Жеті пайыздық ипотекаға қол жеткізе алмай жүргендер 12-14%-ға жоламайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4631

Қазан айының соңында Қазақстанда "Орда" деп аталатын жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады.

Жеті пайыздық ипотекаға қол жеткізе алмай жүргендер 12-14%-ға жоламайды

"Қазақстан Ипотекалық Компаниясы" (КИК) жүзеге асыруды жоспарлап отырған жоба төлем қабілетін растаған ел азаматтарына меншігінде баспанасының бар-жоғына қарамастан, бастапқы және қайталама тұрғын үй нарығынан жылжымайтын мүлік сатып алу мүмкіндігін береді.

КИК баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, несиелендіру екінші деңгейлі банктер арқылы атқарылады. Олар КИК-тің серіктестері ретінде әрекет етеді. Төлем қабілеттілігін толық растаған кезде қарыз алушылар үшін ипотекалық қарыз мөлшерлемесі жылдық 12%-ды, кіріс ішінара расталса жылдық 14%-ды құрайды. Қарыздың ең шекті сомасы 40 млн, ең төменгі сомасы 1 млн теңге. Қарыз 20 жылға беріледі. Жасы 21-ден жоғары Қазақстанның кез келген азаматы қарыз ала алады. Несиені өтеу сәтінде қарыз алушының немесе қосалқы қарыз алушының жасы зейнеткерлікке шығатын жастан аспауға тиіс.

"Кірісін толық растаған азаматтар "Орда" ипотекалық бағдарламасына 30%, ал кірісін ішінара растағандар 50% бастапқы жарна төлеу арқылы қатыса алады. Бастапқы жарна жылжымайтын мүлік түрінде де қабылданады", –  деп хабарлады баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, клиент пәтер таңдағаннан соң серіктес банкке хабарласады. Серіктес банк құжаттарды қабылдап, КИК-қа өтiнiш жолдайды. КИК қарыз алушының төлем қабiлеттiлiгiн тексеріп, екінші деңгейлі банкке нақты шешімін айтады. Бұл іс үш жұмыс күнінде атқарылады.

"Біз әртүрлі ипотекалық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуына мүмкіндік беретін ипотека әзірледік. Оңтайлы сыйақы мөлшерлемесі, реттелетін қарыз мерзімі мен бастапқы жарна мөлшері, кірісті ішінара растау мүмкіндігі, сондай-ақ қомақты қарыз сомасы қазіргі нарық үшін ең икемді талап деп ойлаймыз. Қарыз алушылар өздеріне ыңғайлы бастапқы параметрлерді таңдап, ай сайынғы қолайлы төлемді анықтайды және өздеріне ұнаған кез келген тұрғын үйді сатып ала алады", – КИК АҚ басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.

Экономист Асқар Құрсабаевтың сөзінше, жаңа ипотекалық бағдарлама клиентті қомақты қарыз сомасымен және пайыздық мөлшерлемесінің ақылға қонымдылығымен қызықтыруға тырысқан. Алайда бағдарлама авторлары нарықта бұдан да тиімді ипотекалық бағдарлама бар екенін назардан тыс қалдырған.

"Адамдардың басым бөлігі "7-20-25" бағдарламасының талаптарын еңсере алмай жатқанда "Орда" ипотекалық бағдарламасы ерекше сұранысқа ие болады деп ойламаймын. Бұл бағдарламаға қомақты қаражатты жылжымайтын мүлікке салып жіберіп, оны мерзімінен бұрын жауып тастайтын қалталы азаматтар болмаса, қарапайым халықтың қатыспайтыны сөзсіз. Ойлаңыздаршы, 7% мөлшерлемесі бар қарызды 20% бастапқы жарнамен 25 жылға ала алмай жүрген адам 30 немесе 50% бастапқы жарнамен 20 жылға 12-14%-бен несие рәсімдей ме?" – деді Асқар Құрсабаев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу