Жермен де, көкпен де қатынайды

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
2328

Алматы-Ташкент бағытындағы жолаушылар автобусы бүгін кешке жолға шығады.

Жермен де, көкпен де қатынайды

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алыс-беріс пен барыс-келістің аясы күн өткен сайын кеңейіп келеді.

Өзбекстан билігі томаға тұйық саясаттан  ашықтыққа көшкеннен бері айдарынан жел есе бастады деуге болады. Бұған өзбек президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанмен ықпалдасуға және стратегиялық серіктестіктің тамырын тереңдетуге деген талпынысы мен ниеті себеп болып отыр. Осының айқын айғағы деп білерсіз, алдағы уақытта екі елдің тауар айналымын 5 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспарланған.

Бүгін біз барыс-келіс жөнінде сөз қозғайын деп отырмыз. Себебі бірнеше сағаттан соң Алматы мен Ташкентті байланыстыратын жолаушылар автобусы жолға шығады. Бұл бағытта Қазақстан тарапынан "ЮгТранс Лайн" ЖШС, Өзбекстан тарапынан "Erkin eminaexpress tour" ЖШҚ тасымалдаушылары қызмет көрсетеді. Рейстер күн сайын сағат 17:00, 18:00 және 19:00-де "Сайран" автобекетінен аттанады. Жолдың ұзақтығы 818 шақырым. Межелі жерге жету үшін 16,5 сағат уақыт кетеді.

ҚР инвестициялар және даму министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қазақстан мен Өзбекстан арасында жолаушылар тасымалдайтын автобустар осыдан 17 жыл бұрын тоқтап қалған.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 5 қаңтарда "Шымкент-Ташкент" халықаралық автобус бағдары ашылды. Ол күнде сағат сайын таңғы 6:00 мен кешкі 20:00 аралығында қатынап жүр.

"Шымкент-Ташкент" халықаралық автобус бағдары ашылғанда екі елдің басқа да ірі қалалары арасында тұрақты автобус қатынасы іске қосылатыны жарияланған болатын. Алматы мен Ташкентті байланыстыратын жолаушылар автобусының жолға шығуы айтылған сөздің іс жүзіндегі көрінісі болса керек. Айтпақшы автобус қатынасының ашылуына Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы 2006 жылғы 20 наурызда қол қойылған "Халықаралық автомобиль байланысы туралы келісімге" өзгертулер мен толықтырулар негіз болған. Құжаттың жаңа хаттамасы екі ел парламентінің деңгейінде қайта ратификацияланған.

Екі елдің үкіметі теміржол қатынасын да жолға қойды. Бүгінде Алматы-Ташкент арасында жүрдек пойыз жүйткіп жүр. Бұған дейін Алматыдан Ташкентке пойызбен әр аптаның дүйсенбі, сенбі, ал Ташкенттен сейсенбі, жексенбі күндері жолға шығуға болатын. 18 наурыздан бастап "Алматы-Ташкент" пойызының жиілігіне тағы бір күн қосылды. Дәл осындай поезд Астанадан сейсенбі, Самарқаннан жексенбі күні жүреді.

Бұл ретте уақыт үнемдегісі келетін жолаушыларға да жағдай жасалған. Олар үшін өткен жылдың 24 қарашасынан бастап Алматы-Ташкент бағыты бойынша бір күнде екі рет әуе рейсі қатынайтын болды. Бұл келісімге ҚР ИДМ азаматтық авиация комитеті мен Өзбекстанның авиация әкімшілігінің, сонымен қатар екі елдің әуе компанияларының арасындағы келіссөз нәтижесінде қол жеткізілді.

Уақыт өте келе, яғни желтоқсан айынан бастап Астана-Ташкент бағытындағы әуе қатынасы аптасына төрттен жетіге, ал Алматы-Ташкент арасындағы бағыт жетіден онға көбейді.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу