Жеті минутта соғылған үш гол ойын тағдырын шешті

785

"Астана" Конференция лигасының топтық кезеңінде қатарынан екінші мәрте жеңіліс тапты. 

Жеті минутта соғылған үш гол ойын тағдырын шешті Фото: kazfootboll.kz

Астанада өткен кездесудің маңызды сәттері барлық голдар соғылған екінші таймда өрбіді. Алаң иелері бірінші болып есеп ашқандарымен, қуаныш көп созылмады. Қонақтар өте жылдам есе қайтарып қана қоймай, 2:1 есебімен алға шықты. Нәтижесіндегі таблодағы көрсеткіш соңғы ысқырыққа дейін өзгеріссіз қалды.

"Астана" сапында Марин Томасов гол соқты (51-минут). Чехия құрамасы бұған Томаш Хора (54-минут) мен Ян Копицтің (57-минут) дәл соққыларымен жауап берді. Матч аяқталған соң елордалық команданың бас бапкері журналистердің сұрақтарына жауап беріп, ойынға қатысты өз пікірімен бөлісті.

"Біз күткендей, матч өте қиын болды. Бұл мықты агрессивті еуропалық стиль, біз бой жағынан аласамыз. Оған қоса, жеті-сегіз ойыншымыз вирус жұқтырып, кадр мәселесі туындады. Біз 90 минутқа ойыншылар жетіспейтінін түсіндік, әсіресе қорғаныс шебінде. Екінші таймды жақсы бастадық, гол соқтық, бірақ екі-үш минут бойы концентрация жоғалттық. Эбонгта гол соғуға айқын мүмкіндіктер болды. Бірақ соққыны қақпашы тосып алды. Ал Оганесян қақпа бағанасынан биіктеу соққы жасады. Жанкүйерлерімізге алғыс айтқым келеді. Алайда, өкінішке орай, біз жеңе алмадық", - деді Бабаян.

Бүгінгі жеңістің арқасында Виктория Пльзен алты ұпай жинап, С тобында бірінші орынға ие болды. Бір де бір ұпайы жоқ "Астана" соңғы, төртінші орынға жайғасты. Топтың тағы бір кездесуі "Балкани" - "Динамо" (Загреб) арасындағы ойын әлі өтпегенін айта кетейік.

26 қазанда "Балкани" – "Астана", "Динамо" (Загреб) – "Виктория Пльзен" командалары кездеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу