Жетпіс жыл жаңартылмаған қазандық

Өскемен қаласының тұрғындарын үрейлендіріп отыр.

Жетпіс жыл жаңартылмаған қазандық

Қылышын сүйретіп қыс келіп қалғанда Өскемен қаласында жылу энергиясының тапшы екендігі анықталды. Мәселені шешу үшін жаңа қазандық қажет. Ал оны сатып алатын қаржы жоқ.

"Жылу энергиясын тұтыну көлемі сағатына 250 гигакалорияға жетті. Алдағы уақытта "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша үш аудан бой көтереді. Сол кезде қазіргі тапшылық бірнеше есеге артады. Осының алдын алу үшін жаңа жылу қазандығын салу керек. Ойымыздағы жоспар жүзеге асса, алдағы бірнеше жылдың мәселесі шешілер еді", – дейді қала әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев.

Шаһардағы кейбір жылу қазандықтары 70 жылдан бері жаңартылмаған. Ал жылу компаниясы өз бетінше жаңа қазандық сатып ала алмайды. Дәл қазір жаңа қазандыққа қажетті қаражат қашан, қайдан, қалай табылатыны белгісіз. Белгілісі қыр астында қыс, қыс артында үлкен қауіп тұр.

"Өскемен жылу-электр орталығында 1947 жылы орнатылған қондырғылар бар. Біздіңше, пайдасы жоқ турбиналы генераторларды жөндей бергенше, жаңа қазандық орнатқан әлдеқайда тиімді, – деді облыстық мәслихат хатшысы Владимир Головатюк.

Ал Согра елді мекеніне жылу тарататын "Cогра" жылу электр орталығы тұтынушылардан қарызын жинай алмай жүр. Орталық директоры Игорь Ким көмірдің бағасы мен теміржол тарифінің қымбаттауы кәсіпорынға ауыр тиіп тұрғанын алға тартуда.

"Бір жылда амалсыздан тарифті екі рет көтердік. Тұтынушылардың берешегі күн өткен сайын өсіп жатыр. Бір ғана жылыжай компанияға 120 млн теңге қарыз. Келешекте "Азия Авто" кәсіпорнының зауыты іске қосылып, өндіріс қалашығы пайда болса, жағдай мүлде қиындайды", – деді Игорь Ким.

Тығырықтан шығу жолын іздеу барысында Шығыс Қазақстан облысы баламалы қуат көздеріне назар аудара бастады. Қазір мамандар "EXPO-2017" көрмесінде таныстырылған шетелдіктердің 14 жобасын түбінде қолданысқа енгізу үшін жан-жақты зерттеп жатыр.

Айта кетейік, болашақта Зырян ауданындағы Тұрғысын өзенінің бойына екі су электр стансасы, Жарма ауданына екі жел стансасы мен бір күн электр стансасы салынады деген жоспар бар. Ұлан ауданының Тайынты өлкесінде де жел электр стансасы бой көтеруі мүмкін.

Әзірше қала басшыларына жылу қазандығының мәселесін шешу қажет болып тұр. Ал қарапайым халық үрей құшағында отыр. Олар қыстың көзі қырауда жылу қазандығы істен шықса, қайда барып кімге шағымданатындарын және кімнен көмек сұрайтындарын білмейді. 

Есімжан Нақтыбайұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу