Осының алдында "AMANAT" партиясының бір топ депутаты Үкіметке жүгініп, Қазақстанның беткеұстар №1 жоғарғы оқу орнындағы "қазақстандық үлесті" арттыра түсуді сұраған еді.
"Назарбаев Университеті – республиканың зияткерлік әлеуетінің тірегі, ғылыми-технологиялық прогрестің флагманы! Мемлекет басшысы білім мен ғылым – ел дамуының стратегиялық негізі екенін айта келіп, ұлттық кадрлардың әлеуетін толық дамыту қажеттігіне баса көңіл бөлді. Осыған байланысты "AMANAT" партиясының фракциясы Назарбаев Университетінің басшылық құрамындағы қазақстандық кадрларының үлесін кезең-кезеңімен арттыруды ұсынады", – делінген ресми сауалда.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың байламынша, бұл – стратегиялық басымдықтарды терең түсінетін, заманауи басқару мен білім саласындағы халықаралық тәжірибені игерген ұлттық кадрлар корпусын қалыптастыруға зор мүмкіндік.
"Қазіргі кезде "Болашақ" бағдарламасы аясында шетелдің озық жоғары оқу орындарында білім алып, ғылыми дәрежелерін иеленген білікті жас қазақстандықтар бар. Оларға осындай жоғары жауапкершілік жүктелетін лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігін ұсыну – үздік кадрлардың шетелге кетуінің алдын алып, Қазақстанның білім және ғылым саласына адал қызмет етуіне жол ашар еді", – деді депутат.
Оның тұжырымдауынша, педагогика саласы бойынша бакалавриат ашу қажет. Қазір тек магистратура, Phd докторантура ғана бар екен.
Сондай-ақ "педагогикалық менеджменттің" жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу шарт. Бұған қоса, мәжілісмендер Назарбаев Университетінің Жоғары білім мектебі аясында мектеп директорлары, олардың орынбасарлары және тәрбие ісіне жауапты мамандарға (завуч) арналған арнайы МВА-ге ұқсас бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
Осы бағдарламаға мемлекеттік білім гранттарын беру арқылы педагогикалық менеджментті және мектеп басқарушыларын жүйелі даярлау – жоғары білім мектебінің әлеуетін тиімді пайдалануға негіз.
"Назарбаев Университетінің жанынан "Білім саясаты институтын" құру бастамасын көтердік. Оны мектеп және жоғары білім саласындағы сараптамалық әрі аналитикалық орталыққа айналдыру шарт. Бұл орталық қазіргі реформалар мен стратегияларға тәуелсіз аудит жасап, ұсыныстар беруге тиіс. Harvard Kennedy School-дағы Ed.L.D. (Education Leadership Doctorate) бағдарламасы сияқты білім беру саласындағы мемлекеттік қызметшілерді даярлау бағдарламасын қолға алу қажет деп санаймыз", – деді Сүлейменова.
Депутаттардың бастамасына үн қатқан Үкімет басшысы Олжас Бектенов 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес, Назарбаев Университеттегі басшылық позицияларда қазақстандық кадрлардың үлесін арттыру міндеті бекітілгенін қаперге салды.
Осы мақсатта, Премьер-министрдің мәліметінше, шетелдегі жетекші университеттерде жұмыс істейтін қазақстандық ғалымдарды қоса алғанда, жоғары білікті отандық мамандарды іріктеу тетіктері жетілдірілуде.
"Мәселен, халықаралық стандарттарды ескеріп, жалдаудың ашық және бәсекелі рәсімдерінің жүйесі енгізілді. Кандидаттарды бағалау жүйесі жетілдірілді. Кадрлардың кәсіптік және мансаптық өсуін қолдау үшін біліктілікті арттыру бағдарламалары енгізілді. Қызметкерлердің ғылыми қызметі мен жарияланымдық белсенділігіне, халықаралық ғылыми және білім беру жобаларына қатысуына қолдау көрсетіледі. Материалдық және материалдық емес көтермелеу жүйелері қолданылады, мысалы, тұрғын үй беру көзделген", – деді Бектенов.
Премьер-министрдің дерегінше, жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Назарбаев Университетте атқарушы вице-президент пен басқа 3 вице-президентті, вице-провосттарды, декандарды және университеттің басқарушы кеңесіне кіретін департамент директорларын қоса алғанда, басшылық лауазымдардың шамамен 80%-ын немесе 90 лауазымның 72-сін енді қазақстандық мамандар атқарады.
"Сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамындағы қазақстандық педагогтардың үлесі университет құрылғанда 10% болса, бүгінде 30%-ға дейін артты. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Ұлттық кадрларды дамыту бағдарламаларына қатысу нәтижесінде "Болашақ" бағдарламасының түлектері университет қызметкерлерінің жалпы санының – 1 198 адамның 12%-ын немесе 143 адамды құрайды", – деді Олжас Бектенов.
Депутаттардың екінші бастамасы, яғни, педагогика бойынша бакалавриат бағдарламаларын ашу мәселесі қазіргі уақытта қаралуда екен. Ғылым және жоғарғы білім министрлігі педкадрларға деген сұранысқа ішкі бағалау жүргізіп жатыр.
Атап айтқанда, Назарбаев Университетінің барлық мектептерінің 3–4-ші курс студенттері үшін, ең алдымен білім беру саласындағы мансапқа қызығушылық танытқандар немесе магистратураға түсуді жоспарлайтындар үшін педагогика бойынша қосымша бакалавр (minor) бағдарламасы әзірленуде екен.
Бағдарлама студенттің негізгі мамандығын толықтыратын педагогика және практикалық тәжірибе саласында базалық білім беруге бағытталған.
"Ал, мектеп директорлары, олардың орынбасарлары мен мамандары үшін МВА-ге ұқсас бағдарлама әзірлеуге келсек, еліміздің жетекші университетінің Жоғары білім мектебі білім беру көшбасшылығы бойынша 2 жылдық магистрлік бағдарламаны жүзеге асырып жатқанын хабарлаймын. Бағдарлама мектептердің, ЖОО, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың мамандарына бағытталған әрі институционалдық және саяси деңгейде өзгерістер енгізуге қабілетті көшбасшыларды даярлайды", – деді Үкімет басшысы.
Қазіргі уақытта бағдарламаның көшбасшылық, командалық жұмыс, персоналды басқару және қаржылық басқару негіздері бойынша практикалық компоненті күшейтіліп, түлектердің кәсіптік қызметке әзірлігі арттырылды.
Депутаттарға құлаққағыс: университет жанында 2022 жылдан бері білім беру инновациялары мен трансформацияны зерттеудің Орталық Азия орталығы жұмыс істейді. Оның мақсаты – өңірдегі білім беру саясаты мен инновацияларды дамытуды қолдау болып табылады.
Бектеновтің мәлімдеуінше, университет пен оның мектебі білім беру саласындағы мемлекеттік бастамаларға аналитикалық, зерттеушілік және әдіснамалық қолдау көрсетуге дайын. Жоғары білім мектебіндегі жұмыс тобы білім берудегі көшбасшылар мен мемлекеттік қызметшілерді даярлауға бағытталған Doctor of Education (EdD) докторлық бағдарламасын іске қосу мүмкіндігін қарастыруда.
Сондай-ақ университет арнайы дайындық курстары мен білім беру бағдарламаларын әзірлеуді жоспарлап отыр, олар оның дайындық мектебіндегі халықтың әлеуметтік осал санаттарына, оның ішінде ауыл мектептерінің түлектеріне бағытталған.
Бұл ретте 2022 жылы – 394 өтінім беріліп, 118-і қабылданыпты. 2023 жылы – 442 өтінім түссе, 130-і қабылданды. Ал, 2024 жылы 521 өтінімнің 195-і қабылданды.
"Жалпы, университетте Қазақстанның барлық өңірлерінен келген талапкерлер үшін оқуға тең қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Соңғы 3 жылда ауылдық жерлерден түскен өтініштер мен студенттер санының айтарлықтай өсуі байқалды. Аталған бағыттар бойынша жұмыс жалғасуда және уәкілетті органның тұрақты бақылауында", – деді Олжас Бектенов.