстарына ұсынуға болмайды. Ол маңда топырақты ылғалдандыруы мүмкін ашық септиктерді, дәретханаларды және басқаларын пайдалануға да тыйым салынады. Тұрғын үй алаптарының иелеріне, бау-бақша және саяжай қоғамдарының басшыларына су құбырлары мен суару құбырларының, септиктердің жағдайын, тозып, жарылмауын үнемі қадағалап отыруға шақырамыз", – деп мәлімдеді ТЖМ.
Тау бөктеріндегі ескі тұрғын алаптарында, жаңа тұрғын үй кешендерінде тұратын алматылықтар мұндай қайғылы оқиғалар қайталанбауы, яғни елді қорғау үшін биліктің не істейтінін жариялауын күтіп отыр. Алматы әкімі Ерболат Досаев қайтыс болған отбасының туыстарына көңіл айтып, жақындарына қандай қолдау көрсетілетінін баяндаумен шектелді.
"Әкімдік ақтық сапарға шығарып салу рәсімдерін өткізу бойынша барлық қажетті көмекті көрсетеді. Отбасының үлкен ұлы, шетелде оқитын Дмитрий Шиннің оқуына көмектеседі, сондай-ақ ата-анасының қаржылық міндеттемелерін шешуге жәрдемдесеміз", – деді Е.Досаев.
Эколог, Мәжілістің экс-депутаты Айжан Ысқақова лай көшкіндеріне топырақ пен тау жынысының ылғалдануы ғана емес, табиғи, техногендік сипаттағы басқа да процестер түрткі болатынын қаперге салды.
"Бұл мысалы, жер сілкінісінен кейін де пайда болуы мүмкін. Негізінен оған антропогендік және техногендік әсерлер ықпал етеді. Алматыдағы трагедияның алдын алуға болатын ба еді? Көп жағдайда жылжымалардың алдын алуға болады. Оған тосқауыл қоятын шаралар қабылдануы керек. Оның қандай шаралар екені мамандарға бұрыннан белгілі. Тек құнттаса болғаны. Тау беткейлерінде, әсіресе, 40–50 градус еңіс жарқабақтарда, сондай-ақ үнемі қозғалыста болып, шөгетін топырақтарда ешқандай құрылыс жүргізуге болмайды!", – деді ол.
Эколог қала басшылығының, құзырлы органдардың топырақтың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізбейтініне, сондай-ақ жер асты суларын бұрып әкететін дренаждық жүйелерді жолға қоюға мән бермейтініне назар аудартты. Тау жақта құрылыс жүргізуге, тұрғындардың тұруына рұқсат еткен екен, ендеше жергілікті билік оларды қауіпсіздендірудің, топырақ қабаттарын бекітудің де амалдарын мұқият пысықтағаны, қамын жасағаны жөн еді. Тау бөктері бедер-рельефінің өзгерістерін кім бақылап-қадағалап отыр?
Олай болмаған соң, таудың беткі қабатының үнемі ылғалға қанығуы, оларды нөсер жауындардың шаюы бұдан былай да алапат көшкіндерге, қайғылы оқиғаларға, адамдардың зардап шегуіне соқтыруы ғажап емес.
Сейсмикалық сілкіністердің көбеюі осы мәселелерді көкейкесті етуде.
Жауапты органдардың жауап таппайтынын, жауапсыздығын көріп, алматылықтар түңілді.
"Бұрын Алатаудың бөктері толған алма бақтары болатын. Оларды жойып, орнына тау жағалатып, шыңға өрмелетіп кең сарайлар, салтанатты тұрғын үй кешендерін салып жатыр. Оларға кім рұқсат беруде? Мемлекеттік сараптамалар қайда? Сұрақтарымыз жауапсыз қалуда. Алматыға төбеден қауіп төніп тұр. ТЖД тау жақтағы үйлерде ашық септиктер болмасын дейді. Шынында, ондағы әрбір нысан жергілікті канализациямен жабдықталған, онысы тау суларын улайды, топырақты ылғалдандырады. Содан тұрғындар әрбір көктемді үреймен қарсы алады: тау басындағы үйлер сырғып, төмендегі үйлерге құламай ма?", – дейді қала тұрғыны Мария Гурина.
Алматылықтар бұрынғы Президент тау беткейінде тұрғын үй және басқа ірі нысан салуға көз қылып, тыйым салғанын, алайда құрылыс қарқыны басылмағанын айтады. Сондықтан ол құрылыстардың заңдылығын тексеріп, заңсыздарын сүруге шешім қабылдайтын арнайы комиссия құруды ұсынады. Онсыз тұрғындардың жазым болуы жалғасуы мүмкін.
Алматы тұрғындары шенеуніктерді алдын алу шараларына кірісуге қайғылы оқиғалар да итермелей алмағанына шағымданады. Билік "қайғырып көңіл айтумен" құтылуға әуестеніп алды.
Кәсіпкер, қоғам белсендісі Нұркен Халықберген Алматы қаласын қоршаған Іле Алатауы таулары тұтас жырықтар (разлом) жүйесінен тұратынын еске салды.
"Осы жырықтар ауданын немесе тау бөктеріндегі дөңдерді ежелден жұмсақ жыныстар қабаттары толтырып, қордаланған. Оны мамандар "сөрелер-прилавки" деп атайды. Олар бірнеше қабаттан құралған пирогты елестетеді және граниттен, балшықтан, құмнан тұрады. Беткі қабатын құнарлы топырақ жауып жатыр. Міне, осы кеуекті, борпылдақ қабаттарға су мол енеді, кейбір жерде шектен тыс жиналып қалады. Салдарынан, әртүрлі материалдан тұратын ауыр масса өз салмағымен төмен жылжи жөнеледі. Бұған жол бермеу үшін өткен ғасырлардан бері ғалымдар мұндай дөң-жоталарда құрылыс салмауды, тек бақша егуді ұсынып келді. Оның өзінде мол әрі ұдайы суландыруды талап етпейтін дақылдарды ғана егуге рұқсат етілген", – деді Н.Халықберген.
Осының арқасында алма ағаштары және басқасы өз тамырларымен тау жыныстарын бекітті. Атақты апорт бақтары, Ботаникалық бақ, бұрынғы "Горный гиганттың" бақшалары да сонда орын тепкені мәлім.
Тоқсаныншы жылдары нарықтың экономика процестері және жемқорлық күш алғаннан кейін мұның бәрі жайына қалды. Байлар өзінен төмен бұқарадан бөлініп, тауға өрледі, сонда коттедждер, сарайлар, демалыс базаларын, қонақ үйлер, мейрамханалар және басқасын салды.
Мысалы, қазіргі кезде "Горный гигант" орны негізінен әкімшілік ауданға, шет мемлекеттердің елшіліктеріне, Esentai City элиталы тұрғын үй кешеніне берілген. Олардың да қауіпсіздігіне еш кепіл жоқ. Айтпақшы, сол маңда кеңес кезінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында IV-V ғасырларға жататын жәдігерлер, зергерлік бұйымдар табылған. Бұл ол маңда ата-бабаларымыздың тұтас өркениеті дамығанын білдіреді. Тарих та жайына қалды.
"Күні кеше жылжыма жүріп, адамдар, балалар қаза тапқан Каменский платосы ауданында соңғы 10-15 жылда қаптаған дуплекстер, таунхаустар, коттедждік қалашықтар құрылысы белсенді жүргізілді. Тіпті 4-5 қабатты көп пәтерлі тұрғын үй кешендері бой көтерді. Оспанов, Жамақаев көшелері, Ремизовка да жаппай құрылыс алаңына айналды. Оларға қарай әркім өз бетінше тартып алған, өрмекшінің торындай түрлі құбырлар үнемі жарылады, айналасын суға бөгіп жатады. Мұның бәрі топырақты ылғалмен молықтырады. Құрылыстың қарқын алуы, айналаның жаппай асфальтталуы салдарынан, нөсерлетіп жауған жаңбырдың суын жер сіңіре алмайды, олар лайлы тасқынға айналып, бейберекет ағады. Бүгінде мұндай лайлы ағындар тіпті Әл-Фараби даңғылын, "Villa dei Fiori" ауданын, жүргіншілердің жерасты өтпелерін басып қалатынды шығарды", – деді сарапшы.
Енді елестетіп көріңіз? Жаһандағы климаттық кризис кесірінен қырық күн жауын жауса, Алматының, әлгі аудандардың жағдайы не болады? Бір шағын баспананы 200-дей құтқарушы, 32 техника жабылып, тез арши алмады. Мұндай үйлердің саны жүзден асып жығылса, не болмақ?
Алматы тұрғыны Сакен Жүсіпбеков әлеуметтік желі арқылы жұртқа жаға ұстатқан фотоны таратты. Жергілікті билік Көктөбені қаламен байланыстыратын жалғыз жолдың бойындағы жарқабақты ғылыми тұрғыда бекітіп, заманауи тәсілмен нығайту орнына, көркемдеп, "абаттандырып", ұсақ тас толы сым тормен жауып қойыпты. Ол тор "жыртылып" қалып, декоративті тастары жол бойына шашылып жатыр.
Соған қарағанда қала басшылығы "әсемдік әлемді құтқарады" дегенге шын сенетін сияқты. Бірақ әсемдік апаттан құтқармасы даусыз.