Жеті боксшыға 20 келі қазы әкетті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3334

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Джакартада өтетін Азия ойындарына аттанып кетті.

Жеті боксшыға 20 келі қазы әкетті Фото: kfb.kz

"Ұлттық құрама сапына іліккен жеті боксшы, сондай-ақ бапкерлер құрамы мен дәрігерлер ХVІІІ жазғы Азия ойындары өтетін Индонезия еліне аттанып кетті", деп хабарлайды ҚР бокс федерациясының баспасөз қызметі. Олар Астанадан Бангкокке дейін жеті сағат ұшып барып, үш сағат келесі ұшақты күтіп отырады екен. Содан соң Джакартаға дейін төрт сағат ұшатын көрінеді.

14 сағат жол соғып барған соң, екі тәулік тынығу қарастырылыпты. ҚР бокс федерациясының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, күрзі жұдырықты жігіттеріміз екі күн демалады екен. Ең бастысы, жергілікті климат пен Джакарта азпаздары дайындаған тамаққа бейімделу көрінеді. Бұған тіпті ерекше көңіл бөлініп отырғандай.

Әдеттегідей, боксшылар ұжымы өздерімен бірге "артынып-тартынып", жылқы етін (қазы-қартаны) ала кеткен. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың мәлімдеуінше, олар 20 келі жылқы етін "арқалап" әкеткен. Әрі "кімнің қанша граммнан жейтінін жігіттердің өздері де біледі" депті.

Бірақ бәрі бірдей тең бөліп жей ме, әлде жеңіл салмақтағы боксшыларға қарағанда, ауыр салмақтағы жігіттер көбірек тие ме, ол жағын ашып айтпаған (Негізі, ерлер құрамасымен бірге әйелдер арасындағы ұлттық құрама да бірге аттанған). Ал біз қазы жеген қырандарымыз қарсылас шақ келтірмей, осыдан төрт жыл бұрынғыдай Азия ойындарының алтынына қарық қылады деп сенеміз.

Жалпы, боксшыларға Джакартада жан-жақты жағдай жасалатындай. Дәрігерлер өздерімен бірге 40 келіден астам дәрі-дәрмек әкетіпті. Абырой болғанда, Азиаданың медициналық штабы қайсыбір дәрі-дәрмектерді өздері беретін болыпты. Әйтпесе, бокстан ұлттық құрамамыздың дәрігері Ирек Сатовтың бұдан да көп жүк арқалап баруы мүмкін еді.

Кешенді-ғылыми топтың мүшелері Джакартадағы аптап ыстық пен ауаның шектен тыс (70%) ылғалдылығын да ескеріп, бәріне көңіл бөліпті. Тіпті тістерін шүмектен ағып тұрған сумен жууларына қатаң түрде тыйым салынған көрінеді. Бөтелкедегі ауызсумен жуулары керек екен.

Жалпы, боксшылар арасындағы қиян-кескі жекпе-жектер 24 тамызда басталады. Ал финалдық айқастар 1 қыркүйек күні өтеді. Күрзі жұдырықты жігіттеріміз ертең, яғни 18 тамыз күні ХVІІІ жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысады. Қайыс қолғапты қырандарымыз үшін бұл да – өте маңызды. Себебі, еліміздің көк байрағын 75 келі салмақ дәрежесіндегі Әбілхан Аманқұл көтеріп шығады.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы Азия ойындарының бағдарламасына 81, 91 және +91 келі салмақ дәрежелері енгізілмеген. Ал бұл салмақтарда біздің боксшыларымыз құрлықта теңдессіз болатын. Осы ретте, бас бапкер Мырзағали Айтжановтың сөзімен айтар болсақ, "біздің құрама кем дегенде екі жүлдеден, тіпті саф алтыннан айырылып отыр". Десек те, отандық былғары қолғап шеберлері Джакарта шаршы алаңынан 4-5 жүлде (оның екеуі – алтын) жеңіп алуды меже тұтып кетті.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу