Жеті шаруашылық қант қызылшасын салуда салғырттық танытты

5997

Соның салдарынан шаруалардың жаз бойғы еңбегі еш кетті. 

Жеті шаруашылық қант қызылшасын салуда салғырттық танытты

2021 жылы Павлодар облысында қант зауыты іске қосылмақ. Оны шикізатпен қамту үшін биыл алғаш рет жергілікті шаруашылықтар қант қызылшасын тәжірибе жүзінде екті. Сәуір айында облыстың оңтүстік, солтүстік, батыс және шығыс аудандарында орналасқан 10 шаруашылықтың әрқайсысына қант қызылшасының 8 сұрпының тұқымы 250 граммнан үлестірілді. Бірақ шаруалар бұл тұқымдарды отырғызу технологиясын дұрыс сақтамапты.

"Біз қант қызылшасының 7-8 сұрпын жеке-жеке тараттық. "Ақтоғай-Агро", "Сергей" және "Маяк" шаруашылықтары ғана әр сұрыпты жеке салып, күтіп, баптады. Ал жеті шаруа қожалығы тұқымдарды араластырып жіберген. Соның салдарынан  біздің облыстың климатына сай келген сұрыпты анықтай алмаймыз. Бұл шаруашылықтарда өнімділік те төмен болып шықты. Қысқасы, жұмыс – нәтижесіз", -дейді "Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы" ЖШС директоры Байжан Уалханов.

Жергілікті ғалымдар мен технологтар "Ақтоғай-Агро" серіктестігі өсірген қызылшаны талдамадан өткізді. Орташа өнімділік гектарынан 350 центнерді құрады. Ал жемістерінің салмағы 4 келіге дейін жетті. Қанттылығы – 15-20,5%. Тәжірибелік станция өкілдерінің айтуынша, оңтүстік өңірлерде гектарынан 250 центнер қант қызылшасын алады. Олардың қанттылық көрсеткіші шамамен 16%-ды құрайды.

Енді келесі аптада жоғарыда аталған үш шаруашылықта өскен қызылшаның 1,5 тоннасы сараптамаға жіберілетін болды. Оның тауарлық сапасы мен қанттылығы тексеріледі. Демек үздік сұрыпты осылардың арасынан ғана таңдауға тура келеді.

Бұл ретте қант қызылшасының тұқымдарымен қамтамасыз еткен германиялық "KWS" компаниясы үш жыл аралығында Павлодар облысының климаты мен жердің құнарлығына лайық тұқымды табуға уәде берді. Бұл мерзім аралығында қант зауытын іске қосатын да уақыт келеді.

Айта кетелік, биыл қант қызылшасы 10 гектарға егілген болатын. Ал келесі жылы 400 гектар алқапқа егу жоспарланған-ды. Ақсу қаласының аумағында екі жылдан соң іске қосылатын қант зауыты жылына 750 мың тонна қызылшаны өңдеуге қауқарлы болмақ. Бірақ жергілікті шаруалар өңдеу орнын шикізатпен қамтуға әзірше дайын емес.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу