2005 жылы "PROSYSTEMS PETROLEUM" LTD серіктестігі Астана қаласының іргесінен, Көктал ауылдық округінің аумағынан 10 сотық жер сатып алады. Сөйтіп, компания 2010 жылға қарай бұл аумаққа жанар-жағармай құю бекетін салуды жоспарлайды. Межеленген мерзім таяған тұста жер учаскесін жобалауға барған мамандар түсініксіз жағдайға тап болыпты.
"Жер учаскесінің орнында жол жатыр. Сөйтсек, бұл жер 2007 жылы Алматы – Екатеринбург бағытындағы жолдың құрылысы үшін ықтиярсыз алынған. Алайда біз бұдан бейхабармыз. 2011 жылы ғана біліп отырмыз. Ал жол 2010 жылы пайдалануға берілген", – дейді "PROSYSTEMS PETROLEUM" LTD ЖШС Астана филиалының заңгері Гүлнұр Осадчая.
Ырду-дырдумен арада жеті жыл өткен.
"Астана қаласының әкімі мен оның орынбасарының қабылдауында болдық. Жер қатынастары, сәулет және құрылыс мекемелерінің табалдырығын да тоздырдық. Автомобиль жолдары комитетіне де бірнеше мәрте бардық. Бізді бір-біріне сілтеп, "допша" лақтырады", – дейді заңгер.
"PROSYSTEMS PETROLEUM" LTD ЖШС заң қызметі департаменті директорының орынбасары Ескендір Жаркешовтің сөзінше, компания 2014 жылы сотқа шағымданыпты.
"2015 жылы соттың бірінші инстанциясында шешім шығып, Астана қаласы әкімдігінің кінәсі толықтай дәлелденді. Сот "әкімдік компанияға басқа жер учаскесін беруге тиіс" деген шешім шығарды. Алайда аппеляциялық инстанцияда прокурордың наразылығына сәйкес, бұл шешімнің күші жойылды. Себебі әкімдік компаниямен келісім рәсімін жүргізбеген. Ал келісім сот арқылы емес, атқарушы органдар деңгейінде жүзеге асуы керек екен", – дейді Ескендір Жаркешов.
Бірақ тараптар бұдан кейін де өзара келісімге келмеген. Себебі, серіктестік өкілдерінің сөзінше, әкімдік лайықты басқа жер учаскесін бергісі жоқ. Осылайша, серіктестік өкілдері тағы да мемлекеттік мекемелерді жағалаған. Бірақ бұл қадам да нәтижесіз аяқталған.
"Кәсіпкерлік туралы кодекске сәйкес, жер учаскесі мемлекеттің қажеттілігі үшін ықтиярсыз алынған жағдайда оның орнына басқа жер учаскесі ұсынылуға тиіс немесе өтемақы төленуі керек. Ал бізге мұндай таңдаудың берілгені былай тұрсын, алдын ала ескерту де жасалған жоқ", – дейді Ескендір Жаркешов.
Компанияның ендігі көздеп отырғаны – басқа жер учаскесіне қол жеткізу немесе өтемақы өндіріп алу. Бұл ретте, 2016 жылы аталған жер учаскесі 37 млн теңгеге бағаланғанын атап өткен жөн.
"Амалымыз таусылғандықтан, Астана қаласының кәсіпкерлер палатасына жүгініп отырмыз. Бәлкім, палата біздің жанайқайымызға құлақ асар. Сөз жоқ, бұл жерде кәсіпкердің құқығы тапталды. Бастысы, әкімдік жеті жыл бойы ел бюджетіне түсуге тиіс салықтың аузын буып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына кедергі келтіріп отыр", – дейді Гүлнұр Осадчая.
Астана қалалық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Нұржан Букин де компанияның шын мәнінде тығырыққа тіреліп отырғанын жасырмады.
"Қазір бұл компанияның жер учаскесіне Астана қаласының айналма жолы салынған. Осыған байланысты серіктестік өз жерін кәдеге жарата алмай отыр. Компания Астана қаласының әкімдігіне, ҚР автомобиль жолдары комитетіне бірнеше мәрте жүгінген. Алайда мемлекеттік органдар басқа жер учаскесін ұсынбаған. Яғни мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ", – деді Нұржан Букин Астана қалалық кәсіпкерлер палатасында өткен кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында.
Кеңестің отырысында анықталғандай, бұл аумақ Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдіктерінің және ҚР автомобиль жолдары комитетінің арасында "допша" домалап жүр. Яғни, жер учаскесі біресе ана мекеменің, енді бірде мына мекеменің иелігіне өтеді.
"Мәселенің әлі күнге дейін шешімін таппауына бұл фактор да әсер еткен шығар. Алайда кәсіпкердің қандай кінәсі бар? Оның жері мемлекеттің қажеттілігі үшін алынды. Демек, тиісті мекеме заңға сәйкес басқа жерден учаске ұсынуы тиіс еді ғой", – дейді Астана қалалық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің мүшесі Гүлмира Шажанбаева.
Бұл мәселеге қатысты Астана қаласының тұрғын үй басқармасына қарасты "Қалалық жылжымайтын мүлік" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Александр Строчков өз пікірін білдірді.
"Компания жерді 2005 жылы сатып алған. Жол құрылысының жобасы 2007 жылы қолға алынды. Серіктестік содан бері бұл учаскені мүлдем қадағаламаған. Әйтпесе, мұндай проблема болмас еді ғой. Берілген жерді уақытылы игеру керек. Бұл бір. Екіншіден, жол құрылысымен автомобиль жолдары комитеті айналысты. Комитет құрылыс кезінде жер иелерін анықтауы қажет еді. Бұл орайда, заңның бұзылғаны анық, әрине", – деді Александр Строчков.
Астана қаласының жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Болат Сұлтан да ұзақ жылдар бойы жер учаскесін назарда ұстамаған кәсіпкердің немқұрайлылығын сынға алды.
Серіктестік өкілі Ескендір Жаркешов былай дейді: "Компания аталған учаскенің салығын жыл сайын төлеп келді. Салықты уақытылы төлесек, қалайша назарда ұстамаған боламыз?!".
Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Темірлан Сейтбековтің сөзінше, мемлекеттік қажеттілік үшін пайдаланылатын жерді алу процесіне жергілікті әкімдіктер жауапты. Демек, бұл орайда Астана қаласының әкімдігі заңға қайшы әрекет етіп отыр. Ендеше, әкімдік басқа жерден учаске қарастыруы керек.
Белгілі болғандай, жол құрылысы үшін мемлекеттік қажеттілікке алынған жерлердің иелеріне 49 гектар аумақ қарастырған. Алайда Ескендір Жаркешовтің айтуынша, бұл аумақтан дәмелілердің қатарында "PROSYSTEMS PETROLEUM" LTD серіктестігі жоқ.
"Десе де, аталған жол учаскесіне жақын маңда бос жерлер бар деп естідік. Егер сол аумақтан бізге жер учаскесі қарастырылса, тамаша болар еді", – деген тілегін жеткізді Ескендір Жаркешов.
Серіктестіктің сағызша созылған мәселесі оң шешілетін секілді. Себебі Астана қалалық кәсіпкерлер палатасы бұл істі соңына дейін жеткізбек.
Фархат Әміренов