Жеті ата шежіресін жазуды мемлекет қолға алса жөн

2838

Демографияға серпін беру үшін 7 атаға дейін қыз алыспау, ажырасулармен және баланың некеден тыс тууымен күресу, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту, басқа шаралар қабылданбақ.

Жеті ата шежіресін жазуды мемлекет қолға алса жөн

Қазақстан бала тууда жарты миллиондық межеге жете ме?

Биылғы жылдың басты бір жаңалығы – Ұлттық санақтың алдын ала қорытындысының жариялануы болды. Ақордада Мемлекет басшысымен кездескенде Үкімет басшысы Асқар Мамин жария еткендей, Қазақстан халқының жалпы саны – 19 млн 169 мың 550 адамды құраған. Отандастарымыздың 48,71%-ы – ерлер, 51,29%-ы – әйелдер. Халықтың 59,05%-ы, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды.

Еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18%-дан асқан.

Салыстыру үшін айтсақ, Ұлттық статбюроның ресми мәліметіне сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны небәрі 18,879 миллион адамды құрап еді. Оның ішінде әйелдер – 9,719 млн (52%), ерлер – 9,160 млн (48%) боолған.

Көз тимесін делік, Қазақстанда жыл өткен сайын "демографиялық дүмпу" тіркелуде. Мәселен, егер 2016 жылы 400,7 мың бала туса, 2020 жылы – 426,8 мың бала дүниеге келген. Биылғы жыл қорытындысында жаңа рекорд тіркеледі деп күтілуде. Себебі қарқыны артуда. АХАТ органдарының мәліметінше, 2021 жылғы қаңтар-қазанда туылғандар саны 375,9 мың бөбекті құрады. Бұл 2020 жылғы қаңтар-қазандағыдан 6,6%-ға көп. Былтырғы 10 айда 352,8 мың нәресте өмір есігін ашқан.

Алда халқымыз 500 мыңдық межеге қол жеткізеді деген үміт бар.

Туудың жалпы коэффициенті биылғы жыл басынан бері 1 000 адамға шаққанда 23,75 сәбиден келді.

Сондай-ақ бала туудың жиынтық коэффициентінің жыл сайынғы өсуі байқалады (бала туа алатын жастағы 1 әйелге шаққандағы балалар саны). Егер 2016 жылы республика бойынша бұл көрсеткіш 2,77 болса, 2020 жылы 3,13-ке дейін өсті.

Жақсы көрсеткішті не бұзады?

Нәрестелер өлімі 1 000 туылған сәбиге шаққанда 2016 жылғы 8,59-дан 2020 жылы 7,77-ге дейін 1,1 есеге азайған болатын. Алайда 2021 жылғы қаңтар-қазанда республикада 3 020 нәресте 1 жасқа дейін шетінеген. Салдарынан, 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (2 768 нәресте шетінеген) өлім-жітім 9,1%-ға артты. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1 000 туғандарға шаққанда 8,03 оқиғаға дейін қайта өсті.

Дүние салған ересектер саны да ұлғайып барады. Бұл – демографияға соққы. Биылғы қаңтар-қазан аралығында 153,6 мың адам қайтыс болған. Бұл былтырғыдан бірден 12%-ға көп. 2020 жылғы ұқсас кезеңде 137,1 мың адам өмірден өткен. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 9,70 қайтыс болған адамнан келді.

Қазақстандықтардың лек-лекпен елден көшуі де халық басының тез көбеюіне кедергі. Көші-қон қызметі ұсынған мәліметке жүгінсек, 2021 жылғы қаңтар-қазанда елімізге тұрғылықты тұруға келген 8 300 адам ғана тіркелді. Ал осы кезеңде елімізден көшіп кеткендердің саны 27 723 адамды құрады. Көші-қонның теріс айырымы – 19 423 адамға жетті. Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен арада жүруде. Посткеңестік кеңістіктегі елдерден келгендердің және сол елдерге кеткендердің үлесі тиісінше 84,4% және 85,9% болды.

Халық санын өсіру, демографияны жақсарту, отбасыларды қорғау үшін мемлекет "Қазақстандағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының" жаңа нұсқасын қабылдайтын болады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі алда Президент Жарлығымен бекітілетін құжат жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарды.

Отбасын ойрандаушылармен күрес күшейеді

Тұжырымдамада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға баса мән берілген. Өйткені отбасында төмпештеу мен теперіш көріп, бас қайғы болған ана бала туу және оны лайықты азамат етіп тәрбиелеу ісіне баса көңіл бөле алмасы даусыз.

Ішкі істер органдары жүйесінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі құрылған. Ол полиция қызметінің осы саладағы жұмысын үйлестіріп, жәбірленушілерді қорғау шараларын қолдануға тиіс.

Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің биылғы отырысында берген тапсырмасын орындау үшін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлардың саны 2 есеге ұлғайтылды. Жаңадан 129 бірлік енгізіліп, нормативке жеткізілді. Яғни қазір жалпы саны 248. Енді олар әрбір қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінде бар. Олардың қызметі әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ден қоюға бағытталатын болады.

Қазақстанның барлық өңірінде 36 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде 31 баспана-приют бар. Салыстыру үшін айтсақ, 2006 жылы 10 өңірде осындай 24 орталық жұмыс істеген. 2020 жылы зорлық-зомбылық мәселелері бойынша 3 544 адам жүгінген. Оларға тегін медициналық-әлеуметтік, құқықтық, психологиялық қызметтер көрсетілуі, сондай-ақ уақытша баспана берілуі керек.

Ел Үкіметі 2025 жылға дейін отбасын қолдаумен, отбасылық жанжалдарды бітіммен шешумен және балалы әйелдерді уақытша баспанамен қамтумен айналысатын 234 орталық құруды жоспарлауда.

Президент Қ. Тоқаев алдағы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді тапсырды. Тиісінше, заңнамаға түзетулер енгізіліп, жаза қатайтылмақ. Бұл ретте отбасында жұбайына жұдырық ала жүгіретін адамдарға қатысты жаза әкімшілік құқық бұзушылықтан қайтадан қылмыстық қудалау аясына оралуы мүмкін. Себебі бұл бұзушылықтар Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне ауыстырғалы олардың саны 10 есеге өсіпті: 2017 жылы – 7 578, 2018 жылы – 15 548, 2019 жылы – 23 356, 2020 жылы – 22 533, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында – 10 857 бұзушылық тіркелген.

Жұрт АХАТ-тан жеріп, діни некеге ден қойды

Мемлекеттің отбасылық және гендерлік саясаты аясында тағы қандай мәселелерге мән берілетіні анықталды.

"Ажырасу және некеден тыс баланың туылу үрдісі өрістеді. Әрбір үшінші неке бұзылады. Кәмелетке толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың ажырасу үлесі артты. 2016 жылы 141,7 мың некеге 51,9 мың ажырасудан (36,7%), ал 2020 жылы 128,8 мың некеге 48 мың ажырасудан (37,2%) келді. Некені бұзудың негізгі себептері: туыстарының араласуы, моральдық шектеулердің болмауы, көзге шөп салу, құмар ойындарға салыну, тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқасы", – деді министрлік.

Тұжырымдамада "толық емес отбасылар санының көбеюі" де проблема қатарында аталған: жалғызбасты отбасылар үлесі 6,8%-ға артқан. Олардың ішінде 400 мыңнан астам әйел – 700 мыңнан астам баланы, ал 60 мыңнан астам еркек – 300 мыңнан астам баланы тәрбиелеп отыр. Елдегі балалардың 15,1%-ы – тек анасымен, 6,4%-ы – тек әкесімен ғана тұрып жатыр. Демек әрбір 5-ші бала толық емес отбасында өмір сүруде.

Әкелердің бала тәрбиесіне селсоқ қарауы алимент төлеу проблемасына алып келіпті. Талап арыздар бойынша алименттерді өндіріп алу туралы азаматтық істердің саны 2016 жылғы 7 117-ден 2020 жылы 6 228-ге дейін төмендеді. Бұйрық өндірісі істері бойынша алимент өндірту туралы азаматтық істердің саны да 2016 жылғы 40 192-ден 2020 жылы 36 653-ке дейін шамалы азайды. Бірақ салмақты түрде кемімей тұр. Бұл ретте проблемалық алименттер саны 9,8%-ға өсті. Табысын жасыратын "көкек-әкелер" көбейіп барады.

Жаңа саясат аясында билік "баланы анасы тәрбиелейді" деген стереотиппен күреспек. Бұл іске қоғамдық ұйымдарды тартады.

Қазір өзге ұлт түгіл, қазақтар да жеті атаға қарамай, сұрамай қыз алыса беретін болған. Бұл әрине, қауіпті үрдіс. Ол өзекті проблема ретінде аталған тұжырымдамада көрініс тауыпты. 

"Туысқандық некелер белең алуда. Ерлер мен әйелдердің азаматтық хал актілерін жазу органдарында тіркелмей, діни мекемелер арқылы неке қию жағдайлары жиіледі. Бұл ретте әйелдің отбасындағы рөлін, оның әлеуметтік белсенділігі мен жұмыс істеуін шектейтін, қоғамымызға сай келмейтін отбасылық құндылықтар дәріптеледі. Кейіннен осындай отбасыларда ажырасуға соқтыратын жанжалдар туып жатады. Қыз алып қашу және оларды күштеп тұрмысқа беру оқиғалары орын алуда. Бұл өз кезегінде ұлттық салт-дәстүрді қайта жаңғырту емес, құқықтық зайырлы мемлекетте қылмыс болып табылады", – делінген тұжырымдамада.

Онда профилактикалық шараларды жетілдіру жайы айтылады. Қолданыстағы жүйенің кемшілігі көп екен. Онда отбасымен жұмыс негізінен, өмірлік қиын жағдайға тап болу фактісі болғаннан кейін ғана жүргізіледі. Бұл ретте көмек алу үшін түрлі инстанцияға жүгіну, сабылу қажет. Әлеуметтік көмекті түрлі ведомство ұсынады. "Бір терезе" қағидаты жоқ. Оның өзінде бұл жұмыс әдетте, отбасы мүшелерін бір-бірінен айыруға бағытталған.

Көрші Өзбекстан керісінше, оларды татуластыру, қайта қосылуын жұртшылық-махалля болып бақылау, бас біріктірсе, тұрмысына қолдау көрсету жағына екпін түсіреді. Ал Қазақстандағы жүйе адамның отбасымен байланысын жоғалтуына, әлеуметтік жағдайының төмендеуіне, мемлекет қолдауына зәру отбасылардың көбеюіне соқтырады. Сол себепті енді көрсетілетін көмек отбасын сақтауға және нығайтуға бағытталуға тиіс.

Әрине, Президент қарауына ұсынылатын жаңа құжатта біраз ізгі істер көзделген, жақсы бастамалар қарастырылған. Сонымен бірге жете пысықталмаған тұстары да жетерлік. Бірқатар баптары нақты жоба-тетіксіз, декларативті болып келеді. Мысалы, туысқандық некемен күрес шаралары жоқ. Бұл ретте Жаңа Зеландияның тәжірибесін зерделеуге болар еді. Сарапшылар "Жеті Ата" интерактивті, онлайн жобасын мемлекеттік деңгейде қолға алуды біраздан ұсынып келеді. Әйтпесе, жеке секторда қолға алынған жобалар жүйесіз, ғылыми зерделеусіз жүргізіледі, оған кез келген адам ойына келгенін, өзіне қолайлысын жаза алады.

Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу