Жерорта теңізінде Ресейді дүрліктірген "тарихи апат" болды

86

Солтүстік көршінің "қайта өрлеуінің символы" жойылды.

Жерорта теңізінде Ресейді дүрліктірген "тарихи апат" болды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Украина Ресей кемелерін әлемнің әр түкпірінде жоюға кірісті. Қара және Азов теңіздерінен басталған шабуылдар географиясы күрт кеңейтілді. Енді Жерорта, Балтық пен Каспий теңіздеріндегі Ресейдің әскери базаларына, кемелеріне және маршруттеріне соққы жасалуда.

Теңіз толқынын ерттеп мінген экипажсыз соққылаушы аппараттардың соңғы олжасының бірі – Ресейдің ең жаңа корветтерінің бірі "Меркурий". Ресей Президенті Владимир Путин бұған дейін оны "РФ флотының қайта өрлеуінің символы" деп жариялаған еді.

Ливия жағалауында Ресейдің мақтанышы суға батты

Ресейдің әскери-теңіз күштері ауыр шығынға ұшырады. Оның шетелдегі әскери операцияларын сүйемелдеу жүйесіне сұрапыл соққы берілді. Ливияның шығысындағы Бенгази портының аумағында зымырандық "Меркурий" корветінде жойқын жарылыс болды.

Жарылыстың өзін және Ресей кемесінің быт-шыт болған көріністерін "Әл-Жазира" телеарнасы жариялады. Оның мәліметінше, кеме бортында қару-жарақ, оқ-дәрі және ұшқышсыз аппараттар болған.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, оқиға салдарынан Ресей және Ливия азаматтары арасынан 10 адам жеңіл жарақат алды. Al Jazeera телеарнасы болса, өз дереккөздеріне сілтеме жасап, ресейліктер және ливиялықтар арасында қаза тапқандар бар екенін хабарлады. Құрбандардың нақты саны жарияланған жоқ.

АҚШ-тың Vantor компаниясы түсірген спутниктік суреттер кеменің теңіз түбіне түгелге жуық батып, аударылып қалғанын паш етті. Су бетінде тек тұмсық бөлігінің шағын фрагменті көрінеді. Айналасында қираған бөлшектері жатыр. Яғни, шабуыл жай қауесет емес: Ресейдің әскери кемесінің күйрегенін спутниктік түсірілімдер айғақтауда.

"Меркурий" көнерген, есептен шығарылған кеме емес еді. Ол – Ресейдің "Стерегущий" жобасы аясында жасалған ең заманауи, зымырандық корвет. Кеме РФ Әскери-теңіз флотына 2023 жылғы мамырда, Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс басталғаннан кейін берілді.

Бұл кеменің "пиарына" Владимир Путиннің өзі тікелей атсалысты. Ресейлік "Агентство" басылымының жазуынша, 2019 жылы Кремльдің қожайыны кеменің құрылыс барысын жеке өзі тексерді. 2023 жылғы Әскери-теңіз флотының парадындағы салтанатты сөзінде оған арнайы тоқталып, сөзінің бір бөлігін осы корветке арнаған болатын.

"Ресей империясының аты аңызға айналған бригінің (желкенмен жүретін кемесінің) құрметіне аталған корветті Путин өзі билігі кезеңдегі Ресей флоты қуатының артуының символы ретінде таныстырды. 2019 жылғы 23 сәуірде Путин Санкт-Петербургтегі "Северная верфь" кеме жасау зауытына барып, болашақ корветтің блоктары біріктіріліп жатқан сәтті тамашалады. Президент 1829 жылы екі түрік кемесімен шайқаста даңққа бөленген Қара теңіз флоты бригінің құрметіне кемені "Меркурий" деп атау туралы ұсынысты қолдады", – деп еске салды "Агентство".

Ресейдің әскери-теңіз қуатының қайта жаңғырып жатқанының дәлелі ретінде дәріптелген сол кеме енді теңіз түбінде жатыр. "Меркурийдің" тактикалық-техникалық сипаттамалары бұл шығынның салмағын, залалын арттыра түседі. Оның ұзындығы – 104,5 (!) метр. Сыйымдылығы шамамен 2 250 тонна. Көп мақсатқа арналған корвет сағатына 27 теңіз миліне дейін жылдамдықпен жүйткіп, 15 тәулікке дейін автономды жүзуге қабілетті еді. Экипажы шамамен 100 адамнан тұрған.

Ресейдің "ТВ Центр" телеарнасы хабарлағандай, кеме "көрінбес елес" саналды, ондағы "стелс" технологиясы оны радиолокациялық құралдарға байқатпайды деп мақталды.

Кеменің қару-жарағы да қуатты, қаһарлы еді. Арсеналында "Уран" кемеге қарсы зымырандары, "Редут" әуе шабуылына қарсы кешені, артиллериялық қондырғылар мен суасты қайықтарына қарсы қару болған. Бортында Ка-27 әскери тікұшағы орналасқан. Украина лидері Зеленскийдің мәлімдеуінше, корветпен бірге осы тікұшақ та жойылған.

Украиналық операцияның екінші нысанасы – ресейлік MV ANGARA кемесі болды. Сарапшылар оның қару-жарақ тасымалдаумен айналысқанына, сондай-ақ Ресейдің "Сирия экспрессі" және "Ливия экспрессі" деп аталатын теңіз бағыттарын қамтамасыз еткеніне назар аудартады. Киев бұл құрғақ жүк кемесіне соққы жасалғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар АҚШ санкцияларына іліккен ASCALON коммерциялық тасымалдаушы кемесіне де шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тарады. Болжам бойынша, бұл кеме РФ Қорғаныс министрлігімен байланысты: Калининградтан Ресейдің "Африка корпусына" әскери жүк жеткізу үшін пайдаланылған. AFP агенттігі жергілікті шенеуніктердің сөзін келтіріп, аталған сауда кемесіне теңіз дрондары соққы жасағанын хабарлады.

Ресей неге төл флотының символын қорғай алмады?

Ресей әскерлері теңізде тұтқиылдан тап берген шабуылдаушы аппараттарды ұстап қалуға мүлде әрекет жасамады деп кесіп айтуға негіз жоқ. Керісінше, Ливия әскери қызметкерлері Associated Press агенттігіне ең кемі 4 дронның жойылғанын, алайда тағы екеуінің сытылып кетіп, қорғанысты бұзып өтіп, кемеге жеткенін мәлім етті.

Reuters агенттігі жергілікті қауіпсіздік күштеріне сілтеме жасап, Бенгази портына жақындаған тұста экипажсыз 20-дан астам катердің құртылғанын жазды. Соған қарамастан, тіпті қарқынды оқ жаудырудың өзі басты нысананы аман алып қала алмапты.

Сарапшылардың байламынша, ресейліктердің алыс шетелдегі кеме айлақтарының осалдығын, оларға төнетін қатерлерді жете бағаламауы шешуші қателік болғанға ұқсайды. Корвет ашық теңізде, толыққанды әскери эскадраның қоршауында тұрудың орнына портта ашық тұрған.

Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, суға кеткен алып кеме Ресейге қайтар жолда жанармай құйып алу және азық-түлік қорын толықтыру үшін Бенгази портына кірген, деп хабарлады Naval News. Defense Express дерегінше, шабуыл Ресейдің "Африка корпусы" әскерлеріне арналған әскери жүктерді түсіру кезінде жасалыпты.

Басылым тағы бір тарихи жайтқа назар аудартты. "Меркурий" – Ресейдің бейбіт емес, әскери-соғыс кемесінің Жерорта теңізінде жойылуының тұңғыш жағдайы ретінде тіркелетін болады.

Ресей кемелеріне Балтықтан Каспийге дейін шабуыл жасалуда

Осылайша, солтүстік көршінің әскери теңіз көліктеріне бас сауғалар жер қалмай барады. "Меркурий" оқиғасы жекелеген шабуыл ретінде емес, теңіздегі соққылар географиясының үздіксіз кеңейіп жатқанын көрсететін тұтас тізбектің бір буыны ретінде қарастырылуда. Мәскеудің хәлі мүшкіл.

Осы тізбектегі тағы бір қауіпті нүкте – Балтық теңізі. 2026 жылғы 21 қарашада Калининградқа бағыт алған Ресейдің "Спарта II" құрғақ жүк кемесіне Фин шығанағының халықаралық суда, Гогланд аралының батыс жағында 2 дрон шабуыл жасады.

Кеме бортында жарылыстар болып, артынша өрт шыққан. Экипаждың 16 мүшесі құтқару қайықтарына түсіп үлгерді. Кейін оларды басқа кеме алып кетті.

Қозғалыс қабілетінен айырылған кеме теңіз ағынымен қалқып, Финляндия аумағына өтті. Құтқару операциясына, өрт сөндіруге Финляндия, Эстония және Ресей қызметтері бірлесе қатысты. 23 қарашада апатқа ұшыраған кеме Ресейге кері сүйреп әкетілді.

Reuters түсіндіруінше, "Спарта II" РФ Қорғаныс министрлігінің қажеттіліктеріне қызмет көрсететін "Оборонлогистика" компаниясына тиесілі және АҚШ санкцияларына іліккен. Финляндия билігі кеме ішінде нақты қандай жүк болғанын ресми жариялаған жоқ. Дегенмен бұл кеменің әскери жүктер тасымалдауға бірнеше рет қатысқаны анықталды.

Бұдан бұрын, 2025 жылғы 19 желтоқсанда Украина Жерорта теңізінде Qendil танкеріне соққы жасағанын мәлімдеген еді. Шабуыл Украина шекарасынан 2 000 шақырымнан астам қашықтықта болған. Ресейдің "көлеңкелі мұнай флотымен" байланысты кеменің корпусы қатты зақымданып, бірнеше жерінен шұрқ тесілді. Украина тарапының мәліметінше, шабуыл кезінде танкер бос болыпты.

2026 жылғы наурызда Ресейдің Arctic Metagaz газ тасымалдаушы кемесіне қатысты бұдан да қауіпті оқиға болды. Бірнеше жарылыс пен өрттен кейін шамамен 62 мың тонна сұйытылған табиғи газ тиелген кеме Мальта мен Ливияның арасындағы теңізде қаңтарылып қалды.

Мәскеу бұл шабуылға Украинаны айыптады. Бірақ Киев ресми түрде жауапкершілікті өз мойнына алмады. Газ тасымалдаушы кеме суға батпағанымен, экипажсыз, теңіз ағынымен дрейфке түсті. Корпусында үңірейген тесік пайда болып, кеме бір жағына қисайды. Италия билігі ауқымды экологиялық апат қаупі барын ескертіп, дабыл қақты. Тек наурыз айының соңында Ливия билігі күйреген кемені ел жағалауындағы қауіпсіз аймаққа сүйреп жеткізуді ұйымдастыра алды.

2026 жылғы 3 маусымда Украина Қарулы күштерінің дрондары Кронштадта "Бойкий" корветіне соққы берді. Бұл – "Меркурий" секілді бір жобамен жасалған ескілеу әскери кеме. DW басылымының жазуынша, "Бойкийге" ауыр зақым келтірілген.

Украиналық шабуылдардың аясына Каспий теңізі де ілікті. 2025 жылғы желтоқсанда экипажсыз катерлер Ресейдің "Композитор Рахманинов" және "Аскар-Сарыджа" жүк кемелеріне соққы жасады. Украинаның сендіруінше, бұл кемелер Ираннан қару-жарақ пен әскери техниканы тасымалдаған.

Бұдан бөлек, 2025 жылғы желтоқсан мен 2026 жылғы шілдеде Каспийдегі РФ әскери кемелеріне шабуыл жасалғаны хабарланды.

Бұл оқиғалар тізбегіне 2025 жылғы қарашада Түркия жағалауында Kairos және Virat танкерлеріне жасалған шабуылдар, Virat кемесіне қайта жасалған соққы, сондай-ақ желтоқсанда Midvolga-2 және Dashan кемелерінің зақымдануы қосылды.

2026 жылғы мамырда Түркияның айрықша экономикалық аймағында Ресейдің көлеңкелі флотына жататын тағы 3 танкердің – James II, Altura және Velora-ның жарылғаны туралы ақпарат тарады.

ACLED жобасының сарапшылары Ресеймен байланысты теңіз тасымалдарына қарсы науқанның жүйелі түрде кеңейіп, жаңа теңіз айдындарын қамти бастағанын қаперге салды.

"Украина өзінің 7 теңіз дроны Бенгазиге дейін мың шақырымға жуық қашықтықты еңсергенін ресми түрде мойындады. Украинада әскери соққылаушы алып кемелер болмаса да, Ресей флотын қыспаққа алатын географиялық аумақ ұлғайып келе жатқан сияқты. Қара, Азов және Каспий теңіздері Киевтің тақиясына тар келуде. Енді Балтық пен Жерорта теңізіне кезек келді", – дейді саясаттанушы Виктор Таран.

Соңғы оқиғалар Ресей үшін жағдайдың күрделене түскенін көрсетті. Бұрын Мәскеу теңіздегі қауіпсіздік мәселесін негізінен соғыс жүріп жатқан аймақтармен байланыстыратын. Енді РФ кемелері өз шекарасынан мыңдаған шақырым қашықтықта да шабуылға ұшырауда.

Бұл әсіресе Ресейдің Африка, Таяу Шығыс және Еуропа елдерімен байланысына кері ықпал етеді. Өйткені осы бағыттар арқылы әскери жүктер, мұнай, газ және басқа да маңызды тауарлар тасымалданады.

Бір кездері қауіпсіз саналған порттар мен теңіз жолдары бүгінде Ресей кемелері үшін сенімді қорған болудан қалды. Қара теңізден басталған шабуылдар Балтық пен Жерорта теңізіне дейін құлаш ұруда. Каспийдегі кемелер де қауіпсіздіктен айырылды.

Ресей тек майдан даласындағы позицияларын ғана емес, әлемнің әр түкпіріндегі төл теңіз маршруттерін де қорғауға мәжбүр. Ал, бұл оның әскеріне де, әмиянына да қосымша салмақ түсіретіні даусыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу