Сенбіде сәті түсіп, джиу-джитсу спортынан Дархан Нартаевтың алтынмен апталып, Ризат Мақашевтың қола жүлдеге қол жеткізгенін жазғанбыз. Енді бүгінгі күнді атүсті қорытындылап, Индонезияда ел намысын қорғап жатқан қыз-жігіттеріміздің нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтейік.
Каратэден ең ауыр салмақта (+84 келіде) бақ сынаған Данияр Юлдашев ел қоржынына 26-шы қола жүлдені салды. Ол әуелі Таиланд тарланынан басым түсті (6:2). Ширек финалда Макао спортшысын бір ұпай айырмасымен ұтты (4:3). Жартылай финалда Вьетанм үмітімен 6:6 есебімен тең түскен. Алайда қосымша көрсеткіштері арқылы финалға қарсыласы шықты. Ал қола жүлде үшін өткен кездесуде Данияр Иордания спортшысынан 7:2 есебімен басым түсті.
Бүгін жеңілатлеттер арасындағы сайыстар мен жарыстар басталып, отандық "Спорт падишасы" өкілдері ел қоржынына бір қола жүлде салды. Ядро серпуден ерлер арасындағы сында Иван Иванов үшінші орынға ие болды. Көрсеткіші – 19,40 метр.
Жалпы, жеңіл атлетикадан бірнеше қашықтықта іріктеу сындары өткен. Әйелдер арасындағы 100 метрлік жарыста Ольга Сафронова мен Виктория Зябкина жартылай финалға шықты. Ертең таңертең әуелі жартылай финалдық, одан кейін финалдық бәйгелер өтіп, жүлдегерлер анықталады. "Ел қоржынына екі жүлде түссе" деп, дәмеленіп отырған жайымыз бар...
Нысана көздеу спортындағы екі жігітіміз финалға шыққан. Тапаншамен 10 метрден жылжымалы нысана көздеу сайысында Бақтияр Ыбыраев пен Расим Мологлы 5-6 орындарға жұптарын жазбай орналасты.
Су добынан ерлер арасындағы дода басталып, Қазақстан ұлттық құрамасы алғашқы ойынын өткізді. Ватерполшы жігіттеріміз бүгін таңертең Оңтүстік Корея құрамасымен кездесіп, 16:9 есебімен басым түсті.
Жағажай волейболынан Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова ширек финалда Қытай қыздарын ұтып (2:1), жартылай финалға шықты. Ал волейболдан әйелдер арасындағы ұлттық құрамамыз Қытай қыздарына қайрат көрсете алмай, үш партияда ұтылды. Есеп – 0:3 (14:25, 15:25, 11:25).
Сонымен, ХVІІІ жазғы Азия ойындары бел ортасына жетіп қалды. Қазақстан спортшылары әзірше 4 алтын, 7 күміс, 27 қола медал еншілеп, жалпы командалық есепте 11-орында тұр. 38 жүлдемен ондыққа ілігудің өзі мүмкін болмай тұр. Өйткені, алтынымыз – аз.
Маруан Түсіп